Page 42 - Альбом
P. 42
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Тұрбат елдімекенінде орналасқан. ХІV ғасырда Тұран
билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Ысмайыл ата, Ысқақ ата мазарына кесенелер тұрғызылды.
Аталмыш әулиелердің атағы Қорасан, Мәуренахр, Түркістан өңіріне кеңінен тараған. Заманында
Абдрахман Жами, Әлішер Науаи, Фахриддин Али Кашифий, Қожа Ахрар сияқты ұлы ғұламалар
Ысмайыл ата, Ысқақ ата туралы жазбалар қалдырды.
Ысмайыл ата, Ысқақ ата туралы ХІХ ғасырда Қазығұртта туып-өсіп, заманында болыс болған
Молда Көбей Тоқболатұлы жазды. Ол жазба шығыстанушы, этнограф-ғалым Әбубәкір Диваев арқылы
орыс тіліне аударылып, кітапқа басылып бізге жетті.
ХХ ғасырдың соңында белгілі жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов та осы тарихты көтеріп, Ысмайыл ата
және оның ұрпақтары, әсіресе оның атақты ақын ұрпағы Атаий туралы еңбек жазды.
Исмайл ата кесенесінің оң жақ беткейінде ескі мешіттің орны сақталған. 1930-1940 жж. ескі мешіт
орны бұзылып, кірпіштері басқа нысан құрылыстарын жүргізуге жұмсалғандығын жергілікті көнекөз
қариялар жеткізді. Соңғы жылдары шырақшылар ескі мешіт орнынан жерасты құрылыстардың орнын
байқаған. Зерттеу нәтижесінде жерасты құрылыстары Түркістандағы Құмшық ата жерасты мешітіне
ұқсастығы анықталды. Екі жапсарлас салынған жерасты бөлмелері оған жалғанған ғарға ұқсас бөлмені
байқауға болады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында таулы аймақта қыс мезгілінде жердің тоңы
қалың болғандықтан, жергілікті тұрғындар жерасты құрылыстарына мәйітті көктемге дейін сақтаған.
Көктем шыға Исмайл ата маңындағы қорымға жерасты құрылысында сақталған мәйіттерді қайта
жерлейтін болған. Жерасты мешіттерінің кірпіштері Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
кірпіштерінің көлеміне ұқсас. Өлшемдері 25 см х 25 см.
Қатар салынған екі жерасты бөлмелерінің өлшемдері: ені 1 м 60 см, ұзындығы 5 м 10 см, ал ғар
бөлмесіне ұқсас жапсарлас бөлменің өлшемі 1 м 50 см х 1 м 50 см құрайды.
Зерттеу нәтижесінде сопылардың 40 күн бойы Аллаға мінәжат етіп, зікір салатын орны болуы керек
деп топшылаймыз. Жерасты құрылыстарына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
42