
Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, Қазақ хандығының саяси әрі рухани астанасы болған көне шаһар. Стратегиялық маңызы зор бұл қала ортағасырлық қалаларға тән үш негізгі бөліктен тұрған: Цитадель, Шахарстан және Рабат. Қаланың Цитадель мен Шахарстан бөліктері айналдыра қорған-қамалмен қоршалған. Бұл құрылымдар жайлы мәліметтер әр кезеңдегі жазба деректер мен тарихи карталарда нақтыланған.
Түркістанда жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде қамалдың қақпалар жүйесі мен мұнараларының орындары анықталып, қалпына келтірілді. Археолог Е. Смағұлов пен М. Тұяқбаевтың зерттеулеріне сүйенсек, Түркістан шахарстанының қорған-қамалы үш тарихи кезеңнен өткен:
Бірінші кезең – Ясы-Күлтөбе қаласы (б.з.д. III ғ.) Бұл кезеңде қаланың аумағы шамамен 10 гектар болған. Шахарстан қамалы сол уақытта 2 гектар аумақты қоршаған. Археологтар бұл кезеңді Түркістанның алғашқы қалыптасу дәуірі ретінде бағалайды.
Екінші кезең – XIV–XVIII ғасырлар
Бұл кезеңде қаланың аумағы кеңейіп, 36 гектарға жеткен. Шахарстан қамалының солтүстік-батысында және оңтүстік-шығысында үш-үштен алты қақпа орналасқан. Бұл уақыт Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бой көтеруімен және Түркістанның Қазақ хандығының саяси, рухани орталығына айналуымен ерекшеленеді.
Үшінші кезең – XVIII–XIX ғасырлар
Бұл кезеңде қамал ұзындығы 3,5 шақырымға дейін ұлғайып, қала 80 гектардан астам аумақты қамтыған. Қорған-қамал сырты су толтырылған ормен қоршалған. Ордың тереңдігі 6–7 метр, ені 10 метрге дейін жеткен. Бұл орларға су Тастақ, Баулық және Дарбаза арықтары арқылы тартылып, қаланы сыртқы жаудан қорғау міндетін атқарған.
Соңғы Шахарстан қамалы XIX ғасырдың бірінші жартысында тұрғызылған. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы тарихи-мәдени панораманы ашық күйде сақтау мақсатында қамалдың тек іргесі ғана қалпына келтірілген.
Ағаділ Тұрсынов, кіші ғылыми қызметкер.