
Түркістан қаласы көне дәуірдегі қазақ қалаларының біріне жатады. Оның атымен байланысты орта ғасырлық Қазақстан және Орта Азия тарихындағы біршама белгілі саяси оқиғалар жазба деректер беттеріне түскен. Түркістан қаласы тарихымен Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық екі қаласы – Шауғар (Шойтөбе) мен Ясының (Күлтөбе) тағдыры тығыз бйланысты, олар Түркістан оазисінің белгілі бір тарихи кезеңдерінде әкімшілік және экономикалық орталақтары болған. Зерттеушілердің пікірінше, алдымен оазистегі басты қала Шауғар, сонан соң Ясы қаласы болғандығы айтылады.
ІХ-Х ғғ. жазба деректерден қазіргі Түркістан қаласы мен ауданы орналасқан жерде Шауғар атты орталық қаласы бар аймақ болғандығы белгілі. Шауғар ҮІ-ХІғғ. аралығында бұл өлкенің басты қаласы болып есептелді. Оған басқа ұсақ қалалар мен қоныстар, сонымен бірге, аймақтың болашақ орталығы – Ясы да бағынған.
Х ғасырдағы араб географтарының деректерінде, ол Отырар аймағындағы Кедер қаласынан бір күндік жерде, «Шавгар – бекіністі қала, базар маңында мешіті бар» деп сипатталады. «Қазақстан тарихында» ол жайлы: «Шауғар Түркістанның батыс шығысында 8 шақырым жерге орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған. Соғд тілінен аударғанда ол «Қара тау» деген мағынаны білдіреді. Қаланың Қаратау етегінде орналасуы Шойтөбенің Шауғарға балануына қосымша дерек бола алады» делінген.
Шауғар-Шойтөбе қалашығы Түркістан қаласының оңтүстігінде 7 шақырым жерде орналасқан. Географиялық координаттары: 43°14,451′, 068°17,622′. Теңіз деңгейінен биіктігі — 220 м. Төбе 400х275 м. көлемінде батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Қалашықтың рабадымен қосқандығы жалпы ауданы — 8,1 га.
Қалада 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (К.М.Ақышев), 1986 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының ескерткіштер шежіресінің экспедициясы (К.М.Байпақов) зерттеулер жүргізген. 1990 жылы қала цитаделінде Л.Б.Ерзакович Л.Б.жетекшілігімен жүргізілген зерттеулер барысында 700 м² археологиялық қазба орны ашылды. 1996 – 2018 жж. аралығында Түркістан археологиялық экспедициясы (Е.А.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев) зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Шауғар-Шойтөбе қаласы 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №604 санды нөмірімен енгізіліп, мемлекет қарауына алған. Жалпы қорғау аймағы — 15,2 га.
Талғат Өсеров, “Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының археологы.