МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Дарбаза қақпасы – Түркістанның тарихи кіреберісінің бірі

Дарбаза қақпасы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен солтүстік-батысқа қарай 400 метр қашықтықта орналасқан, Түркістанның тарихи төрт қақпасының бірі. Бұл қақпа 1885 жылы басылып шыққан «Живописная Россия» атты кітапта жарияланған литографиялық сурет негізінде қайта қалпына келтірілген.

«Дарбаза» атауы — қала маңындағы Жіңішке каналынан тартылған үлкен арыққа байланысты қойылған. Бұл арық арқылы қаланы қоршаған орға су құйылған. Сонымен қатар, «дарбаза» сөзі парсы тілінен аударғанда «қақпа» деген мағына береді. Нұртас Оңдасыновтың «Парсыша-қазақша» сөздігінде «дәруаза-дарбаза – ашық есік, қаланың, бекіністің үлкен қақпасы» деп көрсетілген.

Қала қақпалары, негізінен, екі жаққа ашылатын кең де биік дарбазалардан тұрған. Дарбаза қақпасы – Түркістанның солтүстік қақпасы. Ол арқылы кесене құрылысына қажетті әк, ғаныш, Сауранның тұзсыз таза саз топырағы мен күйдірілген кірпіштері, Қаратаудың қорғасыны, тас көмірі және бояулы қыш жасауға арналған минералдар мен металдар тасылған. Сонымен қатар, бұл қақпа арқылы Сарыарқадан құрылысшыларға азық-түлік, ет, мал майы жеткізілген. Осы себепті де ол аса маңызды қақпа ретінде танылған.

Алғашында Түркістанға келетін керуен жолдарының соқпағы ретінде пайда болған қала қақпалары уақыт өте келе сол жолдар бойына салынған тұрғын үйлер, мейманханалар, дүкендер, асханалар мен шайханалар арқылы үлкен магистральді көшелерге айналған. XV ғасырда 34 гектарлық аумақта қалыптасқан қаланы қоршау мақсатында салынған қамал-қорғандарда осы негізгі жолдардың бойына қақпалар орнатылған.

1951 жылғы қала жоспарына сәйкес, Түркістан қаласының XV ғасырдағы көк сызықпен белгіленген шекарасы мен қақпалардың орны көрініс табады. Ал қызыл сызықпен ХІХ ғасырда Қоқан хандығының 1843–1849 жылдары қайта тұрғызған 88,7 гектарлық қорған шекарасы көрсетілген. Бұл қорғандарда төрт негізгі қақпа (№1, 3, 4, 5) және мұнарасыз екі ойық тәрізді жаппалы есік (№2, 6) салынған. №5 нөмірімен белгіленген қақпа – бүгін сөз етіп отырған Дарбаза қақпасы.

Дарбаза қақпасының тарихи орнын XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басына тиесілі қала картасынан да көруге болады. Сол картадағы №5 қақпа – осы қақпа.

Қақпаның қазіргі жағдайына келсек, 2009–2010 жылдары «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бастамасымен Дарбаза қақпасы қайта қалпына келтірілді.

Б.Құрбан, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау инспекторы.

Алдыңғы ақпарат

Түркістан маңындағы қола дәуірінің археологиялық ескерткіштері

Келесі ақпарат

СӘНДІК БҰЙЫМНЫҢ БІР ТҮРІ – ТАНА ТУРАЛЫ ТҮСІНІК