ЯСАУИ МҰРАСЫ ДӘРІПТЕЛУДЕ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпаратқолдауымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК және Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) бірлесіп ұйымдастырған «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» тақырыбындағы халықаралық конференция жұмысын бастады.
Халықаралық ғылыми жиынға Франция, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан мемлекеттерінен және отандық ясауитанушы-ғалымдар қатысып жатыр.
Конференцияны Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) бас ғылыми қызметкері, текстолог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Муминов жүргізіп отырды. Алдымен сөз кезегін алған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры М.Садықбеков алыс-жақын шетелдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдарға алғысын білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тілеп, ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұраларының адамзат тарихы үшін алар орны ерекше екендігіне тоқталды. Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) директорының орынбасары, профессор Ж.Томар аталмыш орталықта Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ұлы дала төсіндегі қалалар мәдениетіне қатысты жеке зерттеулерді жарыққа шығарып жатқандығын тілге тиек етті. Музей-қорық кітапханасына сиясы кеппеген кітаптарын сыйға тартты. «Сыйға сый» демекші, музей-қорық директоры М.Садықбеков Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығына (IRCICA) музейдің баспа өнімдерін сыйлады. Сөз кезегін алған Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаев конференция жұмысына сәттілік тілеп, Түркістан облысы Түркия Республикасының кинорежиссерларымен бірлесіп, Қожа Ахмет Ясауидің өміріне қатысты кино түсіру бойынша жұмыстардың атқарылып жатқандығын баяндады.
Одан соң Франция Республикасы Ғылым Академиясының қызметкері, профессор Т. Заркони, Өзбекстан Республикасы Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің доценті, Х.Джалилова, Түркия Республикасы Мармара университетінің профессоры Н.Тосун, Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, доцент М.Фархшатов, «Манас» Қырғыз-Түрік университетінің доценті, Б. Мурзарайымов конференция жұмысына сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларына жылы лебіздерін жеткізді.

 

Алдыңғы ақпарат

ТҮРКІСТАН МЕН ШУША ҚАЛАЛАРЫ АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСТІ

Келесі ақпарат

«Жібек жолы: Ферғана –Сырдария дәлізі» тақырыбындағы кеңес