Рабия Сұлтан Бегім кесенесі

XV ғасырдың тарихи-сәулет ескерткіші. Республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығыс бетінде 60 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.830΄, 068˚16.317΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 220м. Рабия Сұлтан Бегім Темірдің ұрпағы, атақты астроном ғалым Ұлықбектің қызы, Шайбанилік Әбілхайыр ханға ұзатылған, Көшкінші және Сүйінші хандардың анасы, Әбілхайыр хан қайтыс болған соң 16 жыл Түркістанда өмір сүреді және осында қайтыс болады. Арнайы салынған кесенеде өзі, ұлы және үш немересімен қоса жерленген. Оның құлпытасында: «Бұл құдіретті Әмір-Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті ұлы сұлтан Ұлықбек көрегеннің қызы, ақсүйек, Құдай кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жанды Рабия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген сөздер жазылған. Кесененің қасбеті сүйір ұшты биік арка түрінде жасалған. Биіктігі 20,6 метр, қасбетінің жалпы ені 11 метр. Кесененің аркасы 6 метр, айнала орналасқан қырларының арақашықтығы 3,5метр. Орталық бөлігі цилиндр тәрізді биік барабанға орнатылған күмбезбен жабылған. Мазар негізінен 5 бөлмеден тұрады, орталығында орналасқан 8 қырлы зал, және төрт бөлмесі бар. Басқа да қасбеттері 5 ойықтан арка түрінде әр қасбетте орын алған. Ескерткіш біздің уақытқа дейін өте қатты қираған қалпында жеткен. Археологиялық зерттеулер кезінде табылған үлкен көлемдегі майоликалық және глазурлік плиталар табылуы ескерткіш толығымен полихромдық қаптаулармен жабылған деген пікір айтуға негіз болады. Ескерткішке 1954 жылы алғаш зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым К.А.Шаурин болды. 1980-ші жылдардың бас кезінде толығымен қайта қалпына келтірілді. 1994 жылы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.6 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.