Үкаш ата мазары мен құдығы (ІХ-Хғғ.)

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым, Бабайқорған ауылдық округының солтүстігінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Координаттары: 43˚36.917΄, 068˚15.712΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 451м. Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар. «Үкаш-ата» туралы  халық арасында аңыз-әфсаналарда хз.Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сақабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша Үкаша ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін  қасиет дарыған алып денелі, батыр болған. Заманындағы дін жаулары Үкаша атаны өлтірмeкке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болады. Соңында жұбайын алдап-арбап, Үкашаның қылыш шаппас денесі намаз үстінде ғана қорғасындай еріп, босайтынын біледі. Дін жаулары Үкашаның басы намаз оқып тұрған жерінде шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалай кетіп екі қырдан асып барып жер астына түсіп кетеді. Халық арасында  құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәм-зәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар.  Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі  4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25м құрайды. Осы құдықтың басында барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зиаратқа ағылып келіп жатады. Қазіргі кезде Үкаша ата мазарына көптеген зияратшылар келеді. Бізге келіп жеткен аңыз құдықпен байланысты. Құдықтан су біреуге шығады, біреуге шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зиараты, тілегі қабыл болды деп түсінеді. Пайғамбар сахабасы Али р.ғ. Мұхаммед ғ.с-нің алдында жүретін қорғаушысы болса Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған. Мұхаммед ғ.с. өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болды» дегенді айтады. Үкашаның басын қылыш кескен кезде 23 метрдей жерге қаны шашырайды. Мүбарак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын  деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған. Қазіргі таңда бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын  зиярат орнына айналған. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған. Жалпы жер көлемі 90 га.