Гауһар ана кесенесі (ХІІ-ХІVғғ.)

Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚15.762΄, 068˚17.159΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 174м. Алғашында бейіт түріндегі шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан қаланған, жанынан зиаратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс болған. Гауhар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ. Дегенмен Ахмет Ясауидің 1101-1103жж туылғанын, 20 жасында үйленгенін есепке алсақ, Гауһар ана шамамен 1122-1124жж. туылған болып шығады. 1167ж. Гауhар ана 43 жаста еді, бұған тағы 20-30 жылды қоссақ шамамен 1187-97жж.дүниеден озған деп жорамалдауға болады. «Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар бас қор сақтаушы, кейіннен мұражай директоры болған О.Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша Гауhар ана қайтыс боларында «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар»-деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибраһимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Гауhар ананының сағанасы жөнінде О.Дастанов ақсақал біраз ауызша берген дерегінде: «Біздің үйіміз Гауhар анаға жақын маңда болатын. Менің 5-6 жасар кезімде шешем жетектеп ертіп барып Гауhар анаға құран оқып, зиярат ететіні жақсы есімде қалыпты. Гауhар ананың басында күйген кірпіштен қаланған кесенесі бар болатын, келбеті қазіргі Рабия Сұлтан Бегім кесенесіне ұқсас, бірақ кішігірім ғана еді. Күмбезі де көгілдір қышпен қапталған, бірақ жартысы құлап қалған, кесененің өзі төрт бұрышты болып келген өте ескі еді» -дейді. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған. 2014-2015жж. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының бастамасымен Гауhар анамыздың басына кесене тұрғызылды. Кесене өлшемдері биіктігі – 9м, төрт жағының өлшемдері -6м, порталды, бір жаппалы құрылыс. Жалпы жер көлемі 8,0 га.