Сауран қаласы (ХІІІ-ХІV-ХVІІІғғ.)

Түркістан қаласынан солт.батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Көне Қаратөбе-Сауран қаласының өмірін жалғастырған қала. Координаттары: 43˚31.106΄, 067˚46.337΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 207м. Сауран туралы алғашқы жазба деректер Х ғасырда әл-Истахридің «Книга путей стран», одан кейін 976 жылы жазылған араб географы ибн Хаукалдың шығармаларында кездеседі. ХІІІғ. ортасында Гетум патшаның бағыттауыш сызбасында да аталынған. Бірақ, бұл мәліметтің барлығы Сауран қалашығынан оңт-шығысқа қарай 3,5км жерде орналасқан Қаратөбе-Сауран қаласына қатысты, ол ІV-Vғғ. мен ХІҮғ. басында өмір сүрген ерте ортағасырлық Сауран қаласы болған. Дәл осы тұста қала жаңа қонысқа көше бастайды. Жаңа қала солтүстіктен оңтүстікке қарай 850м, шығыстан батысқа қарай 660м созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Оған солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Бұл Сауран қаласы көршілес орналасқан ерте және дамыған орта ғасырлық Қаратөбе-Сауран қаласының өмірін әрі қарай жалғастырушы мекен болып табылады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360м. Биіктігі 3-6м қамал кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында биіктігі 6м. Керамикасы ұқсастық жағынан Түркістан, Отырар керамикаларымен сәйкес келеді. Сауран қаласын 1867 жылы И.П.Лерх, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан Археологиялық Экспедициясы (А.Н.Бернштам) зерттеген, 1967 жылы (К.А.Ақышев), 1986 жылы Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-зерттеу институты зерттеген. 1999-2011жж. аралығында ТАЭ (Е.Ә.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев) кезең-кезеңмен зерттеу жүргізді, 2005-2009жж. аралығында ХҚТУ (М.Елеуов), Археология институты (К.М.Байпақов) ОМҚМ (Н.Алдабергенов) мамандары да қатар зерттеу жүргізді. 2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Сауран қаласының солтүстік қақпасы, Бас көшесі, медресесі, мешіті және ханакасы қайта қалпына келтіріліп тұмшаланды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №636 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Жалпы қорғау аймағы 50 га.