ЖӘНІБЕК ЕСІМҰЛЫ

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Жәнібек Есімұлы – XVII ғасырдағы қазақ ханы. Орыс деректерінде оның лауазымы «царь» деп аталады. Шығыс деректерінде есімі Джанибек, орыс деректерінде Яныбек деп жазылған.

Туылған жылы белгісіз. Шығыстанушы Т.И.Сұлтановтың пікірінше, Жәнібек хан XVII ғасырдың 40-жылдарының басында ойраттармен болған кезекті шайқастардың бірінде қаза тапқан [Султанов, 2001. С.222]. И.В.Ерофееваның пікірінше, Жәнібек хан Қазақ хандығында 1628 жыл мен XVII ғасырдың 40-жылдары жоғары билікті иеленген [Андреев, 1998, комментарии № 50. С.245]. Сонымен ол хан болған жылдар - 1628\ 29-1644\45.

Жәнібек - Есім ханның перзенті, тарихшылардың болжамы бойынша оның үлкен ұлы [Султанов, 2001. С. 222]. Ол қазақ хандарының Жәдік әулетінен тарайды. Деректерде балалары туралы мәлімет жоқ.

«Бахр ал-асрар» атты шығыс дерегінде 1611 ж. Есім хан Орта Азияның бір бөлігін басып алғанда Жәнібек сұлтанды Маураннахрдағы алты иеліктің бірінің бас қаласы болып табылатын Сагарджа шахарына әкім етіп тағайындаған. Жәнібек хан Қазақ хандығына шығыстан үлкен қауіп төндіріп тұрған ойраттармен көп соғысқан.