ЕСІМ ХАН КЕСЕНЕСІ

ЕСІМ ХАН КЕСЕНЕСІ – ХVІІ ғасырдың тарихи-сәулет ескерткіші ретінде Республикалық мәртебеге ие. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс мұнарасынан 12 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.835΄, 068˚16.275΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 219 м. Ортағасырлық сәулеттік ескерткіш жартылай қалпына келтірілген, бейіттің биіктігі 3,2 метр, ені 8,9 метр. Есім хан – ортағасырдағы Қазақ елінің ірі саяси қайраткері. Қазақ елінің жадында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген өжет рухтың символындай болған өшпес атын қалдырған тұлға. 1628 жылы қайтыс болған. «Есім ханның бейіті» деп археолог Г.И.Пацевич 1960 жылы жазған. Мазар жобасында үлкен емес квадраттық құрылыс болып келеді. Басты қасбеті портал түрінде сақталған. Қасбетінде геометриялық орнаменттер орын алған глазурлік плиткалармен безендірілген. Едені квадраттық кірпішпен төселген. Сағананың қабырғалары мен күмбезінде сыланған іздері табылмаған. Мазардың конструктивтік әдістері сақталынып қалған бөлігі аймақта тараған жерлеу құрылыстарының кең түрдегі жүйесін көрсетеді. Бейіттің жоғары бөлігі толығымен қиратылып тек төменгі мүрдеханасының орны ғана сақталған. Алғаш рет 1958 жылы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 1980 жылдары жартылай қалпына келтірілген. 1994 жылы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.7 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.