ТҮРКІСТАНДА ТАЙҚАЗАН

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат – қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан. Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп, қолымен ұстап көруге әркім-ақ құмар. Тайқазанды 1399 жылы Ясы қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Қарнақ елді мекенінде Ұста Әбділәзиз ибн Шараф-ад-дин Табризи құйған. Ұлы қолбасшы Әмір Темір түркі ақыны, ислам дінінің уағыздаушысы Қожа Ахмет Ясауидің шағын екі бөлмелі мазарының үстіне сәулет ғимаратын тұрғызғаннан кейін тайқазан мен шырағдандарды сыйға тартқан.

Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр. Диаметрі – 242 см, биіктігі 162 см. Аңыз бойынша құрамы мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір сынды 7 түрлі металдан жасалған. Қазанның барлық бөліктеріндегі металл құрамы біртекті емес. Металл құрамы толық анықталмаған. Тек үлкен 10 тұтқасының біреуінің сынған ұшына жасалған сараптау нәтижесі көрсеткендей мыс пен мырыштан тұратын латуннан құйылған. Ішкі бөлігінде ешқандай ою-өрнек, жазу тағы басқа да белгілер жоқ. Қазанның бірнеше бөліктен құйылып, құрастырылғандығын сыртындағы сызат орындарынан байқауға болады.

Тайқазанның сыртқы бөлігі өрнектелуі бес бөліктен тұрады.  Бірінші жоғарғы бөлігінде қазанды айнала сулус қолтаңбасымен Құран Кәрім аятынан үзінді жазылып, ол Пайғамбар хадисімен жалғасады, одан соң қазанның кімге арнап жасалғаны, аяқталған жылы берілген. Екінші қатар ірі он кубба (емшек) және он өрнекті тұтқа арқылы жиырма картушка бөлінген. Оның қатар орналасқан екі бөлігіне сулус қолтаңбасымен шебердің өз аты-жөні жазылған болса, қалған он сегіз бөлігінде куфи жазу үлгісімен парсы тілінде тілек сөз берілген. Үшінші қатарда Құдайдың Құдыреті жайлы ескерту куфи жазу үлгісімен 22-рет қайталанып жазылған. Төртінші қатардағы қазанның бүйір бөлігінде тұтқа өрнектеріне ұқсас үлкен жапырақ түріндегі он ою бедерленіп, жиырма кіші кубба орналасқан. Қазанның сыртындағы томпақтар саны барлығын қосып есептегенде 30 дана. Тайқазан көбею белгісі ана кеудесін бейнелейтін «жапсырма томпақтармен» безендірілген. Бұл ғылыми зерттеулерде «кубба» деп кездеседі. Арабтың «кубба» сөзі «күмбез» дегенді білдіреді. Күмбездің ұштарына орнатылатын керамикалық шошақтарды осылай атаса, ыдыстардың шығыңқы томпақ өрнектері мен құмандардың күмбез тәрізді дөңес қақпақтары да осылай аталған. Бесінші бөлігі қазанның аяқ тұғырымен шектеседі. Онда қиылысқан доға сипатындағы өрнектер түсірілген.

Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз де құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді.

Мұндай алып қазандар, заманында билеушілердің, лауазымды әскер басылардың қабіріне қойылатын болған. – «Бұл қәбір иесінің ауқатты, жоғарғы топтпан болғанынан хабар береді», – дейді ғалымдар.

Қазан сыртындағы үш қатар жазулардың төменгі жағында орналасқан отызға жуық томпақтарды ғалымдар «Куббалар» дейді. Халық арасында болса, мұны «қазанның емшектері» деп атап кеткен. Осының екінші атауы томпақтардың мәнін толық ашады, бұл Ұмай анаға сиынған сақ тайпаларының ұғымында өмірдің шырағы, шаңырақ отын тұтатушы, ұрпақтарды жалғастырушы болып табылатын анаға бас июдің, үлкен құрметтің көрінісі.

Қазақстан мен Қырғызстанның аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар барысында табылған қазандарды ғалымдар екі түрге бөледі.

Біріншісі — «сақтық», конусты қазандар, екіншісі тұғырсыз қазандар. Түркістандағы «сақтық» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, дәуірлерінен бері жалғасып келген дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары санаған түркі халықтары үшін қазан береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған. Мұндай түсінікті ауыз әдебиетін нұсқаларымыздың беттерінен көп кездестіруге болады. Мысалы, дауылпаз ақын Махамбеттің шығармаларында «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп келетін жерлері бар. Ал, төңкерілген қазан болса керісінше, нәубеттің, қасіреттің образы болып есептелген.

Бір шаңырақтың қазаны күнде кешке қайнап жатса, бұл сол елде соғыстың жоқтығы, тыныштықтың белгісі ретінде бағаланса, онда буы бұрқырап жілік-жілік еттің пісіп жатқаны сол елдегі тоқшылықтың, молшылықтың белгісі саналған. Халық арасында бұл түсінік әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Ал, Геродоттың келтірген мына бір қызық мәліметіне қарағанда мұның мәні тіпті тереңде екенін аңғаруға болады, – «Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әр қайсысына садақтарының бір-бір ұшынан алып келуді бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырды». Көшпенділердің жорық кезінде алып жүретін үлкен қазандары болғаны белгілі. Бірақ, мына қазанның жасалуы да, қызметі де ерекше, мұны жасауға сансыз жауынгер қатысып, әрқайсысы өз үлесін қосқан. Алып келген садағының ұшы қазанның бөлінбес бөлшегіне айналғандай, өзі де осы тайпаның сондай бөлшегіне айналып, тайпаның бірлігінің, беріктігінің кепіліне айналып отыр. Бұл, кез-келген нәрсенің байыбына жете барып, қәдірін терең ұғынған сақтардың табиғатына тән құбылыс.

Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарында жазылған Құранның “Тәубе” сүресінің он тоғызыншы аятынан және Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен оның суға арналғандығын аңғаруға болады. Аят: «Сендер, зияратшылардың шөлін қандырғанды, мешіттерді жөндеуді; Аллаға, ахирет күніне сеніп, және Алла жолында соғысқан кісі сияқты көресіңдер ме?» десе, хадисте «Айтты Пайғамбар (оған Алланың нұры жаусын): Алла жолында құдық қаздырып, мешіт салғандарға ол дүниеде Алла үлкен хауз орнатады» делінген. Бұл жердегі әңгіменің астары сөзсіз, адамға «қызмет» туралы болып жатыр. Жақсылығы өз басынан артылмаған адам Құдайға құл болып қатырмайды. Адамзат, бірін-бірі алаламай, жақсы- жамандығына, дінсіздігіне, ұлтына қарамай қолынан келген көмегін беріп кете беру арқылы ғана мінсіз қоғам құра алады деген идея жатыр. Екінші қатардағы «Әлә, Әл-мүлки Лилла» деп «куфи» қолтаңбасымен жиырма рет қайталанып жазылған сөздің аудармасы: «Байқаңдар, Мүлік Алланыкі!» делінген. Адамның қол астындағы иелік етіп жүрген мүлкінің бәрі бір Құдайдікі екендігіне дәлел оның құр алақан келіп, құр алақан кетуі болса керек. Тірі кезінде тұтынған, пайдасына асырған заттың бәрі Жаратушының адамға белгілі бір уақыт ішінде пайдалануға берген аманаттары. Аманат деп, уақытша берген біреудің затын айтады. Сонда, денсаулық, жайқалып тұрған мына табиғат, отан т.т. Құдайдың адам баласына берген аманаттары болса, оларға жасалған қиянат Құдайдың аманатына қиянат болып шығады. Ғажабы, бір-ақ ауыз сөздің астарында адамның қоғаммен ара-қатынасы қандай болу керектігі бекітілген. Халқымыздың «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңрісі бар» дейтін мақалының келтірген теңеуі мұндай түсінік дана бабаларымызға әуелден жат болмағанын байқатады. Бір аңызда, Әмір Темір қайтыс боларында: «Менің жаназамды шығарарда екі алақанымды ашып қойыңдар. Өзіммен бірге әкетіп бара жатқан ешқандай мүлкім жоғын, менің жасаған бүкіл жорықтарым, ел жаулап, олжа табу үшін емес, Құдайдың әділдігін орнату мақсатында болғанын ел көрсін», – деген екен. Содан оны балға салып, алақанын ашып қойып, өзінің айтуымен Самарқан жеріне апарып жерлеген екен.

1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты музей Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конгресіне алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-де ғана тарихи отанына қайтарылады. Бұл істе, мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті, ғалым этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн. Асқақ мәдениетіміздің заттай айғағы болған Тайқазанды осылайша басыбайлы Иран мәдениетінің еншісіне ұстатып жіберудің астарында білместіктен гөрі кезекті орталықтандырылған саясаттың лебі жатқан сияқты. Мұндай әрекет (тарихты бұрып, сананы тұмшалау) «Орыс ориенталистерінің» иығына артылған жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі болатын. Шындығында, Иранның ұсталарын жалдап, ақысын төлеп құйдырғаны ғана болмаса, жоғарыда айтқандай, бұл көнеден келе жатқан төл дәстүріміз болатын. Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз – киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.