Сауран архитектуралық-археологиялық ескерткіштер кешеніне енетін Міртөбе қоныстары

Тарихи-мәдени мұраларды қорғауда  негізгі саналатын мәселенің бірі тарихи қалаларға қазба жұмыстарын жүргізу мен оның сақталуы. Қазақстан территориясында қорғандардың күні бүгінге дейін түпнұсқа күйінде сақталынғандары сирек кездеседі. Осындай құнды ескерткіштердің бір тобы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайының тізіміндегі  Республикалық маңызы бар  Сауран архитектуралық-археологиялық ескерткіштер кешені. Аталған  кешен құрамындағы Міртөбе қоныстары  қорық-мұражай тізіміне Археологиялық мұра ретінде есепке алынған. Міртөбе қоныстары  Түркістан қаласынан солт.батыста 47 шақырым, Көне Сауран қаласынан солт.шығысқа қарай 5 шақырым жерде, биік жалдың үстіне орналасқан. Координаттары: 43˚33.506΄, 067˚48.522΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 222м. Оңтүстік бұрышында көрінісі квадратқа жақын, биіктігі 5,5 метрлік қорған-қамал орналасқан. Жалдың бетімен есептегендегі қорған көлемі – 95х85 метр, қорғанның ең биік жерімен есептегенде – 80х70м, ал ішкі етегімен есептегенде 45х45метр болады. Ескерткішті 1867ж. П.И.Лерх, 1951ж. Оңтүстік Қазақстан Археологиялық Экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1970 жылы Отырар Археологиялық Экспедициясы (К.А.Ақышев) зерттеген. Зайн-ад-дин Махмуд Васифи «Бадаи ал-вакаи» еңбегінде Сауран қаласын сипаттап, қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған кәріздер туралы айта келе, жергілікті ірі дін өкілі Мір-Араб қаржысына Сауранды сумен, көкөніспен жабдықтау үшін кәріздер салғандығы жөнінде мәлімет келтіреді. Яғни, ортағасырлық Сауран қаласын сумен қамтамасыз еткен кәріз қалдығы Мір-Арабтың есімімен байланысты Міртөбе деп аталғандығын айғақтайды.  Қамал қорғанның негізгі қақпасы оңтүстік бетінде сақталған, екінші бір қақпасы батыс бетінде, бұл сірә кішірек есік түрінде болған сияқты, батысқа қарай қорғаннан 20 метр беттегі сай түбінде, диаметрі 10м, ал биіктігі 4 метрлік төбе бейнесінде сақталған. Қорған ішінде диаметрі 4 метрлік құдық ізі байқалады, бұл құдық кәріз арқылы батыс беттегі терең сай-су қоймасымен байланысады. Қорғанның солтүстік-шығыс бұрышынан шыққан биік жал кіші «чарбағпен» жалғасқан, соған қарағанда қорған ішіндегі құдық суын шығырмен көтеріп жер асты құбырлары арқылы үлкен және кіші «чарбағтардағы» бау-бақша суарылған сияқты. Қалай болғанда да, Міртөбеден солтүстік-шығысқа қарай 11 км жерде орналасқан Майдантал ауылынан басталатын кәріз құдықтары мұнда соқпайды, ал басқа бір кәріз шығыс жағынан 260-280метр жерден Сауранға қарай өтіп кетеді. Үлкен «чарбағтан» 30-50 метрдей жерден жанамалай әр 10 метрден қазылған 43 құдық ізі көрініп жатыр, жалпы саны 50-ге жуық бұл кәріз құдықтары әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.    Ескерткіш 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша жинағына №635 санды нөмірімен енгізіліп, мемлекет қарауына алынған. Жалпы жер көлемі 15 га.