Еңсегей бойлы ер Есім

Қазақ  хандығының  негізін  қалаған  Керей  мен  Жәнібек  хандардан  бастап  Тәуке ханға дейінгі  екі  жарым ғасырдай  созылған  уақыт  ішінде  қазақ  мемлекетін 20-ға жуық хандар  басқарған. Қазақтың ұлы хандарының бірі – Есім ханға «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен.  Есім ханның  хан  ретіндегі  тарихи  тұлғасын  терең  зерделей  келе,  одан  бірнеше  ерекшеліктерді  байқауға  болады. Біріншіден,  Қасым хан мен Тәуке  хан секілді оның «Есім  ханның  ескі  жолы» атты  заңдар  жинағын  енгізуі жатады. Ал  екінші  ерекшелікке  - оның хандық билікте екі  рет болуын жатқызамыз. Басқа  елдерде хандық билікте  бір  тұлғаның  екі  немесе  одан да көп болғаны  белгілі, ал  қазақ мемлекеті  үшін  бұл  жағдай  ерекше  болып  саналады. Үшінші  ерекшелікке – Есім  ханнан  бастап Ясы  қаласы жаңа  атқа – Түркістан атауына  ие болып, Қазақ  хандығының  астанасына  айналады. Сөйтіп,  Есім  ханнан  бастап Түркістан  қаласының  киелілік  маңызымен  қатар саяси-әкімшілік және рухани  орталық ретіндегі  маңызы  артады.

Есім  хан – ХІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан  бері Дешті  Қыпшақ аумағында үздіксіз  билікте  болған шыңғыс  әулетінің өкілі. Шығай ханның баласы. Туған ағасы Тәуекел ханнан кейін ел билігін қолға алған Есім хан Қазақ Ордасын 1598–1628 жылдары басқарды. Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізді. Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел ханмен Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығы құрамына қосты. 20 мың әскерімен өзі Самарқанда қалып, Тәуекел хан 80 мыңдай әскермен Бұқараға аттанады, бірақ жеңіске жете алмады. 1599 жылы Есім хандығымен шарт жасап, Ташкент қаласы мен оның айналасын Қазақ хандығына қосып алды. Осы кезден бастап Ташкент екі ғасыр бойы Қазақ хандығы билігінде болды.

XVII ғасырдың басында Ташкент билеушісі Тұрсын мен Есім хан арасында билік үшін күрес шиеленісе түсті. Тұрсыннан жеңілген Есім хан Шығыс Түркістан билеушісі Абд әр-Рахимның ордасына кетеді. Абд әр-Рахим ханның қызы Падшаһ аруға үйленеді. Шығыс Түркістан хандығына арқа сүйеген Есім хан 1627 жылы Тұрсынды өлтіріп, Қазақ хандығының билігін қайтадан өз қолына алып, бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрады.

Есім  ханның әкесі Шығай ханға келер болсақ, оның 1580-1582 жылдары  хан болғаны белгілі. В.В.Вельяминов-Зерновтың көрсетуі  бойынша Шығай  хан ұзақ өмір сүріп, қайтыс болғаннан кейін Бұхара түбіндегі  Күміскент  қалашығындағы  Әли-ата  жанына жерленеді. Әкесінен қалған  дәстүрді Есім хан да жалғастырып, о дүниелік болғаннан кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің  жанына  жерленген.

Т.И.Сұлтанов әртүрлі  шығыс деректеріндегі  мәліметтерді салыстыра, толықтыра келе, Шығай ханның он екі ұлы болғанын  айтады. Шығай хан ұлдары ішінде бірнешеуі ғана танымал болып, жазба деректерде  кездеседі. Хан тағына келіп, қазақ елінің саяси тізгінін қолдарына ұстағаны екеу, олар – Тәуекел хан мен Есім хан. Есім ханның  нақты  қай  жылы дүниеге  келгені белгісіз, бірақ  оны  шамалап жазуға болады. Есім ханды шамамен 1560 жылдары дүниеге келген  деп есептейміз.

Деректерде Есім ханның  тек үш ұлының есімі ғана айтылады, қалғандары жөнінде мәліметтер жоқ. Оның  ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жахангер) және Сырдақ  сұлтан. Есім ханнан кейін тақты оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хандар басқарады. Атақты Тәуке хан – Жәңгір ханның  ұлы және Есім ханның немересі  болып  келеді. Есім ханның  шығу тегі ХІІІ ғасырдың басында  Шығыс Дешті Қыпшақтың ханы болған  Шыңғыс ханның  үлкен ұлы Жошыдан  бастау алса, XIV ғасырдың ортасында осы аумақта дербес  Ақ Орда деген мемлекет құрған  Орыс  ханмен  жалғасып, XV  ғасырдың  ортасында Қазақ  хандығының  негізін  салушылардың  бірі – Жәнібек ханға дейін жетеді. Есім хан 1598-1628 жылдар аралығында 30 жыл бойы ел тізгінін  қолына  ұстап, оның  тірлігі  мен тұтастығы  үшін күрескен. Жаңа  заманға  сай жаңа  қатынастарды  реттейтін құқықтық  негіз – «Есім ханның ескі жолы» атты заң  жинағын өмірге енгізеді. Есім хан ғасыр бойы сұрыпталып, орныққан осынау жол-жоралғы, әдет-ғұрып жосындарын өз заманының әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне орай жетілдіріп жүйеледі. Дау шешіліп, төрелік айту құзыретін иеленген би қазылардың оны білуі міндетті саналған. Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Есім ханнан бастап қазақтың барлық ресми хандары, сондай-ақ қарапайым халықтан шығып, өз заманында саяси, әскери, рухани, мәдени көсем бола білген тұлғалар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің  жанына  жерленеді де, қаланың ролі мен маңызын, қасиеті мен құдіретін одан әрі арттырады.