Қожа Ахмет Ясауи

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Бабалар рухын айрықша қастерлейтін қазақ жұрты үшін Түркістанның жолы мен жөнінің ерекше болуының негізгі себебі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің орналасуы десек қателеспейміз. Өйткені бұл жер тарихымызда есімдері ерекше құрметпен аталып, көптеген ел билеген хандарымыздың, батагөй билеріміздің, халқына қорған болған батырларымыздың, аты ел аузында жүрген ақылман абыздарымыз бен зердесі биік зиялыларымыздың жандары жай тапқан қасиетті мекен. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Түркістанға келген сапарында «Мен Түркістанға келген сайын ерекше тебіренемін. Мұнда исі қазақтың хандары мен сұлтандары, батагөй билері, батыр бағландары мәңгіге тыныс тапқан. Бабаларымыздың аруағы баршамызды желеп-жебеп жүрсін дегім келеді» - деп ерекше толғаныспен айтқан болатын. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айнала төңірегіне кімдер жерленген деген сұрақ кімді болса да ойландырары анық. Осы сұраққа жауап ретінде алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» қорық музейі ғылыми қызметкерлері жинақтаған деректер негізінде әлеуметтік желідегі музейдің парақшасына кесене маңына жерленген тарихи тұлғалар туралы мәліметтер жариялап отыратын болады. Бұл жұмыстың бастамасын Түркістанның күллі түркі жұртының тәу етер киелі орталығына айналуына себеп болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздан бастауды жөн көрдік

Түркі даласының төл перзенті, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ерекше тұлға, Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті өкілі. Туған жері − қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Шежірелік деректер бойынша Әзірет Әліден тарайтын арғы бабасы – Сыр өңірінде Исламды алғаш таратушылардың бірі болған – Ысқақ баб. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты мол, көкірегі ояу, көзі ашық жан болған. Анасы Мұса шайхтың қызы – Айша хатун, ал халық аузындағы аңызда – Қарашаш ана. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туысы болып келетін Арыстанбаб болды. Ол өмірден қайтқаннан кейін Ахмет 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне ден қойды. Кейін Бұхара қаласында Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде оқыды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырады. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді. Бұны Ахмет «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ», - деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берілген. Ж.Аймауытов ақынның 149-шы хикметіне сүйеніп, Ясауиды 125 жас жасаған дейді.

Тарихқа қарасақ, орта ғасыр Ислам өркениеті мен мәдениетінің ықпалы күшейген кезең екенін көреміз. Сопылық ағым да осы кезде (хижра жыл санауы бойынша VII−VIII ғғ.) кең қанат жая бастады. Сол себепті осындай аса жауапты кезеңде өмір сүргендіктен, Ахмет Ясауи өз шығармаларында адамгершілік пен имандылықты ту етті. Бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, Ахмет Йүгүнеки, Сүлеймен Бақырғани, Сығанақи, Дулати, Кердерілер секілді тек қана ақиқатты жырлайтын шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді. Қолына қалам алып, даналық сөздерін жазды.

Түркі даласы данасының XII ғасырда көне түркі тіліңде жазған «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») кітабы − оғыз-қыпшақ тілінде жазылған әдеби төл туынды. Замана шындығы, өз өмірінің бет-бейнесі, ғұмырлық тәжірибесі, Алланың ақ жолын табу мен тану үшін не істеу керек деген ой – кітапта көтерілген негізгі тақырып болып табылады.

Ахмет Ясауи аталмыш жинағында әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлады. Мұсылмандарды көркем мінезді болуға шақырды. Өмірдің жалғандығы, ақыреттің негізгі өмір екендігін түсіндіретін, бұл дүниеде жасалған әрбір іске ақыреттік сауал болатыны секілді Құранмен үндесетін ақиқаттарды тілге тиек етті. Сол арқылы түркі халықтарының ақиқатқа көзін ашып, Аллаға деген құрметін арттыра түсті, Исламға деген танымын кеңейтті. Сондай-ақ, сопылық жолдың да негіздерін дұрыс түсіндірді. Шариғат, тариқат, ақиқат, мағрифат ұғымдарының маңыздылығына тоқталды. Сопылықты - адамның өз-өзін кемелдендіруі, нәпсі құмарлығынан тазартып тәрбиелеуі, бойдағы ізгі қасиеттерін ұштауы, Исламды толық ұстанатын, таза тақуалық жолға бет бұру деп түсіндіруге болады.

Қазіргі уақытта қоғамның әрбір мүшесінің елге жанашыр азамат болып қалыптасуы, адами құндылықтарды құрметтеуі, өзге дін өкілдеріне төзімділікпен қарауы қаншалықты маңызды болса, біз сол идеялардың кешегі Ахмет Ясауи сынды бабаларымыздың мұраларынан бастау алатынына қазір анық көз жеткізіп отырмыз. Сол үшін Қожа Ахмет Ясауидің өмір тарихын, жүріп өткен жолын, сондай-ақ, ата-бабаларымыздың ислам мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесін тану – парыз. Осы орайда, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқан «Егер қазақтардың рухани тарихын жазатын болса, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруі тиіс» деген ұстанымды жетекшілікке ала отырып, бүкіл түркі жұртының мұсылман дінін қабылдауында үлкен рөл ойнаған Ясауи жолын, оның діни-ағартушылық көзқарастарын концептуалды түрде дамытуымыз қажет. Сонда ғана биік дамуға бет алған әлемдік өркениетке өз үлесімізді қоса алмақпыз.