«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ ОТБАСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖИЫН ӨТТІ

2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі – «Отбасы күні» болып бекітілген болатын. Содан бері жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде бұл айтулы күнге орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Осындай іс-шара 2017 жылдың 8 қыркүйек күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Мерейлі отбасы» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға арнайы қонақ ретінде «Мерейлі отбасы» І-ші республикалық байқауының жеңімпазы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, жазушы Елтай Бимағамбетов, 2016 жылғы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Сара Таңатарова, музей қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов ашып, айтулы мерекемен барша қонақтарды құттықтап, тілек лебіздерін жеткізді.

Іс-шара барысында «Мерейлі отбасы» байқауының алғашқы жеңімпазы Елтай ағамыз және 2016 жылғы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Сара Таңатарова отбасыларындағы тәрбие, тағылым жайлы, өздері жүріп өткен жолдарынан сыр шертіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар көпшілік қауымға атаулы кейіпкерлеріміз жайлы бейне роликтер көрсетілді.

Іс-шара соңында қорық-музей директоры Н.Ахметжанов арнайы келген қонақтарымызға риясыз алғысын білдіріп музей әкімшілігі атынан естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыстады.