ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ДИРИЖЕР «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ БОЛДЫ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне әйгілі музыкант, дирижер Зубин Мета және ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді.

Аса құрметті қонақтарды қала активі және қорық-музей ұжымы қарсы алып, белгілі композитор Зубин Метаға қазақы дәстүр бойынша шапан жауып сый-сияпаттар жасады. 

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің экскурсоводтары әйгілі қонақтарға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және музейдің құнды жәдігерлерімен таныстырды. Зубин Мета алып кесененің әсемдігімен тамсанып, ондағы орналасқан әрбір құнды жәдігерлерге арнайы тоқталып зор қызығушылығын танытты. 

Түркістан өңірін және оның қонақ келсе құшағын кең жаятын дархан пейілді тұрғындарын мен ұмытпаймын. Бұл мемлекет және оның халқы жайлы кең насихат болуы керек деп есептеймін және мен жүрген жерімде қазақ елі туралы айта жүретін боламын», - деп Қазақстанға жасаған сапарын жоғары бағалады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде: «Өнердің биік шыңын бағындырған Зубин Мета мырза еліміз жайындағы көз қарасында мәдениетіміз бен аз уақыт ішінде оған жасалған қолдаулардың мол болғандығын пайымдап, ұлтымыздың өнерге деген құрметінің жоғары екендігін жеткізді. Ал, Түркістан қаласына жасаған сапарында ол кісі осындағы құнды мұраларымызға ерекше қызығушылық танытып, халқымыздың дүниетанымының кең екендігіне тағы бір көз жеткізді», - деп атап өтті.