ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОКЕРУЕН «ӘЗІРЕТ СҰЛТАНДА»

Салқар Сарыарқаның төрінде, Қазыбек би бабамыз жайлаған Қарқаралы-Егіндібұлақ жерінде күні кеше ғана өткен, алты алашқа сауын айтқан үлкен астан бастау алып, Ұлт ұясы Ұлытау аймағын көктей өтіп, Сыр өңіріне ат шалдырған «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» Халықаралық автокеруені қасиетті Түркістан жері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келіп жетті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңғырған қоғамның өзінің тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», - деп рухани жаңғырудың маңызына баса назар аударғаны белгілі.

7 автокөлікпен шыққан 28 адамнан тұратын автокеруен мүшелері мен Қарағанды облысының ресми делегациясының сапында, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Омарбекова Рымбала, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры Оспанқұлов Ғабидолла, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Құттыбай Мирас сынды жүрегі ел деп соғатын, ұлт абыройын асқақтатуға зор үлестерін қосып жүрген азаматтар өз ықылас-тілектерін риясыз көңілмен жеткізді.