«Әзірет Сұлтанның» Төлеби ауданындағы көрмесі

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қожа Ахмет Ясауидің 850 жылдығына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ОҚО, Төлеби ауданында «Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы» тақырыбындағы көшпелі көрмесін өткізді. Көрме экспозициясына қорық-музей қорынан жетпістен аса құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің ашылуына аудан әкімі апаратының жетекшісі С.Бимурзаев, аудандық мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Әбдиев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Асылбек, мектеп оқушылары, БАҚ өкілдері мен аудан қонақтары қатысты. Сөз кезегін алған аудандық мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров көрмені ұйымдастырушыларға ерекше ыстық ықыласын білдіріп, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Қорық-музейден рухани керуенді бастап барған көрме жұмыстарына жауапты ғылыми қызметкер Б.Байболов аудан басшысына алғысын білдіріп, осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған аудан әкімі Б.Пармановқа және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Асылбекке қорық-музей директорының алғыс хатын табыстап, сый-сияпаттар жасады.

Көрменің экскурсиясын таныстырған музей экскурсоводы Т.Оразов әрбір жәдігердің шығу тарихы, ондағы жазылған сөздердің мән-мағынасын тоқталып, дүйім жұртты бір желпіндіріп тастады.