Түркістан мен Атырауды жақындатқан көрме

15 маусым күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Атырау облысы тарихи – өлкетану мұражайы қорынан ұйымдастырылып отырған «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көрменің салтанатты түрде ашылуы болды. Көрме мақсаты өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және мұражайлар ісін дәріптеу, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорындағы құнды жәдігерлерді насихаттау. Атаулы көрмеге «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ж.Әубәкір, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Р.Харипова, Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Ж.Ибрагимов, БАҚ өкілдері, қала қонақтары және музей қызметкерлері қатысты.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ж.Әубәкір көрменің маңыздылығына тоқтала келе, музейлер арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дамуына тілектестігін білдіріп, қонақтарға алғыс хат, кәдесыйлар мен музейдің баспа өнімдерін табыстады. Келесі сөз кезегін алған Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Р.Харипова Атырау елінің тарихи тұлғалар толы өлкенің күйшілер мен батырлар мекені екендігін мақтанышпен айтып, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің ұжымына өз алғысын жеткізді. Түркістан қаласы әкімі кеңесшісі Ж.Амангелдіұлы Атырау жерінен келіп отырған көрмеге ыстық ықыласын білдіріп, қала әкімінің атынан алғыс хат табыстады.

Көрме көпшілік назарына бір ай көлемінде жұмыс жасайды.