2016 жылы 13-14 қазанда өткен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жайлы жалпы мағлұматтар

2016 жылдың 13-14 қазан аралығында Халықаралық ЮНЕСКО деңгейінде 2016 жыл - «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялануы аясында, Қожа Ахмет Ясауидің қайтыс болуына 850 жыл толуына орай, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-імен бірлесе отырып, «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты v халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды. Биылғы жыл 25 жылдық тарихымызда жеткен жетістіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қайтыс болғанына 850 жыл толуы мен Егемендігіміздің 25 жылдық мерейтойы. Жалпы конференция жұмысы ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімін, кесенеде жерленген ата-бабаларымыздың өнегелі жолын  кең көлемде насихаттауға арналды.  

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

  1. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркі Ислам өркениеті (дүниетаным, рухани сабақтастық, мемлекетшілдік мәселелері) 
  2. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы: оның бүгінгі күнгі өзектілігі (қолжазбатану, тіл білімі, әдебиеттану, тарих, әлеуметтану, саясаттану мәселелері)          
  3. Мұражайлардың рухани құндылықтарды жаңғыртудағы орны (мұражай ісі, экспозиция, қор сақтау, реставрация мәселелері)
  4. Тәуелсіздік және мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктер
  5. Археологиялық және этнографиялық экспедициялар материалдары мен жетістіктері

Конференция жұмысына республикамыздағы және шет елдердегі тарих, филология, философия, шығыстану, заң салаларының ғалымдары, этнографтар мен деректанушы, тарихнамашы ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері шақырылды.

Аталмыш халықаралық конференцияға 80-ге жуық ғылыми мақалалар келіп түсті.   Данышпан Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және ілімін зерттеумен айналысып жүрген белгілі отандық ясауитанушы ғалым ф.ғ.д, профессор Д. Кенжетай (Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті) «Иасауи мәдениеті туралы мәселелер»; Ясауи хикметтерін аударуға белсене атсалысып жүрген Джонатан Трапман (ясауитанушы, зерттеуші, Гластонбери, Ұлыбритания) «Қожа Ахмет Ясауи және өмір факультеті»; т.ғ.д, профессор С. И. Иноятов (Бұқара мемлекеттік университеті, Өзбекстан) «Ахмад Ясави и Абдулхалик Гиждувоний под «куполом ислама»; ясауитанушы ғалым И.Ясауи (Стамбул, Түркия) «Yesevi ocaklari»; ф.ғ.к, доцент З.Искакова (Наманган мемлекеттік университеті, Ташкент, Өзбекстан) «Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасының жалпы адамзаттың құндылықтарды дамытудың рөлі мен маңызы» тақырыбында баяндамалар жасады. Отандық және шетелден келген ғалымдар конференцияның секциялық жұмыстарында өз баяндамаларын жалғастырды. Онда Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркі халықтары тарихы мен әлемдік өркениеттегі орны, зерттелу мәселелері, өмірі мен шығармашылығы зерделеніп, сондай-ақ, Отандық мұражай саласындағы кейбір көкейкесті мәселелер сарапталып, талданды.

Конференция соңында Қожа Ахмет Ясауи мұраларының зерттелуіне сүбелі үлес қосып жүрген ғалым, зерттеушілерге сертификаттар тапсырылды.

Конференцияны ұйымдастыру комитетінің мекен-жайы: 161200, ҚР ОҚО, Түркістан қ., Тәуке хан даңғылы 282 А үй. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы РМҚК.

Тел.: 8 (725-33) 3-23-00, е-mail: azret-sultan@mail.ru, yasauizhyly@mail.ru