«Ясауитану» байқауының тарихы

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезеңнен бастап елде үлкен мәдени, әлеуметтік қайта жаңғыру үрдісі де ұдайы жүріп жатты. Есімдері белгілі тұлғалардың халыққа қылған қызметін дәріптеу үшін олардың атымен аталатын байқаулар, сайыстар тұсауын кесті. Әсіресе білім беру салаларында өз жемісін берген мұндай шаралардың санатына «дәстүрлі Абай – Шәкәрім оқуларын», «Мұқағали оқуларын», «О.Бөкей оқулары», «Шәкәрім» шығармаларын жатқа айтушылар сайысын, «Махамбет оқуларын» жатқызуға болады. Бұл шаралардың барлығында қатысушыларға ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа айту талап етілетін және мақсаты сол арқылы жас буынның санасына ұлы тұлғалардың нақыл сөздері мен ғибратты өлең-жырларын сіңіру болды.

Осы шаралардің ізімен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ұйымдастыруымен 1998 жылдан бері «Ясауитану» байқауы, яғни Ясауи хикметтерін жатқа айтушылардың сайысы да ұйымдастырыла бастады. Байқаудың ұйымдастырылуына түрткі болған жағдай Тәуелсіздіктен кейінгі еліміздің рухани өмірінде қайта түлеу, елдің рухани қайнарларын қайта жаңғырту – Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұрасын тереңірек зерттеуге ұмтылу, дәріптеу жұмыстары болатын.

Бүгінде аталған байқау кең қанат жайып, жылдан-жылға дами келе республика көлеміндегі жыл сайын білімді де білікті шәкірттердің басын қосатын мерейлі мерекеге айналды.

Жалпы мәлімет бойынша бүгінгі таңға дейін байқауға шамамен 1000-ға жуық оқушы қатысып, өз білімдері мен бақтарын сынаған екен.

Алғашқы байқау тек қалалық деңгейде өткізіліп, оған Түркістан қаласына қарасты мектеп оқушылары қатысты. Бұл шараны ұйымдастырушылар Түркістан қаласы жастарының Әулие Бабаның өмірі жайлы мәліметтерді, хикметтерді тереңірек біліп, өнеге мен тағылым үйренулерін көздеді. Сол себептен байқауда негізінен Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жатқа айтуға баса мән берілген. Сонымен қатар оқушыларға Ясауи бабамыздың өмір жолы, рухани мұралары жөнінде сұрақтар қойылды.

Бірте-бірте байқаудың өрісі кеңейіп, 2001 жылдан бастап облыс көлемінде өткізіле бастаса, 2007 жылдан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысымен қатар Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарының оқушыларын да қамтыды. Сайысқа қатысушылар хикметтерді жатқа айтумен қатар оның мәні мен мағынасын талдауға тиіс болды.

 

2009 жылы байқаудың мәртебесі жоғарылап, алғаш рет республика көлемінде ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан 100-ден аса оқушылар қатысты. Жоғары деңгейде өткен жарыстың бас жүлдесін Атырау облысынан келген 10 сынып оқушысы жеңіп алды. Ол бас жүлдемен қоса жеңімпазға берілетін 80 000 теңгені қанжығасына байлады. Қалған жүлдегерлер де қомақты қаржы иеленді. Сайысқа қатысушылардың барлығы арнайы дипломдармен марапатталды. 2009 жылғы өткен байқау жергілікті Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік Университеті тарапынан қолдау тауып байқауда өнері мен білімін көрсеткен екі белсенді оқушыға Халықов Медет (ОҚО, Мақтаарал ауданының оқушысы) пен Ә.Әлішерге (Бәйдібек ауданының оқушысы) Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқу гранты берілді. 

 

2010 жылғы «Ясауитану» байқауы жылдағыға қарағанда, өзгеше пішінде өтті. Бұған дейінгі байқауларда оқушыларға олар жаттауға тиісті хикметтер арнайы жүйеленіп, бір ізге түсіріліп берілмеген еді. Тәуелсіздік алған жылдан бері Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің оннан астам тәржімасы кітап түрінде жарық көрсе, оқушылар қалаған кітаптарынан жаттап, қазылар алқасына жаттаған хикметтерінің тізімін өткізетін. Сол бойынша қазылар алқасы сайыскерден хикметті сұрап, оның есте сақтау қабілетін ғана тексеретін. Бұл жолғы білім бәсекесіне қатысушыларға арналып ақын, аудармашы С.Нұржанның «Әулиелер әуезі» кітабынан таңдалып алынған жиырма хикмет қорық мұражайдың Интернеттегі жеке сайтында үш ай бұрын жарияланды. Және сайыс кездейсоқ сұрау реті бойынша өткізілді. Бұл бойынша қатысушылардың есте сақтауымен қатар зейін деңгейі, зеректік қабілеті сыналды. Байқаудан топ жарып шыққан Тараз қаласының 10 сынып оқушысы А.Бақтыбаев 80 мың теңгеге ие болды. Жеті сайыскер жүлделі орындардан көрінді. Он оқушы ынталандыру бәйгесін олжалады. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқу грантын ОҚО, Төлеби ауданының оқушысы Ш.Жүнісбаев иеленді.

 

2011 жылы ұйымдастырылған байқауда бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысының түлегі Әбубәкірова Арайлым, ал І орынды Хангереева Алма (Атырау облысы) иеленді. ІІ орынды  Ғалы Махмуд-Мұстафабек (Астана қаласы) және Салиходжаев Мақсат (ОҚО) жеңіп алды. ІІІ орынға Жақсыбаева Кенжеғазы (Жамбыл облысы), Әбдірахманова Мейамкүл (Қызылорда облысы), Жаукенов Уалихан (СҚО) лайық деп танылды. Сонымен қатар, 10 ынталандыру сыйлығын Астана қаласы, ОҚО, Түркістан қаласы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы, СҚО, Қызылорда облыстары иеленді. 

 

2012 жылы байқаудың Бас жүлдесін 146 баллдық көрсеткішпен Қызылорда облысының оқушысы Шарападин Гүлсана иеленді. Ал, бірінші орынды 1 балл айырмашылықпен Шәріп Оңғарбек (145 балл) ұтып алды. Елордадан келген жас түлек Жамбыл Ауржан екінші орынмен қоса елу мың теңгені иеленді. Оңтүстік Қазақстан облысынан қатсқан талапты жас Ергешбайтегі Төлеген де зерделілігімен, алғырлығымен екінші жүлдені олжалады. ІІІ орынды Алматы облысынан келген  Әбдіраманова Мейрамкүл. Жылдағы дәстүр бойынша он бір оқушы ынталандыру сыйлығын иеленсе, қатысқан барлық оқушыларға алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

 

2013 жылы бір байқағанымыз, Атыраулық жас дарындар байқауға тыңғылықты дайындықпен қатысып келеді. Олай дейтініміз, 2009 жылы өткізілген республикалық сайыстың бас жүлдесін Атыраулық оқушы иеленген болатын. Бұл кездейсоқ та емес. Өйткені Батыс өңірден өнген Ясауи бабаның жолын жалғаған ақын-жыраулар көп-ақ. Нұрым Шыршығұлұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды киелі сөз иелерінің Әзірет Сұлтан бабамызға тебірене арнаған мұралары елдің есінде, жұрттың жадында қалған. Хикмет додасына 2009 жылы ғана қосылып отырғанына қарамастан, Астаналықтар да жүлделі орыннан қағыс қалмаған.

 

2014 жылғы байқауда 130 балдық көрсеткішпен оңтүстік қазақстандық Жақсылық Аружан атты қызымыз бас жүлдені иеленді. Түркістандық талапты жас Бұхарбай Әсел бірінші орынды иеленді. 118  ұпай жинаған төрт бірдей оқушы өзара бірінші орынды сарапқа салды. Сайысқа түскен төрт оқушыдан тағы да екі өрен, баба хикметін кез-келген жерінен айтып біраз тартысқа түсті. Ақтөбелік Ғалымжанов Қаршығаның бағы жанып, жүлделі бірінші орынмен қатар 75  мың теңгені қанжығасына байлады. Жалпы байқауда қостаналық 3 оқушы, астаналық 3 оқушы финалға шықты.

 

2015 жылы

2015 жыл 23-24 сәуір күндері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ұйымдастыруымен Республикалық «Ясауитану байқауы болып өтті

Қорық-мұражайдың 2015 жылғы 6 қаңтарда өткен Ғылыми кеңесте байқаудың өткізілу уақыты мен ережесі талқыланды. Кеңес қаулысына сәйкес байқаудың өткізілу мерзімі 20-21 сәуір аралығы деп жоспарланды. Сонымен қатар, аталған кеңес отырысында байқаудың ережесі де жан-жақты талқыланып қабылданды.

Ғылыми кеңестің № 1 хаттама қаулысына сәйкес «Ясауитану» байқауының іріктеу турлары алдымен ауданда өтеді, сонан соң облыс орталығында ұйымдастырылады. Облыстан жеңімпаз атанған оқушы ғана республикалық байқауға үміткер атануға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінің қазақ тіліндегі аудармасының әрқилылығын ескере отырып (алдыңғы байқауларда оқушылар хикметтің әртүрлі нұсқасын жаттап келіп байқау барысында бірқатар даулы мәселелер туындаған), биыл Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің С.Нұржан тәржімалаған аудармасы бойынша 30 хикмет іріктеп жарияланды. Байқаудың екінші кезеңінде негізінен 8 сыныпқа арналған мектеп оқулығынан Қазақстан тарихына байланысты сұрақтар мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ескерткіштері мен жәдігерлеріне қатысты дайындалатын болды.

Байқаудың ақпараттық хаты мен ережелері тіркеле отырып, облыстардың және Астана, Алматы, Түркістан қалаларының әкімдіктеріне хат жолданды.

Байқаудың жүлде қоры барлығы 465 000  (төрт жүз алпыс бес мың) теңгені құрады.

Байқау 20-21 сәуір аралағында ұйымдастырылды. Байқаудың Бас жүлдесін 150 баллдық көрсеткішпен түркістандық Әлия Абдолла иеленді. Сайыста жүлделі орындарға ілінген  оқушылардың нәтижелері төмендегідей көрсеткіш көрсетті:

Орын

Жүлде

Қатысушы

Облысы

балл

Бас жүлде

100 мың

Абдолла Әлия

Түркістан қ

150

І орын

75 мың

Атқазы Шұғыла

Алматы обл

144

ІІ орын

50 мың

Аятбек Аружан

Қызылорда обл

140

ІІ орын

50 мың

Толқын Гүлнар

Ақмола обл

139

ІІІ орын

30 мың

Жамаш Алмас

Ақмола обл

139

ІІІ орын

30 мың

Нұғман Гүлмарал

Астана қ

137

ІІІ орын

30 мың

Ыдырыс Абдолла

Ақмола обл

134

Ынталандыру

10 мың

Абилдаева Балзира

ОҚО

134

Ынталандыру

10 мың

Тоқтарқызы Қырмызы

Алматы обл

134

Ынталандыру

10 мың

Ермек Дидар

Астана қ

133

Ынталандыру

10 мың

Өздембаева Жансая

Жамбыл обл

132

Ынталандыру

10 мың

Тасмағамбетова Құралай

Атырау обл

130

Ынталандыру

10 мың

Мамитов Данияр

Түркістан қ

128

Ынталандыру

10 мың

Бауыржан Рамазан

Ақмола обл

127

Ынталандыру

10 мың

Зайт Ахметжан

ОҚО

120

Ынталандыру

10 мың

Тобыш Жансая

Ақтөбе обл

112

Ынталандыру

10 мың

Абдуахит Балауса

Астана қ.

86

Бір байқағанымыз, түркістандық жас дарындар байқауға тыңғылықты дайындықпен келгендігі байқалады.

Алматы облысынан келген жас түлек Айтқазы Шұғыла  бірінші орынмен қоса жетпіс бес мың теңгені иеленді. Қызылордалық талапты жас Аятбек Аружан мен  Ақмола облыстық Толқын Глнар зерделілігімен, алғырлығымен екінші жүлдені олжалады. ІІІ орынды Астана қаласынан келген  Нұғман Гүлмарал, Ақмола облысытық Жамаш Алмас пен Ыдырыс Абдолла иеленді. Жылдағы дәстүр бойынша он оқушы ынталандыру сыйлығын иеленсе, қатысқан барлық оқушыларға алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

 

 

2016 жыл

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ЮНЕСКО тарапынан 2016 жыл - «Ясауи жылы» деп жариялануына орай, қыркүйек айының 22-23 күндері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұйымдастыруымен Халықаралық «Ясауитану» байқауы болып өтті. Ел тәуелсіздігін баянды да тұғырлы ету, халық мұрасын жадына тоқыған саналы ұрпақ қалыптастыруды көздейтін бұл байқаудың маңызы аса зор. Елдік сана мен ұлттық идеологиямызды қалыптастырудың ең тиімді де ұтымды жолы. 
Биылғы сайыстың басты өзгешелігі: байқау жылдағыдай республика көлемінде емес, Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Яғни дәстүрлі додаға алыс-жақын шетелдерден (Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан) оқушылар қатысты. Сонымен қатар, байқау ережесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, жатталатын хикметтер саны қырықтан жетпіске ұлғайды. Биылғы байқауда өңірлерден келген 6-11 сынып аралығындағы оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Байқауға қатысушылардың шығындарын (жатын орны, тамағы, қасиетті жерлерге зиярат жасаулары) музей өз мойнына алды.
Сайысқа қатысушылардың білімін сарапқа салған қазылардың құрамында Астана қаласынан арнайы келген философия ғылымдарының докторы теолог Д.Кенжетай, жазушы, ақын Ә.Манапов, т.ғ.к археолог М.Тұяқбай, т.ғ.к. Ғ.Искаков, қазылар алқасының төрағасы мұражай директоры Ж.Әубәкір болды. 
Бірінші кезеңде хикметті жатқа айтудан сынға түскен үміткерлер дарындылықтың ерен үлгісін көрсетті. Екінші кезеңде Қазақ хандығының тарихына, Қожа Ахмет Ясауи бабамызға, «Әзірет Сұлтан» мұражайына қарасты тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерге қатысты билеттерге жауап берді.
Демеушілік қаржы есебінен ұйымдастырылған байқаудың жүлде қоры да биылғы жылы көбейтілді. 
Аса тартысты өткен «Ясауитану» байқауының екі кезең қорытындысы бойынша Ақмола облысынан келген Төлеген Нұржан бас жүлдені (150 мың теңге), ал, Шығыс Қазақстан облысынан келген Мерекенов Бекзат бірінші орынды (100 мың теңге) иеленді. Екінші орынға 75 мың теңгеден екі орын белгіленген болатын. Түркістандық хикметші Хамидуллаева Барно және ОҚО келген Бердібек Ақмоншақ ІІ – орынды әрқайсысы (75 мың теңге) марапатқа ие болды. Келесі жүлделі үшінші орын иелеріне келетін болсақ, ОҚО келген Зұлқайнар Сырлыбай, Алматы облысынан Ардахан Бүлдірген және Ақтөбе облысынан келген Әндірбаева Аяжан ІІІ – орынды әрқайсысы (50 мың теңге) ие болды. Жүлде қорынан бес оқушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 20 мың теңгеден жүлде берілді. 
Байқауымызға қатысқан Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген оқушыларға және Қазақстанның түкпір түкпірінен келген сайыскерлер мен шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға қорық-мұражай әкімшілігі тарапынан алғыс хаттар мен баспа өнімдері табыс етілді.

 

2017 жыл

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамның тұрақтылығын бағдарлайтын рухани ұстанымдар айрықша аталып өтті. Елбасымыздың мақаласын басшылыққа ала отырып,  2017 жылы «Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жариялануына орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Халықаралық «Ясауитану» байқауын өткізді.  

«Баба  мұрасы балға  аманат» деп аталатын  бірінші кезең ережесі бойынша  қатысушылар төрт  топқа бөлініп, хикметті жатқа айтудан  сынға   түсті. Ол үшін  жетпіс хикмет «Әзірет  Сұлтан» қорық-музейінің сайтына түгел жарияланып,  қалаған оқушының өз еркімен хикметтерді жаттап алуына  мүмкіндік берілген еді. Әр сөзінде  үлкен мән жатқан хикметтерді  толайым жүрекке сіңіріп алу да оңай емес. Алайда қиындыққа  қарамастан, барлық қатысушылар зердесі мен есте  сақтау қабілетінің  мықтылығын көрсетіп, жиылған жұртшылықты өз өрелерінің биіктігімен  тәнті етті. Жүргізуші Б.Байболовтың белгісімен реттік нөмірлері  бойынша хикметтерді айтушы сайыскерлерді  кез-келген жерінен тоқтатып, келесі қатысушы жалғастыра  кеткенде де еш мүдірмеген тұстар көрермендерді тәнті етті. Осылай хикметті жатқа  айтудан  сынға  түскен  үміткерлер  дарындылықтың ерен  үлгісін көрсетті. Сырғыта жөнелтіп, бірінен соң бірі жұлып  алғандай сайыскерлер Ясауи бабамыздың хикметтерін эмоцияға  беріліп  орындағанда көрермен залын ұлы сезімге бөлей  білді.

Жас өрендердің білімі  мен қарым-қабілетін  сарапқа  салған  қазылар алқасына  шын үздіктерді  іріктеп  алу  қиынға  соқты. Өйткені сайыскерлердің  барлығы «сен тұр мен атайын»  шын жүйріктер. Дегенмен  байқау ережесі  бойынша  ақтық  кезеңге  жүзден  жүйрік  шыққан  16 оқушы ғана өтуі қажет. Осындай сәтте бабы  мен  бағы  қатар  шапқан  шәкірттердің  жолы  болғанын  айта  кетуге  тиіспіз.

 

            Сайыстың нәтижелері төмендегідей  көрсеткіш көрсетті:

 

Орын

Жүлде

Қатысушы

Олысы

Бас жүлде

150 мың

Қараман Ажар

ОҚО

І орын

100 мың

Оқа  Жанат

Ақмола

ІІ орын

 75  мың

Ақыпбеков Нұрсұлтан

Қызылорда

ІІ орын

 75  мың

Сейтқулова Роза

ОҚО

ІІІ орын

 50  мың

Хакимова  Роза

Түркістан

ІІІ орын

 50  мың

Дәулетхан  Ділнар

Ақмола

ІІІ орын

 50  мың

Мажитова Дияра

Түркістан

Ынталандыру

 20  мың

Алпыспай Арайлым

Қызылорда

Ынталандыру

 20  мың

Асылбекқызы  Меруерт

Алматы

Ынталандыру

 20  мың

Сайып  Назым

ОҚО

Ынталандыру

 20  мың

Рахимова Нилуфар

Түркістан

Ынталандыру

 20  мың

Ибадилла Аида

ОҚО

Ынталандыру

 20  мың

Әйкербай  Айбек

Ақтөбе

Ынталандыру

 20  мың

Рыспекова Айжан

Ақмола

Ынталандыру

 20  мың

Медетқызы Мақпал

Алматы

Ынталандыру

 20  мың

Сайдимова Гөзял

Алматы

Ынталандыру

 20  мың

Тұрған Әли

Астана

Бір байқағанымыз, Түркістандық жас дарындар байқауға тыңғылықты дайындықпен келді. Биылғы  жылы  Түркістан қаласынан 3 оқушы қатысқан. Түркістандық талапты  жас  Мажитова Дияра  үшінші орыннан көрінсе, Рахимова Нилуфар ынталандыру  сыйлығына ие болды.

Сайыстың қыза түскен шағында  оқушылар баба  хикметін кез-келген жерінен  айтып біраз тартысқа түсті. «Шын жүйрікке тұсау жоқ» - деген осы шығар. Сайыс   барысында Оңтүстік Қазақстан облысынан келген  Қараман Ажардың  шоқтығы  биік екендігі аңғарылып – ақ тұрды. Сонымен қатар бірінші  орын Ақмола облысынан келген  Оқа  Жанат пен екінші орын Сейтқулова Роза мен Ақыпбеков Нұрсұлтанға бұйырды. Жүлделі  үшінші  орын Түркістандық Хакимова Роза мен Мажитова Дияраға және Ақмола облысының дарыны Дәулетхан Ділнарға бұйырды. Қалған  озат  деп  танылған  10  оқушы  да  құр  қалмады, ынталандыру  сыйлығына ие болды. Алпыспай Арайлым, Асылбекқызы  Меруерт, Сайып  Назым,Тұрған Әли, Ибадилла Аида, Әйкербай Айбек, Рыспекова Айжан, Медетқызы Мақпал, Сайдимова Гөзял, Рахимова Нилуфарлар әр қайсысы 20 000 теңгеден сыйақымен марапатталды.