Су қуу мұнарасы

ХХ ғасырдың басындағы инженерлік көркемдік архитектураның үздік үлгісі. Орналасқан жері Тәуке хан даңғылы бойы. Бұрынғы Теміржолшылардың саябағына кіре берісінің солтүстік бөлігінде орналасқан. 1901-1905 жылдары Түркістан теміржол станциясының құрылысы кезінде тұрғызылған. Құрылыстың негізі күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, жоғарғы жағы жеңіл болу үшін ағаштан салынған. Кірпішті сәндеп қалау түрінде әрленген инженерлік құрылыс. Ғимарат екі қабаттан тұрады, сыртқы жобасы 8 қырлы болып тұрғызылған. Мұнараның кірпіштік қабаты жоғарғы бөліктен кең баспалдақты ернеулермен бөлінген. Декордың кірпіштік элементтері ақ бояумен, жалпы түрлі-түсті фонмен кескінделген.. Теміржол қозғалысына, паровоздарға, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге пайдаланылған. Жалпы, Су қуу мұнарасы Патшалық Ресей кезеңінен бастап Түркістан станциясына келіп, жөнелтіліп отыратын паравоздарды сумен қамтамасыз етіп отырған. Ал, қазіргі таңда Вокзал маңындағы бірнеше мекемелер, сол аумақтағы тұрғын-үйлерді 24 сағат бойы сумен қамтамасыз етіп отыр. Ғимарат 3 қабаттан тұрады, үшінші қабатында әр қайсысы 90 тоннадан тұратын резервтік су сақтағыштар қойылған. Мұнараның қасбеті жарты циркульді аркалармен безендірілген. Аралық ернеулермен қайталанған сандриктер қасбетке ерекше сән беріп тұр. Сәулеттік ескерткішке 2009 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Терезелері ауыстырылып, су трубалары жаңартылып, құрылғылары жаңадан ауыстырылған. Ескерткіштің ішкі жағындағы қабырғасының ағаш қаптамалары жаңартылып, шатыры металл жабумен жаңадан ауыстырылған. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №595.3 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.