Әскери Николай шіркеуі (ХІХ ғ. ІІ-жартысы)

Ғимарат шіркеулер архитектурасының көркем үлгісі. Орналасқан жері Әмір Темір көшесі, №3А. Жергілікті маңызы бар. Қазіргі таңда ғимаратта балалар спорт мектебі, бұрын аудандық кітапхана орналасқан. Ғимарат туралы алғашқы мәліметтер 1900 жылдан бастап бар. Төрт бұрышты бір қабатты ғимарат құрылысының салыну тәсілінде өзіндік өзгешеліктері сақталған, крест тәрізді пішін беретін 3 үлкен бөлімнен тұрады. Бұрын шіркеуге тән күмбездері қоңыраулары болған, Кеңес үкіметі тұсында қайта жөндеуден өткен. Шатырдың төменгі жиегі өрнекті тақтаймен жиектелген. Ғимараттың төбесі біртекті етіп, жалпақ түрде жабылған, сыланып әрленген. Ішкі келбеті қарапайым түрде әшекейленген, сыртқы бейнесі қасбет декорымен әрленген. Шатыры 4 қанатты, аласа қаңылтырмен жабылған. Ғимарат жақсы деңгейде сақталған. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №594.3 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.