Казарма (ХІХ ғ.а.)

Тәуке хан даңғылы бойында тұрғызылған тарихи-архитектуралық ескерткіш. Орналасқан жері Көне Түркістан қаласының аумағы. Жергілікті маңызы бар ескерткіш. Координаттары: 43˚17.935΄,068˚16.471΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 188м. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №594.2 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Бұл құрылыс Түркістандық атқыштар батальонының І-ші ротасының кіші шендегі офицерлеріне казарма ретінде соғылған. Кірпіштен тұрғызылған, бірқабатты құрылыс, темір шатырлы, жобада тікбұрыш пішінінде. Қасбеттері симметриялы, орталық және жанама бөлігі әлсіз ризалиттермен кескінделіп, жақтаулармен аяқталған. Қабырға ені тар терезе ойығымен және пилястрлермен бөлінген. Ішкі жоба құрылымы симметриялы, екі қатар бағаналармен бөлінген үш бөліктен тұратын үлкен зал. 1990 жылдары ғимаратты мұражайға айналдыру идеясы көтерілген болатын. 1995 жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты бірігіп, Түркістан археологиялық экспедициясын құрды. Мақсаты Түркістан қаласы мен ауданында орналасқан ортағасырлық қалалар, қорымдар, т.б зерттеп болашақ «Түркістан тарихы» мұражайына материал жинақтау болатын. Тарихи ескерткіштің ғимараты мұражай орналасатын мекен-жай ретінде таңдап алынып, 8 бөлімнен тұратын мұражай экспозициясы жасалынып, Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында мұражай ретінде ашылды. 2014-2015жж. ескерткішке қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы мұражайдың реэкспозициялық жаңғырту, толықтыру, ескі экспозициялық қойылымдарды жаңа шешімде қайта құру жұмыстары жүргізіліп қайта жаңарды.