Хан ордасы (XVII- XVIIIғғ.)

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300м жерде орналасқан. Координаттары: 43˚17.847΄, 068˚15.966΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 232м. Тарихтан XVIIIғ. Ескі Түркістан қаласында екі хан ордасы (цитадель) қатар өмір сүргені белгілі. Бұл жайлы И.В. Ерофееваның «Казахские ханы и ханские династии в XVIII – середине XIX вв.» деген еңбегінен және Б.Т.Тұяқбаева, А.Н.Проскуриннің «Проект регенерации цитадели в городе Туркестане» атты мақаласынан толыққанды деректер табуға болады. Тарихшы И.В.Ерофееваның мақаласындағы деректерде 1743-45жж. аралығында Түркістанды және оның айналасындағы қалаларды Әбілмәмбет хан мен Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіттің екіге бөліп билегені айтылған. Бұл жайлы ең алғашқы деректі XVIIғ. соңында жасалған Д.Г.Мессершмидт картасынан кездестіреміз. Картаны қаланың 1875ж. жобасы мен 1954ж. картамен және кейінгі жылдардағы план-схемаларымен салыстыра отырып Хан ордасының дәл орны анықталды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған табыстар бұл орынның 6-құрылыс қабаты XVIIғ. соңы мен XVIIIғ. бірінші жартысы арасында қалыптасқандығын яғни бұл кезеңде Хан ордасын Тәуке хан, Қайып хан, Болат хан, Сәмеке хан және Әбілмәмбет хандар мекен еткен кезеңге сәйкес келетіні дәлелденді. 1743-1745 жж. аралығында Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіт Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс бетінен екінші Хан ордасын қалыптастырады. Әбілмәмбет хан өлген соң (1771ж.) қазба жүргізіліп жатқан Орданы оның ұлы Болат хан 1798ж. дейін мекен еткен деген тұжырым жасауға болады. 2011ж. қазбадан аршылған бөлмелердің 15-нің қабырғалары саз кесекпен қайта өріліп, сақталуына және маңыздылығына қарай олардың биіктіктері 1,2 м-ден 2 м дейін көтерілді. Бөлмелердегі сыпалар, тандырлар, ташнаулар, сандалдар қайта қалпына келтірілді. Қабырғалары сабан аралас сыбақпен сыбалып ханның тұрған үйінің бір бөлігі сол заманғы көрінісін тапты.