Түркістанда "Ясауи әлемі-руханият әлемі" кездесуі өтті

Жасыратыны жоқ, күні кешеге дейін Ясауи әлемі көпшілікке өте тар аяда түсіндіріліп келді.Жоғары оқу орындарында Ясауитану пәні арнайы курс ретінде оқытылғанымен, оның да айтары көп емес еді. Әулиелер Сұлтанының жүрегінен шыққан хикметтерді бар болғаны поэзия деп түсіндірді. Ал,шын мәнінде Ясауи әлемі дегеніңіз тұнығы терең теңдессіз дүние.

Ел тәуелсіздігін жариялаған соң ұлт тарихына жаңаша көзқарас қалыптаса бастады.Ясауи ілімі дегеніңіз әлдебір " зертеушілер"айтып жүргендей поэзия ғана емес екен.Ясауи ілімін жетік меңгерген жан өзінің тарихын жан-жақты, жетік білетініне бүгінгі таңда анық көз жеткен жайы бар.
-"Ясауи ілімі дегеніңіз-ол Сіздің тарихыңыз! 
- Ясауи ілімі- Сіздің мәдениетіңіз!
Ең бастысы, Сіз бен біздің ата- бабамыздың ұлт болып ұйысуы, мына жалпақ әлемге Қазақ болып танылуы тікелей осы Ясауи іліміне байланысты болып шығады.Бірі батыста, бірі шығыста, бірі желдікте, бірі түстікте жүрген арда қазақтың түзде туылып, мәңгілік мекенін Түркістаннан тапқысы келетіні де содан! 

Ясауи ілімі- дәстүрлі түркілік дүниетаным және ислам өркениеті арасындағы сара жол болуымен қатар, рухани азық, ұлттық болмысымызды танудың негізіне айналып отыр.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда да ясауитану мәселесі қарқынды зерттеліп,өзімізді тану мен ұлттық болмысымызды жандандырудың, жаңғыртудың негізіне айналды",-дейді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Ардақ Бейсенова.

Бір күн ішінде Түркістан қаласындағы Ж.Жабаев , Абай Құнанбаев және Ж.Еділбаев атындағы жалпы орта мектептерінде "Ясауи әлемі- руханият әлемі" тақырыбында лекция оқып, оқушылар сауалына жауап беріп келген Ардақ Бейсенова бұл бастаманың берер жемісі мол екенін айтады.

-"Ясауи ілімін, жолын, қоғамдағы қадір-қасиетін өскелең ұрпақ бойына сіңіріп, көзқарасының оң қалыптасуына тәрбиеге толы кездесулер мен лекциялар, ашық сұхбаттар арқылы да насихаттай аламыз. Бүгінгі әлеуметтік желіге тәуелділік, түрлі әдет-қылықтарға бой ұсындырмай, рухани көзқарасты дамыту жолында мұндай шаралардың да маңызы зор",-дейді Ардақ Бейсенова.

Кездесу барысында Әуиелер Сұлтаны жайлы мағлұматтар алған оқушылар, түрлі сауалдары мен пікірлерін де ортаға салды.

Шара алдағы уақытта да жалғасын табады.