МИНИСТР ТҮРКІСТАНҒА ІССАПАРМЕН КЕЛДІ

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан қаласына арнайы іссапармен келіп, "Қазқайтажаңғырту" РМК, "Базиз-А" құрылыс компаниясы, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және "Отырар" мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен археологтар және тарихшылармен кездесті.

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен қаланы түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту және тарихи орындардың төл келбетін сақтай отырып, жандандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін қалпына келтіру жұмыстарын қолға алғаны белгілі.

Биылғы жылдан бастап «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Хан мешіті», «Хан ордасы» және Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпаларында қайта жаңғырту жұмыстары басталмақ.

Министр тарихи орындар және алдағы уақытта атқарылар жұмыстар бойынша пікір алмасып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.