Қор сақтау бөлімі

1978 жылы «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты» музейі  300-ге жуық жәдігермен ашылды. Музей ашылар алдында Мәдениет Министрінің орынбасары Ө.Жәнібековтың басшылығымен қалалық партия комитеті жергілікті халықтан жәдігерлер жинақтаған.

Музейдің жәдігерлер қоры музей ашылардан бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде сақталған ортағасырлық жәдігерлерді есепке алудан басталады. Ортағасырлық жәдігерлерді есепке алып сақтау жұмысымен Орынбай Дастанов айналысып 23.04.1958 жылы қор сақтаушыдан қабылдап алған.

Музей қорының кіріс кітабы 1.04.1977 жылы Әмір Темір дәуірінен сақталған қола шырағданның сипаттамасын түсіруден басталады.

Жәдігерлер 2009 жылы төрт ғылыми классификацияланған топқа бөлініп төрт топтың жәдігерлері төрт ғылыми қызметкерге қосымша жүктеме ретінде бөлініп берілді. Олар: 4960 дана археологиялық, 2587 дана этнографиялық, 2679 дана жазба ескерткіш, 13 583 дана нумизматикалық жәдігерлер. Жәдігерлер қорық аймағындағы 6 (алты) музейдің экспозициялары мен кеңсе үйіндегі төрт бөлмеде (қор сақтау) орналасқан. Экспозициялар көлемі-3862,58 ш.м., қор сақтау бөлмелері-99,16 ш.м.

Қазіргі кезде Қор сақтау және есепке алу бөлімінің қорында 23 809 дана көне жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған, оның 13 444 данасы негізгі қор, 10 365 данасы ғылыми көмекші қор есебінде. Музей қоры археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық жәдігерлермен Түркістан тарихына байланысты алтын, күміс, мыс теңгелер көмбесі мен халықтың қолынан жинақталған  араб, парсы, көне түркі тілдерінде жазылған қолжазбалар мен баспа кітаптары және этнографиялық  жәдігерлерден тұрады. Кейінгі кезде музей қоры ұлттық қолөнер шеберлерiнiң небiр құнды жәдiгерлерiмен толықтырылды, соның iшiнде кезiнде шетелдерге кетiп, қайта оралған қандас бауырларымыздың қолынан жинақталған мұралар. Олар, халқымыздың XVIII-XIXғғ. қолөнер туындыларын сол қалпында сақтап қайта елге алып келгендiгiмен құнды.

2016 жылдың тамыз айынан бастап музей қорларын жалпыұлттық жәдігерлер қорына ендіру мақсатында «Музеолог» бағдарламасымен жұмыс басталды.

Бөлімде бюджеттік есептен 1 бас қор сақтаушы, 4 қор сақтаушы, 1 суретші-реставратор қызметкерлер жұмыс жасайды.

 

Қор жәдігерлері жаңа үлгідегі, (жылжымалы шкафтар, сөрелер, драйверлер) сақтау режимдерінің талаптары толық орындалатын қор сақтау жабдықтарымен, өртке қарсы дабылқаққыш пен сақтық дабыл қаққыштарымен қамтамасыз етілген. Қор сақтау бөлмелері жаз мезгілінде ауаның құрғап кетуінен сақтайтын Жапонияда жасалған ауа ылғалдандырғыш құрылғылармен және ИВА-6А маркалы ауа температурасы мен ылғалдылығын өлшейтін аппарат термогигрометрмен жабдықталған.

 

Бөлімде бюджеттік есептен 1 бас қор сақтаушы, 4 қор сақтаушы, 1 суретші-реставратор қызметкерлер жұмыс жасайды.  

Қор сақтау бөлімі төмендегі бағытта жұмыс жүргізеді:

  • Қордың жеке сараланған ғылыми бөлімінің барлық жәдігерлерінің қабылдау кезіндегі сақтығын, жалпы жағдайын көрсете отырып, арнайы акт бойынша материалды- жауапкершілікке қабылдап алады.
  • Жауапкершілікке алған музейлік жәдігерлердің есебін жүргізеді және оларды мезгілімен түгендеп отырады.
  • Уақтылы мұражай жәдігерлерінің ғылыми инвентаризациясын қамтамасыз етіп отырады.
  • Қор сақтау бөлмесінде жәдігерлердің белгіленген құрылым бойынша тиісті орындарда тұруын, олардың топографиялық тізбесін, ғылыми-анықтамалық картотекасын және қор сақтаушының кітапшасын ашып жұмыс жүргізеді.
  • Қор сақтау бөлмесі мен экспозициядағы витриналар мен шкафтардың тағы басқа да жабдықтардың ашылып-жабылуына және құлыптануына бақылау жасайды және жеке белгіленген мөрімен бекітіп отырады.
  • Экспозициядан немесе қор сақтау бөлмесінен экспонат жоғалған не бүлінген жағдайда тез арада бас қор сақтаушыға, директордың орынбасары не директордың өзіне хабарлауы тиіс. Жоғалған экспонаттың фотосуреті қосылған акт дайындайды, фотосурет болмаған жағдайда, инвентарлы кітаптағы толық сипаттамасы қоса беріледі.
  • Қор сақтау бөлмесіне бөгде адамдардың кіруіне қатаң тыйым салады, мамандардың кіруіне мұражай директоры мен бас қор сақтаушының берген рұқсатнамасының Ережеге сай болуын қамтамасыз етеді және олардың тізімін арнайы кітапқа тіркеп отыруы тиіс.
  • Қор сақтау және экспозиция бөлмелерінің тазалығын Ережеге сай жүргізуді қадағалайды. Мұражай қараушыларымен үнемі жәдігерлерді сақтау және бөлменің дұрыс тазалығы туралы ақпарат беріп отырады.
  • Белгілі бір мерзімде экспозициядағы және қор сақтау бөлмесіндегі жәдігерлердің сақтығына  реставратормен бірге бақылау жасайды, бақылау қорытындысына және консервация жасалған экспонаттарға сақтау картотекасын жүргізеді, арнайы кітапқа тіркеу жасайды.
  • Қор сақтау бөлмелері мен экспозициядағы ауа температурасы мен ылғалдылық көрсеткіштерін уақтылы бақылап отырады. (күніне 2 рет –таңертеңгілік, кешке бір уақытта) және олардың көрсеткіштерін арнайы кітапқа тіркеп, айлық орташа көрсеткіші туралы есеп дайындайды.
  • Ережеге сай, Бас қор сақтаушыға жылына 2 рет жарты жылдық  бөлім жәдігерлерінің барлық көрсеткіштері бойынша Есеп өткізіп отырады.