ЦИРК МАЙТАЛМАНДАРЫ МУЗЕЙМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Түркістан қаласына Шымкент және ресейлік цирк ұжымдары келді.

Ресей Федерациясының халық әртісі Мстислав Мстиславович Запашный және Шымкент циркінің директоры Арман Әлиев бастаған цирк әртістері Дүниежүзілік мəдени мұралар тізіміне енген қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құнды жәдігерлерімен танысты.

-"Шымкент қаласына тұңғыш рет жасаған сапарымыз ерекшелігімен есте қалуда. Біз ресейлік цирк майталмандарының өнерін тарту етуімізбен қатар, қаншама тарихи жерлерін аралап, туристік орындардың маңыздылығы мен тарихи құндылығына қызығып келеміз. Цирк саңлақтарының бірегей тұлғасы ретінде тарихта қалған Қажымұқан балуанның басына барып тағзым жасап, музейімен таныстық. Ақмешіт үңгірін де көрдік. Ал бүгін Отырар жеріне барып тарихымен, жәдігерлерімен танысып, Түркістан қаласына келдік. Қожа Ахмет Ясауи түркі жұртының ортақ тұлғасы ретінде танылса, ізгілік пен мейірімге толы өмірі мен мұрасы барша адамзат баласын бас игізген руханилығымен ерекше. Қаншама деректерді тыңдап, сан ғасырлардың көзін көрген ғимараттың ішіне кіріп, тұлғалар мұрасын шынайы көрудің өзі қуанышқа бөлейді ",-деген Ресей Федерациясының Халық әртісі Мстислав Запашный киелі өлкеге жасаған сапар цирк өнерпаздарына да ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.