«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.

Басқосуда музей басшысы Нұрболат Ахметжанов Жолдауда көрсетілген ел дамуының басым бағыттары мен міндеттеріне тоқталды.

«Маңызды құжатта Қазақстанның жалпы әлеуеттік өмір сапасын жақсарту және біздің салаға қатысты мәдениет мен туризмді дамыту мәселелер қамтылды. Елбасының Жолдауы – жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат болып табылатыны айқын. Сондықтан музей ұжымын Елбасын Жолдауын халық арасында насихаттау жұмыстарына, негізгі басымдықтарының жоғары деңгейде жүзеге асырылуына белсенді атсалысуға шақырамын»,- деді музей директоры Нұрболат Қадырұлы.

Сонымен қатар музей директоры келген қонақтарға «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 2018-2022 жылдарға арналған даму концепциясымен таныстырып, алдағы уақытта аталған концепция өз жемісін беретінін сеніммен жеткізді.

Шараға Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Досыбеков Пернетай, Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, сазгер, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Бекжігіт Сердәлі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Этнопедагогикалық» колледж директоры Айғаным Серім, «С.Ерубаев» музейінің меңгерушісі Ақсүмбе Бостанов, «Өзбек этномәдени» орталығының төраға орынбасары Қошқаров Райым, «Ұстаз» газетінің тілшісі ҚР Журналистер Одағының мүшесі Ақмарал Ғаниқызы, БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.

Кезекті Жолдауды түсіндіруге арналған жиында қатысушылар Елбасының биылғы Жолдауы туралы ойларын кеңінен ортаға салып, саяси құжаттың ерекшелігі мен маңыздылығын сөз етті.