Мұхамедиұлы һәм шынайы болмыс

Жетісудың жеті өзенінің бірі - сұлу Лепсі. Жыландай ирелеңдеп ағып жатқан осы бір сұлу судың бастауы бауырында тарихи Үйгентасты басқан көк жайлаудан басталып, Балқашқа қарай ентелеп ағады. Құзар шыңдар аспанға қарай ұмсынады. Басынан қар мен  бұлт арылмаған асқар тау "мықты болсаң, маған кел" деп қол бұлғайды.  Жұрт Жамантас атаған сына жазулы тас қамал шоқылар да ішіне бүккен сан сырды ашқысы келетіндей ме, қалай?

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақы шапан, құндыз бөрік киіп, ақ боз атқа қонғанда ішімде әлдебір жүрексіну сезімі тулап жатты. "Қазақтың эко-туризмін дамытуға үлес қосып, үлгі боламын" деп ұзақ жолға атпен шыққалы тұрған ізгі ниетке жете алмаса, қалай болмақ? Өмірі аттың үстінде жүрген адамның өзін жолсоқты ететін тау-тасты өлкеге салт жүруге екінің бірінің жүрегі дауаламайды.

Бізге, қолына қалам ұстаған қауымға қызық керек.

Министріміз кабинеттен жиі шығып, сенбі-жексенбі сайын ел аралайтынды әдет еткелі құлағымыз тіпті елеңдеп тұратын болды. Мұхамедиұлының өткенде ғана Алакөлде дуатлон сайысын өткізіп, жиырма шақырым жерді шайтанарбамен жүріп өткенінде "енді атқа мініп, еліміздегі эко-туризмнің дамуына ықпал етсек" деп қалған болатын. Министрдің сөзін белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов қолдай кетіп, "бізде ат та, эко-туризмді дамытуға болатын көрікті жер де бар" деді.

Әрине, адам болған соң, сөз айтылады. Айтылған сөз сол жерде қалатын кезі одан да көп.

Министр Мұхамедиұлы да, кәсіпкер Оспанов та сөздің емес, істің адамы екен.

Бауыржан Оспанов Алакөлден тікелей Лепсіге тартады. Колхоз-совхоз кезінен кейін жөндеу көрмеген жайлауға апаратын ескі 90 шақырымдық қара жолға тас төсетіп, жауын-шашын жырып кеткен жыраларды тегістеп, екі аптаның ішінде шекараның өтінде тұрған мекеннің тамырына қан жүгіртіп үлгеріпті. Солай қазірдің өзінде Бауыржан байдың (Оспановты айтып отырмыз) 5 мың жылқысы жайылған қан жайлауға жол түскен соң, ол көрікті, көркем өлкеге енді малшылар ғана емес, кез-келген адамның қыдырып баруына жол ашылды.

Соңғы жылдарда көп ешкімнің табаны тиемеген тұма-табиғат қыздай сыланып тұр. Қарағай мен аршасы сыңсып ән айтып, тау бүлдіргені ат тұяғын бояйтын, уқорғасыны жер бауырлап, ақшабұлттары көк бауырлап көздің тоятын тойдыратын жайлауға барып, бал қымызды таңдайға сіңіру қазір әр қазақтың арманы емес пе? Сол арман орындалар күн таяпты.

Теңіз деңгейінен 2 500 метр биіктікте жатқан осы бір мұқым қазаққа әлі де белгілі бола қоймаған, эко-туризмге сұранып тұрған өлкенің шымылдығын ашуға министр Мұхамедиұлы мен кәсіпкер Оспановпен бірге «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омаров, Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев,  кәсіпкер Эдуард Ким, Қазақстанның грек-рим және еркін күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай бастаған шенділер мен әйгілі спортшыларымыз - бокстан олимпиада чемпионы, Олимпиада-2004 Вэл Баркер Кубогы иегері, Astana Arlans бокс клубының менеджері Бақтияр Артаев, боксшы Қанат Ислам, грек-рим күресінен Олимпиада-2008 күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ММА чемпиондары Қайрат Ахметов пен Арман Оспанов сынды кіл мықтылар атпен жолға шықты.

Мұхамедиұлының жеткіншек баласы да бір атты таңдап мініп жатты.

Оспановтың көзінің қарашығындай қос ұлы да әкелерден қалмаймыз деп бір-бір Қамбар атаның түлігінің тізгініне жармасты.

Осы қалың топтың артынан қолына қыран-бүркіті мен құмай-тазыларын ерткен Алматы облысының аңшылары ілесті.

Ал, біз журналистер тобы жол талғамайтын көліктермен тауға қарай ырғала қозғалып кеттік.

Спортшылар талай жаттығуда ысылған. Біздің басты назарымыз - шенеуніктерде. Қайсысы бірінші сыр береді екен? Қайсысы орта жолдан журналистердің сапына қосылады екен?

Қазақы қаны бар ат үстіндегі әр азаматқа қызыға қараймыз. Негізгі нысанамыз - Мұхамедиұлы. Есікпен төрдей ақ боз ат өзгелерден оқ бойы озық жүремін деп, алға қарай ентелейді. Тізгінмен алысқан министр он шақты шақырым өткеннен соң, аттың басын қоя берді. Арындай шапқылаған ат жарты жолға келгенде болдырып, министрдің ат ауыстыруына тура келді.

Жүрісі бар, желісі бар, шабысы бар, сәл-сәл тынығып алар демалысы бар, тура бес сағат уақыт ат үстінде елу шақырым жерді аталған топ жүріп өтті.

Министр Мұхамедиұлы рухани жаңғырудың жолы - ұлттық салт-санаға оралудан бастау керектігі тұрғысында журналистерге сұхбат беріп жатыр. Маңдайдан шыққан шып-шып терін сүртіп қояды. Балаша қуанып, күлімдегенде тісі жарқ-жұрқ етеді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт министрі:

- Біздің басты мақсатымыз - Елбасымыз айтқан "Рухани жаңғыру" аясында ата-бабадан келе жатқан көне дәстүрімізді жаңғырту. Екінші мақсат - ата-баба дәстүрін дүние жүзіне таныстыру. Үшінші мақсат - Қазақстанның туристік әлеуетін бүкіл елге көрсету. Неге біз жер жаннаты Жетісуды, асқар шыңды Алтайды, қасиетті Бекет атаны әлемге танытпауымыз керек. Мен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында осы шараны ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға алғыс айтқым келеді. Елу шақырым жерді атпен жүріп өту - мен үшін үлкен қуаныш. Елбасы "Ұлы ел - ұлы мақсатқа ғана ұмтылуы керек" деп жиі айтады. Сол себепті, "дүниежүзі туристері бізге келсін, қазақтың қасиетті жерін көрсін" деген мақсатты алға қою керек. Қазақтың аттарының мықтылығын қараңыз. Аттардың дені елу шақырым жерді бір рет те тоқтамай жүріп өтті. Тек алға ұмтылады. Біз де дәл солай шаршамай биіктерге ұмытлуға тиіспіз. Жоғарыға талпынған сайын - адам рухани кемелдене түседі. 

Бауыржан Оспанов, кәсіпкер-меценат: 

- Елбасының "Рухани жаңғыру"  бағдарламасына қолдау  мақсатында осыдан екі апта бұрын Алакөлде Дуатлон сайысы өткен еді. Бүгінгі шара соның заңды жалғасы. Алакөл ауданында өздеріңіз көріп отырғандай көркем жерлердің бар екенін, туризмнің үлкен маршурттарын ашуға болатынын көрсеткіміз келді. Қазір осы Жамантас жайлауында түйе мен сиырды қоспағанның өзінде бес мыңнан аса жылқымыз бар. Алакөлде мұндай жайлаулар жетерлік. Олар бұрын Кеңестік кезеңде үш-төрт ауданның малы жайлайтын жайлаулар еді. Осының бәрін малға толтыру мақсатымыз бар. Әр жайлауда кемі 10 мың жылқы бағуға болады. Біз арнайы мамандармен бірлесіп, баяғы ата-бабамыздың үлгісімен малды жаз жайлауда, қыс қыстауда бағуды жолға қойғымыз келеді. Тебіндегі малдың еті құнарлы болады. Қазақстан бүкіл әлемдік нарықты етпен қамтуға мүмкіндігі бар. Болашақта бизнесімізді осы бағытқа қарай бұруды ойлап отырмыз. Осы жоспардың аясына туризм саласын да дамытуға болады. Туризм деген дамыған елдерде экономиканың іргелі саласы. Шет елдерге барған сайын олардың сұлу жерлерінің Қазақстанға жетпейтінін байқаймын. Сондықтан да мұндай жерлерді баршаға жақынырақ таныту бізге міндет болуы керек деп ойлап, осы жұмысты қолға алып отырмыз. Атпен жүру - денсаулыққа да пайдалы. Табиғаттың таза тұруына да ықпал етеді. Бұл қазіргі жастарға да - жақсы үлгі боларлық іс деп ойлаймын. Елу шақырымдық жолды атпен жүріп өткен жігіттер "әлі шаршамадық, көкпар тартамыз" деп жатыр. Оны да көзбен көресіздер. 

Қош! Лепсі - эко-туризмнің қантамыры болуға жарайтын-ақ жер екен. Оған Бауыржандай баласы білек сыбана кіріссе, ертең-ақ айымыз оңынан тууы мүмкін.

Бірақ, әлі толықтай қолға алынбаған іске мақтау айтуды доғара тұруды жөн көріп отырмыз.

Қытай мен Қазақстанның өтінде тұрған Жамантас жайлауын әншілер әнге бөлеп жатыр. Дүбірлеп көкпар тартқан жігіттердің қиқуы құлақ тұндырады. Бауыржан байдың жылқысының тұяқ дүбірі бізді ескі дәуірлерге жетелеп бара жатқан сияқты. Жалпиып жатқан Жоңғар Алатауы "тағы да келесіңдер ме?" дегендей бізге көз сата қарайды. Біздің де осы тауда қимасымыз қалып бара жатқан сияқты.

Мұхамедиұлының жарқын дауысы әлсін-әлсін құлаққа жетеді. Көз алдымда баладай қол шапалақтап қуанып жүрген министрдің бейнесі кетер емес. Шынайы болмыстың мәнін шынайы табиғатқа шыққанда ғана түсінуге болатын сияқты ма, қалай өзі?!

Қ.Бірлікұлы

Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай

Алматы - Лепсі - Жамантас - Алматы

Abai.kz