Тұңғыш рет «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі тарихына арналған көрме ашылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласы,  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кітапхана бөлмесінде «Архив музей хақында» тұрақты көрмесі ашылды.
Көрменің мақсаты - музей архивінде сақтаулы құжаттар мен фотосуреттерді жұртшылыққа насихаттау, әрбір құжат тарихынан ақпарат беру.
Шараға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері мен  Ясауидің тарихын зерттеуші, шежіреші түркиялық қонақтар мен  қала тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.  
 «Әзірет  Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 1978 жылы Ахмет Ясауи кесенесі жанынан құрылған. Ашылған жылдан бастап музей тарихына қатысты жинақталған құжаттар мен дереккөздер мұрағаты ішінде әлемнің түкпір - түкпірінен Түркістан қаласына табан тіреп, барша түркі халықтарының пірі атанған – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген зияратшылар мен саяхатшылардың, аты әлемге әйгілі қаншама атақты тұлғалар мен халқымыздың біртуар ұлдары мен қыздары жазып қалдырған қолтаңбалары мен ізгі тілектерінің тұпнұсқалық үлгілері де бар.
Сондай-ақ, музейдің құрылуына байланысты құжаттар мен фотосуреттер де көпшілік назарына ұсынылды.  Олардың қатарында музейдің 1989 жылы 25 тамызда № 265 қаулы бойынша «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылуы жайлы қаулының көшірмесі, 1989 жылы Ресей мемлекеттік Эрмитажынан қайтарылған Тайқазанның киелі орнына орналастырылуына қатысты фотосуреттер бар.
  Көрмеге  60-тан аса құжаттар көшірмелері мен фотосуреттер,  видео архив материалдары орналастырылған.  
Көрме барысында Қожа Ахмет Ясауидің тарихын зерттеуші, шежіреші Исметулла Ясауи «Насабнама» және Ясауиге қатысты бірқатар діни кітаптардың көшірмесін табыс етті. Түркиядан жеткен мұралардың шығу жылдары мен мазмұнын алдағы уақытта музей қызметкерлері анықтайтын болады.   
Түркітілдес елдерден баба тарихын түгендеуге атсалысып жүрген шежіреші Исметулла Ясауиге «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас редакторы Әбдікерім Манапов музей директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлының арнайы алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады. 

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі