ТҮРКІСТАНДА «ОРАҢҒАЙ» МЫС АҚШАЛАР КӨМБЕСІ ТАБЫЛҒАН.

«Ораңғай» мыс ақшалар көмбесі - 2012 жылдың басында табылып, аталған жылдың 6 наурызында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне тапсырылды.

Жәдігерді Ораңғай елдімекенінің тұрғыны Халметов Бекжан есімді кісі өзіне тиесілі жер телімінде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде, трактормен сырылған жерде шашылған бірнеше металл пластиналарды тауып, бетіндегі бедерлердің араб жазбаларына ұқсайтындығын көрген соң мұражайға жеткізген болатын. Музейге ұсынылған тиындар ол жерде жасырынған көмбенің бір бөлігі ғана болуы мүмкін. Тапсырушының айтуынша көмбенің трактормен сүрілген жерден тек көзге көрініп жатқан бөлігін ғана жиналған. 

Жәдігерлер 54 дана мыс ақшадан тұрады. Тиындардың көпшілігінің сақталу жағдайы ақшалардың атрибуциясын жасауға мүмкіндік береді. Көмбе құрамы толықтай зерттеліп, тиындарының 21 данасы Самарқан ақша сарайының өнімдері екендігі анықталып, оның 15 данасында Самарқан ақша сарайы жазбасы сақталса, 6 данасы сарай өнімдері типтеріне жатқызылады.

Сонымен қатар, көмбе қатарында Бұхара ақша сарайының ақша өнімдерінің үлесі жоғары 6 дана тиын бар.Ақшалардың ең жоғарғы жылдық көрсеткіші хижра бойынша 918 жылы соғылған тиындарға тиесілі болғандықтан (918 х. ж. соғылғандығы күмәнсіз тиындар 21 дана) көмбе тезаврациясы (көмбенің айналымнан шыққан, яғни көмбеге түскен кезі) ең кемі 918 х. ж. кейін жасалды деген болжам жасауға негіз бар. Мұндай болжамға тағы бір жайт себеп бола алады. Көшкінші хан тұсында 917-918-919 х. жылдары арасында ақша соғу ісі қарқынды түрде жүрген. Жоғарыда көрсетілген жылдар арасында, әсіресе, 918 жылы ақша өнімі көптеп шығарылған. Көмбе құрамында 919 жылы соғылған ақшаның кездеспегендігі жоғарыдағыдай болжам жасауға негіз болды. 

Ақша соғу ісі мемлекет және билеуші қазынасына елеулі пайда түсіретін экономикалық операция (ақша жасалатын шикізат пен соғушыға берілетін ақыдан басқа пайда қазына иесіне түсіп отырады. Айналымға жіберілген ақшаның құны мәжбүрлі түрде енгізіліп, ақша соғуға кетірілген шығыннан әлдеқайда жоғары бағада айналымға жіберіліп отырған). Оның үстіне жаңа ақша түрлерін соғуда қайта шикізат өндірілмей, бұған дейін айналымда жүрген ақшаларды үстінен қайта шекіме жасау арқылы іске асып отырған. Қайта шекімеленетін шикізат (ескі ақшалар) халықтан төмен бағада алынып, қайта шекімеленіп, жоғары бағада айналымға жіберілетін еді. Сондықтан қолдарындағы ақшаларының арзан бағада кететіндігіне наразылық танытқан халық «жақсы кезеңдерге» дейін ақшаларын жасырып отырғын. 

Көмбені зерттеу кезінде 19 дана тиынның үлгілері мен нұсқалары анықталды. Олардың 15 данасының түрі анық белгілі болса, 5 данасының үлгілері қосымша белгілері арқылы анықталды. Көмбе ақшалары құрамында ортағасырлық Орта Азия нумизматикасын зерттеуші белгілі нумизмат-ғалым Е.А. Давидовичтің анықтап кеткен мыс ақша үлгілері қатарында кездеспейтін үлгілері де кездеседі. 

Көмбе құрамындағы 3897/30 нөмірімен мұражай қорына тіркелген тиын бетінде екі шеткі жапырақтары сүйірлеген, жоғарғы және төменгі жапырақтары доғалданған, төрт жапырақты өсімдік текті өрнекпен өрнектелген картуш ішіне Мерв ақша сарайына ұқсас ақша сарайы атауы жазбасы түсірілген. Тиынның сақталу жағдайы қанағаттанарлық. Алғашқыда ешқандай шүбәсіз Мерв деп қабылданған жазбаның алғашқы әрпінің жазылу ерекшелігіне байланысты түбегейлі байлам жасауды кейінгі уақыт еншісіне қалдырдық. Бұл күмәнді оймен Ресей нумизмат-ғалымы П.Н. Петровпен бөліскенімізде ол кісі де күмәннің орынды екенін растады. Егер, күмәніміз расталып жатса, ХҮІ ғасырдың алғашқы жартысында бұған дейін беймәлім болып келген жаңа ақша сарайы атауы белгілі болар еді. 

Біздің көмбе құрамында екі дана жәдігердің (3897/37 және 3897/49 тіркеу нөмірлерімен қабылданған) аверстеріндегі ақша сарайы атауы жазылатын тұста Ясы жазбасына өте ұқсас жазбалар бар. 3897/37 нөмірлі тиын бетіндегі жазбаны Хисар ақша сарайында түсірілген қайта шекіме ізі жартылай жауып тұрса, ал 3897/49 нөмірлі тиын бетіндегі Ясы жазбасына ұқсас жазбаның алғашқы ي (иай) әрпі көрінбейді. Оның үстіне жазбаның астыңғы жағында белгісіз, анықтауға келмейтін сөз қалдығы бар. Біздің Ясы деп отырған жазбамыз алғашқы сөздің жалғасы болуы да мүмкін.