АНКАРАДА «ЯСАУИ МҰРАЛАРЫ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Түркия Республикасының астанасы- Анкара қаласындағы Йылдырым Баязит атындағы Халықаралық университетінде "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің «Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі ашылды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын іске асыруға бағытталған тарихи шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің өкілдері мен ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымы бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Йылдырым Баязит атындағы Халықаралық университетінің басшылары мен оқытушылар және студенттер, бұқаралық ақпарат құралдары қатысып, исі мұсылман баласын бас игізген Қожа Ахмет Ясауи мен ер түріктің бесігі атанған Түркістан жайындағы құнды деректермен танысып, ыстық ықыластарын жеткізді.

"Түркия Республикасының бірнеше қалаларында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің көрмесін ұйымдастырудамыз. Бастаманың мақсаты-шетел халқына елімізді, мәдениетімізді таныту. Таныта отырып туристер санын ұлғайту болып табылады. ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Оңтүстік Қазақстан облысының киелі орындары бейнеленген туындылар мен құнды жәдігерлер барша келушілердің ерекше назарын аударуда. Қасиетті, киелі жерлерімізге халықтың құрметі жоғары"-дейді, қорық-музей басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.

Салтанатты шара аясында лентасы қиылған көрмеге Қожа Ахмет Ясауидің және Құл Азимнің хикметтері, шамамен 1845 жылдары жазылған, 326 беттен тұратын Қожа Ахмет Ясауидің «Диу-ани Хикмет» кітабының түпнұсқасы, С.Бақырғанидың «Диуан» жазбасы, Ясауи хикметтеріне ұқсас парсы тілінде жазылған Әулие Биделдің «Диуани Бидел» хикметтері, шамамен ХҮІІІ ғ. аяғында түркі тілінде жазылған «Диуани Хикметтен» кейінгі Ясауиге қатысты құнды кітап -Бустан уль-Мухиббин қолжазбасы мен көптеген құнды жәдігерлер жеткізілген.

Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи және Түркістан жайындағы суреттермен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, киелі орындарын бейнелейтін 100-ден аса туындылар қойылған.

ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының ұйымдастыруымен "Кастамону-Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрме Түркия Республикасының Кастамону, Анкара қалаларында ашылып, түбі бір түркі жұртының назарына ұсынылса, алдағы күндері Бурса қаласында жалғасын табады.