Көрмелер

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «25 жылдыққа – 25 шара» жоспарын бекіткен болатын. Жыл басынан Жұма мешіті музейі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Асхана, Құдықхана бөлмелері музейлендіріліп келушілерге қызмет жасауда.

«Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында «Түркістан тарихы» музейі есігін қайыра ашты. Қайта түлеген музей экспозициясы келушілерге Түркістанның тарихынан тың ақпарат берері сөзсіз.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қожа Ахмет Ясауидің 850 жылдығына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ОҚО, Төлеби ауданында «Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы» тақырыбындағы көшпелі көрмесін өткізді. Көрме экспозициясына қорық-музей қорынан жетпістен аса құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тарапынан 2016 жыл – «Ясауи жылы» деп белгіленуі мен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды. Конференция аясында көптеген іс-шаралар атқарылды. Солардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Ақсарай бөлмесіндегі «Ақиқат жолын үлгі еткен даналар мұрасы» тақырыбындағы кітап көрмесі.

18 тамыз күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі кітапхана бөлмесінің оқырмандар залында «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбында фото, кітап көрмесі ашылды. Аталмыш көрме 29 тамыз – халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. ХХ ғасырдың соңында КСРО Үкіметі еліміздің Семей өңірін ядролық қарудың сынақ алаңына айналдырды. Статистикалық мәліметке жүгінсек, бір айда 19-ға дейін сынақ жүргізіп отырған. Жалпыелімізде 500-ге жуық ядролық қаруды сынақтан өткізген екен.

2016 жылдың 27 қыркүйегінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері ғалым-этнограф Ө.Жәнібековтың 85 жылдығына орай Қостанай облысы Арқалық қаласындағы «дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының «Торғайдың Өзағасы» атты көрмесінің тұсау кесері болып өтті.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының кітапханасында Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 80 жылдық мерей тойына орай «Қазақтың біртуар ақыны» тақырыбында фото-кітап көрмесі болып өтті.

26 шілде күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кітапхана бөлмесінде «ЭКСПО тарихы» тақырыбында фото көрме болып өтті. Музей экскурсоводы М. Ибрагимова ЭКСПО-2017 көрмесінің тарихи маңыздылығына тоқталып, бір жарым ғасырлық тарихы бар әлемдегі ең ауқымды ЕХРО-2017 көрмесі елімізде өтетінін атап өтті. Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен туристік саласын дамыта түсетін бұл көрменің пайдасы зор.

15 маусым күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Атырау облысы тарихи – өлкетану мұражайы қорынан ұйымдастырылып отырған «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көрменің салтанатты түрде ашылуы болды. Көрме мақсаты өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және мұражайлар ісін дәріптеу, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорындағы құнды жәдігерлерді насихаттау.

Ағымдағы жылдың 8 маусым күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Тарихтан тартқан тағылым» тақырыбындағы фотокөрме ашылды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тарихтан тартқан тағылым» фотокөрмесінің ашылу салтанатына «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ж.Әубәкір, музей қызметкерлері және қала қонақтары қатысты.

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» тақырыбында фото көрме өткізді. Көрме өскелең ұрпаққа және жастарға Мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтуға,елімізді, жерімізді қадірлеуді мақсат тұтады.

Беттер