Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының 8-11 сынып оқушылары арасында өтетін дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауы туралы ЕРЕЖЕ
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Осы ереже Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының 8-11 сынып оқушылары арасында өтетін дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауының мәртебесін, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.
1. Байқаудың мақсаты мен міндеттері:
• Қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған, Түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтері мен ілімін насихаттау;
• Өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру;
• Жас өркеннің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру;
• Жас буынды ар-имандылыққа, елдік санаға баулу;
• Ұлы баба өнегесімен шәкірттерді көркем мінезге, адамгершілікке, ізгілікке баулу;
2. Байқау екі кезеңнен тұрады:
I іріктеу кезеңі.
Сайысқа қатысушылар алфавиттік ретпен 20 оқушыдан бірнеше топқа бөлініп, әр топ бірінен кейін бірі жеке сынға түседі. Байқауға қатысушылардың алдын-ала берілген хикметтерді қалай жаттағанына көз жеткізу мақсатында сайысты жүргізуші алдымен хикметті өзі бастап, әрі қарай кез-келген бір қатысушыға, тоқтаған жерден жалғастырып әкетуді бұйырады. Ол бір немесе бірнеше шумақты жаңылыспай айтқаннан кейін, жүргізуші келесі бір сайыскерге хикметті үзілген жерінен іліп алып, кідірмей жалғастырып кетуді сұрайды. Жүргізуші осылай жас хикметшілерден жиырма хикметті кездейсоқ ретпен түгелдей сұрап шығуы тиіс. Бұл сында кідіріп тоқтап қалған, хикметті ұмытып қалған, қателесіп хикмет ретінен жаңылған қатысушының екі балы шегеріліп отырады. Сайыс барысында қатысушыларға үш рет қателескенге дейін мүмкіндік беріледі. Үш рет қателескен оқушы сайыстан шығады. Бірінші кезең қатысушылардың жартысы (1/2) шығып қалғанша жалғасады. Сайыскерлерге қазылар алқасы 10 балдық бағалау жүйесі бойынша баға береді.
І кезеңде еш мүдірмей, қатесіз айтып шыққан хикметшіге 10 балл қойылады. 1 рет мүдірген сайыскерге 8 балл қойылады. 2 рет қателескен қатысушыға 6 балл беріледі.
І кезеңнің мақсаты – оқушылардың хикметтерді қаншалықты деңгейде игергендігін, жүрекке сіңіргендігін анықтау, зейін мен зерде қабілетін сынға салу.
ІІ кезең. Қатысушылардың іріктеу кезеңінен өткендері сахнаға көтеріледі. Сайыскерлер алдыңғы кезеңдегідей үш топқа бөлінеді. Бұл сында оқушылар Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтердегі ұғымдарға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге қатысты алдын-ала дайындалған сұрақтарға жауап береді. Жауап беру кезінде хикметтермен байланыстырып отыру қажет. Кезеңнің мақсаты Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің өмірі, шығармашылығы, хикметтегі ұғымдар, кесененің және ондағы жәдігерлердің тағылымдық мәні жайлы қатысушылардың білімдерін сарапқа салу. Сұрақтар билет түрінде болады (техникалық мүмкіндікке байланысты компьютердегі ұяшықтарда жасырылуы мүмкін). Әр билетте екі сұрақтан болады. Қажеттілігіне қарай қатысушыларға қазылар тарапынан қосымша сұрақтар қойылуы мүмкін. Екі сұраққа да дұрыс толыққанды жауап берген сайыскерлерге жоғарғы балл қойылады. Ұпай саны 10 балдық жүйемен бағаланады.
Екі кезеңнен кейін сайыскерлердің барлық кезеңдегі жинаған ұпайлары қосылып, қорытындысында жоғарғы нәтиже көрсеткен сайыскер жеңімпаз атанады. Осы жүйемен қалған қатысушылар да жүлделі орындарға ие болады.
2. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауына қатысушылар
1. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауына оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін оқу орындарының 8-11-сыныптарының оқушылары қатыса алады.
2. Облыстық байқауларда, сонымен қатар Астана, Алматы қалалық байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.
3. ЖҰМЫС ОРГАНДАРЫ
1. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауының ұйымдастыру жұмыстарын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы құрған ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады.
2. Ұйымдастыру комитетінің құрамына қорық мұражайдың жауапты қызметкерлері, Ясауитанушы ғалымдар, т.б. тұлғалар кіреді.
3. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауының республикалық ұйымдастыру комитеті:
• Байқауды өткізудің жалпы тәртібін белгілейді;
• Тікелей басшылық жасауды жүзеге асырады;
• Байқаудың қорытындыларына талдау жасайды және жинақтап қорытады;
• Байқау материалдарын баспасөзде жариялайды;
• Республикалық ұйымдастыру комитетінің төрағасы – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражай директорының ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары.
4. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауының қазылар алқасы
Қазылар құрамына қойылатын талаптар:
1. Ясауи бабамыздың хикмет ілімін және дүниетанымдық философиясын зерттеп жүрген маман болуы тиіс.
2. Кесенедегі эпиграфикалық жазулар және т.б. рухани мұралармен жете таныс маман болуы тиіс.
3. Қазылар алқасы 5 адамнан тұрады.
4. Ұйымдастырушы орган – «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры байқау қазыларының төрағасы болып табылады.
5. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауының жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау
1. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауының ашылуы, қорытындысы және қатысушыларды марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өткізіледі.
2. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауының жеңімпаздары дипломдарымен, қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
3. Республикалық «Ясауитану» білім байқауына қатысушылардың барлығы арнайы – дипломдармен марапатталады.
4. Дәстүрлі «Ясауитану» республикалық білім байқауы бойынша жеті жүлделі орын: бір бас жүлде, бір бірінші, екі екінші, үш үшінші орын, он ынталандыру сыйлығы белгіленеді.
Бөлімі: 



Kop-kop rahmet, ote jaksi otti !..