Ысқақ Бабтың ұрпақтарының бірі Ибраһим шайхтан бір ұл, бір қыз болады. Ұлдың аты Қожа Ахмет, ал қыздың аты Гауһар Шахназ болады. Міне осы екі бала туралы мынадай аңыз-әңгімелер бар.Бірде Қожа Ахмет Иассауи Сайрамда (Испиджаб) тұрған кезінде үйден далаға шықса, әкесі Ибраһим шайық бақшасында жер шұқып отыр екен. «Ата, не істеп отырсыз?»-деп сұрағанда: - «Е, балам, егістікті жегенелеп отырмын»-деп жауап береді. «Оған уақыт жұмсап әуре болып кәйтесіз, бір ауыз сөзбен бітірмейсіз бе?»-дейді. «Ондай қолымнан келмейді. Қолыңнан келсе, жасай қой»,-дейді әкесі. Сонда жас Қожа Ахмет тұрып: «Жегенең жерге қал, бегенең шетке шық» дегенде артық егіннің бәрі жүйектен шығып, шетке үйіле қалады.
Дәрет алып келген атасы қайран қалып: «Е, балам, сені осындай дәрежеге дейін тәрбиеледім, енді көріп тұрсам мен саған ұстаз болалмаймын, сен білім жетілдіруіңді тоқтатпай ары қарай ізденуің қажет» деп ақ батасын беріп шығарып салады. Ясауидің мінген ак түйесі
Яссыға (Түркістанға) келіп бірақ тоқтайды. Түйесінің шөккен жерін ол өзіне мекен етеді. Арада біраз уақыт өтеді. Бір күндері Қожа Ахмет ата-анасына сәлем беріп қайту үшін Сайрамға келеді. Дем алып, тыныстаған соң, атасы сөз козғап: «Иә, қарағым, қайда болдың, қай жерге қоныс
тептің?»- деп сауал береді. Сонда ол: «Сол ақ түйем шөккен Яссы шаһарына»,-деп жауап береді. Сол жер мына қазіргі Қожа Ахмет Иассауи ғимараты жайғасқан жер. Сонда атасы тұрып: «Балам, сол жердің халқымен сұхбаттастың ба, не байқадың?» дегенде, «Иә, ата, сұхбаттастым, бәрін де білемін, бірақ соны біле тұра, мен сол жерге қоныс тебуге бел байладым»,-деп жауап береді. Баласын сынамақ болған Ибраһим шайх: «Иә, не байқадың, айтшы»,-дегенде жас Қожа Ахмет былай жауап берген екен: «Ол жердің халқы арқаңнан қағып тұрады бірақ, аяғыңнан шалып тұрады екен». Сонда мұны есіткен атасы, баласының зеректігіне дән риза болып: «Иә, балам, дұрыс айтасың, бірақ соны біле тұра, неге қоныс тептің?» дегенде: «Жақсыны жолға салу оңай, ал жаманды жолға кім салады» деген екен.
С.Құрбанқожаев
5-Наурыз, 2010 | 576 рет қаралған
Бөлімі: 


