Шығыс моншасы

(XVI - ғасыр). Бұл кітапшада «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы құрамына енген ХҮІ ғ. соңындағы сәулет өнерінің ескерткіші – Шығыс моншасы ғылыми-танымдық тұрғыда сипатталады.Түркістандағы шығыс моншасы ортағасырлардағы халқы тығыз қоныстанған Ескі Түркістан қаласының ортасында, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік шығысында 80 м қашықтықта орналасқан. Зерттеушілердің пікірінше, монша 1580 – 1590 жж. кесенеге келетін зияратшылардың арнайы дәрет, ғұсыл алып кіруі үшін салынған. Ортағасырлық сәулет өнері шеберлерінің озық тәжірибесін көрсететін бұл монша жартылай жер астына орналасқан көп күмбезді құрылыс. Негізгі өлшемдері 15х17 м, биіктігі 4,8 м, қабырғаларының қалыңдығы 1м. Сыртқы беті өрнексіз, біркелкі 25х25х5 см күйген кірпіштен салынған. Кезіндегі 7 бөлмеге кейіннен қосылған кіреберіс бөлмесі мен ашық айваны бар бес күмбезді моншаның әрбір бөлмесі әртүрлі қызметке арналған. Олар қызметіне қарай – дәліз, орталық жуыну, ыстық және салқын су, массаж бөлмелері мен тазалық бұрыштары және кіреберіс бөлмесі мен ашық айван болып бөлінеді. Монша тарихын зерттеген ғалымдар ең алғашқы моншалардың Греция мен Римде пайда болғанын айтады. Бірақ архитектор В.Л. Воронина римдік «термы» деп аталатын жүзу бассейндері мен су ванналары бар моншаларды Үндістанның Пенджаб өлкесіндегі Мохенджо-Даро қаласының біздің заманымызға дейінгі 2300 – 1750 жылдарын қамтитын мәдениет қабатынан аршылып алынған қоғамдық моншаның қайталануы екендігін айтады. Зерттеушілер Орта Азиядағы моншалардың тарихын Жерорта теңізі маңындағы халықтармен байланыстырады. Орта Азиядағы моншалар VІІІ ғасырдан бастап салына бастады деген пікір бар. Орта Азияның аса ірі қалаларында моншалар ондап, тіпті жүздеп саналатын болған. Қазақстанның ортағасырлық ірі қалаларының бәрінен монша орындары табылуда. Біздің өлкедегі ең ертедегі монша Тараздан табылды. Дамыған ортағасырлық (ХІІІ – ХVғ.) моншалардан ертедегі моншалардың айырмашылығы олардағы әртүрлі хош иісті әуіздердің (ванна) көп болуы. Неше түрлі өсімдіктер мен минералды заттарды суда қайнату арқылы дайындалатын мұндай әуіздер денсаулыққа пайдалы екені сөзсіз. Бертін келе шығыс моншасы бір құрылыммен салынып, бірнеше бөлмелерге бөлінетін болды. Олар: жуыну бөлмесі – миян сарайы, белдемше тарататын – лунгихана, киім шешетін – чомахана, ыстық суға арналған – гармхана, суық су алатын – хунукхана, сабынданатын – саршуй, демалатын – чайхос, құдық орналасқан – чоххана, от жағатын – гулхан және отын сақтайтын, т.б. қосалқы бөлмелері болған. Мұндай толыққанды құрылыс «хаммами мухтасар» деп аталған. Бір ерекшелігі, мұндай моншалар ыстықты ұзақ сақтау және түтіннің тартылуын күшейту мақсатында жартылай жерге көміліп, тек күмбездері ғана көрініп тұратындай етіп салынған. Олардың кейбірі екі бөлімнен, ерлер және әйелдер бөлімдерінен тұрды. Ал кейбірі бір күн ерлер, бір күн әйелдер түсетін етіп салынған. Мұнан бөлек әр кварталда, мешіт, медіреселерде қазіргі душтарға ұқсас моншаның кішірек түрі «мурича» жұмыс істеген. Сонымен қатар мұндай муричалар ірі қызметкерлердің, саудагерлердің, оқымыстылардың үйінде де болған. Шығыс моншасы ХІ ғасырдан бастап «гармоба» (тәжікше), кейінірек ХҮ ғасырда «хаммам» (арабша) атала бастады. Ибн Синаның жазуынша, адамдар мұнда емделу үшін де аптасына екі реет келетін және түрлі өсімдіктерден, шөптердің күлінен қайнатқан тұнбалардан, мыс, темір тотықтары мен құмтас, купорос, күкірт ерітінділерінен дайындалған ыстық тұнбалы сұйықтықтарға шомылып ем қабылдайтын болған. Мұндай ерітінділер арнайы әуіздерде сақталған. Сонымен қатар, бұл моншаларда «қадымшылар» деп аталатын арнайы адамдар емдеу және сергіту үшін уқалау (массаж) ем-домын жасаған. Түркістандағы шығыс моншасы осындай моншалардың өте ұзақ уақыт жұмыс істеген озық үлгісі. Қазақ хандығының уақытша әлсіреген тұсында Түркістан қаласының билігі Шайбанилер әулетінің ханы Абдолла ІІ (1583 – 1598ж.) қолына өтеді. Халыққа төрт ғасырдай (ХVІ – ХХғ.) қызмет етіп тұрған Түркістандағы Шығыс моншасы осы кезеңде салынып, 1975 жылға дейін халыққа қызмет жасап тұрды. Дәліз – киініп-шешінетін кіреберіс бөлме. Орта Азиялық кірпіштерді тік қалау әдісі арқылы, «балхи» үлгісімен төрт «желкен- нен» тұратын күмбезді барабан немесе арка қолданбастан төрт бұрышты қабырғаның үстіне орнату – бөлме құрылысының негізгі ерекшелігі болып табылады. Басқа бөлмелермен салыстырғанда, жоғарыдағы жарық түндігі үлкенірек, себебі тыныс алуға ауаның еркін алмасуы үшін қолайлы етіп салынған болуы керек. Дәліз және моншаның қалған бөлмелерінің едендері мен отыруға арналған сыпаларына тұтас мәрмәр плиталар төселген. Сырттан жағылған оттың қызуы осы тастардың астындағы арнайы жолдармен жүріп барлық бөлмелерге тарап, едені мен сыпаларды қыздырған. Суыған ауа еден асты қуыстарының соңындағы бу сақталатын орындарға жиналып, арнайы шахталар арқылы сыртқа шыққан.
Орталық жуыну бөлмесі – ортасында 8 қырлы сыпасы бар, сол сияқты сегіз қырлы қабырғалары жоғары қарай күмбезге ұласатын сегіз бұрышты ең үлкен бөлме. Моншаға сыртынан қарағанда әуелі көзге түсетін осы жуыну бөлмесінің күмбезі. Күмбездегі диаметрі 40 см-дей түндікпен қатар, күмбездің оңтүстік жағынан және қабырғаның солтүстік жағынан қойылған 2 кіші терезесі бөлменің ауасын тазартумен қатар, ішке жарық түсіріп тұрады. Бұл бөлмеден айнала басқа бөлмелерге өтетін есіктер тарайды. Ол бөлмелерде де айнала отыруға арналған мәрмәр сыпалар орналастырылған. Сыпалардың төменгі жағынан лас су ағатын темір тесіктердің біреуін тазалау үшін ашық қалдырып қойған. Дәлізден орталық жуыну бөлмесіне кірген бойда еденге төселген ертеден қалған жалғыз оюлы мәрмәр плитаны көруге болады. Монша ішінде әр ғасырларға жататын мыстан жасалған ыдыстар – шелектер, құмғандар және шылапшындар да бар. Жылу әуелі ыстық бөлме арқылы осы бөлмеге келіп, ары қарай басқа бөлмелерге тараған. Бөлменің биіктігі 4,8 м.
Ыстық су бөлмесі – монша ошағына жақын орналасқан ең ыстық бухана есебіндегі бөлме. Сырттан жағылған от арқылы қазан ішіндегі қайнаған суды ожаумен алуға ыңғайлап ойық жасалған. Дәлізден кірген Адам бұл бөлмеге кірмес бұрын алдымен орталық бөлмеде шамалы уақыт отырып, ыстық бу қабылдауға денесін дайындайтын болған. Бұл, бірден ыстық бөлмеге кіргеннен қан қысымының көтеріліп кетпеуі үшін жасалған. Мұнда кірген соң екі-үш адам еркін жайғаса алатындай етіп жасалған үлкен сыпаға отырып бу қабылдаған. Адам денесінен тердің көп бөлінуі нәтижесінде зат алмасу, қышқылдану процесінің күшейетінін, денедегі шлактың шығатынын да сол уақыттарда жақсы ұғынған.
Салқын су бөлмесі – ыстық бөлмемен қабырғалас орналасқан салқын бөлме. Бөлмеге кіретін бұрыштағы созылыңқы есік ойығы суық ауаның орталық бөлмеге тікелей ұрмауын қамтамасыз етеді. Бір таңқаларлығы, қазіргі кезде от жағылмай, күн сәулесі екі бөлмеге бірдей түсіп тұрғанның өзінде екі бөлменің температурасы екі түрлі (айырмашылығы 30С). Шығыс моншаларында мұндай ыстық және салқын бөлмелердің қатар қарас- тырылған себебі – моншаға келушілер ыстық бөлмеден кейін салқын бөлмеге кіріп денені ширатып, шынықтыратын болған. Екі бөл- меге кезек-кезек кірудің себебінен дене жасушалары тітіркеніп, имунитеттің күшеюіне ықпал етсе, қан тамырларының кеңеюі жүрек соғуын жеңілдеткен. Моншаның ішкі құрылысына мән берер болсақ, бөлмелерінің есігі жоғын көреміз. Солай бола тұра әрқайсысының темпера- турасы әртүрлі, себебі бөлме өткелдері аласа етіп жасалған. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай дәлізден орталық бөлмеге және орталықтан салқын бөлмеге кіретін есік өткелдері ұзын және қиғаш етіп жасалған. Белгілі мөлшерде бұған монша қабырғаларының қалыңдығы да әсер еткен.
Массаж немесе уқалау ем-до мы бөлмесі – орталық жуыну бөлмесінен кейінгі ең үлкен бөлме, өйткені бұл бір уақытта бірнеше адамға қатарынан массаж жасауға арналған. Бөлменің биіктігі 4,4 м. Бұл бөлмеде сыпалардың орнатылмауы массажды, астынан жүргізілген жылу жүйесі арқылы қызып тұрған плиталардың үстінде жасалғанын көрсетеді. Екі бөлмеге кезек-кезек түсуден ширап, массажға ыңғайланған денені қадымшылар уқалап қан айналуын жақсартқан. Массаж жасайтын арнайы «қадымшылардың» кәсібі атадан балаға қалып отыратын өнер болып табылып, бір әулет тек массажбен айналысқан. Бұдан моншаның тек жуынатын орын ғана емес, белгілі мөлшерде денсаулықты да қалпына келтіретін жер екені аңғарылады.
Тазалық бұрыштары – орталық жуыну бөлмесінің оң жағынан жасалған көлемі 1х1 м. арнайы қуыс бөлмелер. Едені биіктеу жасалғандықтан лас су бөлменің ортасындағы арықша бойымен әуелі орталық бөлмедегі еңкіш едендерге ағып, сонан соң темір торлардан сыртқа кететін болған. Бұл екі бөлмеде адамдар оңаша отырып, қырынып, тырнақ-шаштарын алып тазаланған. Ашып-жабуға жоғарыдан түсірілетін ши перделер қолданылған. Бұл бөлмелерде де гигиеналық құмғандар мен кішкене шылапшындар қойылған. Моншаның бұл бөлмелерінің бәрінің едендеріне көлемі 1,5х0,8 м болатын мәрмәр плиталар төселген. Бұл жаңа плиталар әуелгі (ХVІ ғ.) мәрмәр плиталардың орнына төселгенін орталық бөлмедегі ескі мәрмәр плитаға қарап білуге болады. Қабырғаларының құрылысын көрсету мақсатында моншаның ішкі жағының сылақтары бұл күнде аршылып тасталған. Мұндағы ерекше назар аударарлық нәрсе – моншаның еденінің астымен жүргізілген жылу жүйесі. Моншаны жылыту плиталардың астындағы өлшеніп, дәл ретпен қойылған тастардың арасындағы құбырлармен өтетін ысытылған ауа, яғни сырттан жағылған пештің жылуы арқылы іске асқан. Моншаға жалғасқан төбесі жабық, айналасы ағаш тормен қоршалған ашық айван, қазіргі тілмен айтқанда бастырма ХХ ғ. қосылған. Моншаға күмбездермен қатар ерекше сән беріп тұрған осы бастырманы моншадан кейін шәй ішу үшін салдырған болуы керек. Ал кіреберіс бөлме моншаға адамдарды қабылдау үшін салынған. Мұндағы монша жайында көп мағлұмат беретін планшеттер мен суреттерде ерте ортағасырлардағы (ХІ ғ.) моншаға түсу ережесі (үзінді) мен монша кереметі, Шығыс моншасы жайында екі (қазақ және орыс) тілдегі мәтін және моншаның жылу жүйесі мен моншаның ішкі бөлмелерінің картиналары орын алған. Жартылай жер астына орналасқан монша қабырғаларын бертін келе қазылып аршылған айналасындағы жер бедерімен салыстырып көруге болады. Бұл моншаға бір кіріп көріп шыққан адам орта ғасыр шеберлерінің өз кәсібін жоғары дәрежеде меңгергендігін, даналығын таниды. Мұндағы, моншаның ерекше технологиямен жасалған кірпіштен қаланып, сан ғасырлар бойы қабырғалары мен күмбездері мызғымай берік сақталуы, еден астынан жүргізілген жылу жүйесін және жылу алмасу құбылыстарын шебер пайдалану арқылы есіксіз бөлмелердің әрқайсының температурасы әртүрлі сақталуы, моншаның өте ұзақ уақыт жұмыс істеуі, сөзсіз, сол кездегі сәулет өнері мен ғылымның зор жетістігін көрсетеді. ХХ-ғасырдың 80-ші жылдары Алматыдағы «Арасан» емдеу-сауықтыру орталығының ең күрделі жобасы осы «Шығыс моншасының» үлгісі бойынша салынғандығы мәлім. Дәл осы үлгідегі моншалар Ташкентте, Самарқанда, Бакуде, Венгрияда және Түркияда кездеседі.
Ортағасырлық әдеби мұра «Қабуснамада» моншаға түсу ережелері жайлы:
«Балам саған айтам: моншаға қарныңды толтырып барма, ол – залал, күнде бара берме, ол – зиян… Моншаға екі күнде бір рет барған жөн. Қыста да, жазда да денеңді үйрету үшін алдыңғы бөлмеде біраз бол, келесі бөлмеде де аялда, сонан кейін ғана ыстық, бөлмеде масаттануыңа болады. Бірақ онда да көп отырып қалма. Моншаның ыстығы тәніңе толық әсер еткен соң оңаша бөлмеге барып жуын, басыңды жу. Моншада тәніңе ыстық-суық суды құя берме, оның да шарқын біл. Оңаша бөлме бос болса бақыттымын деп біл. Өйткені, ғұламалар бос моншаны «олжаның олжасы» деп есептеген. Шығарда шашыңды құрғат, сулы шашпен тысқа шығу парасатты және құрметті адамдарға лайықсыз. Сулы шашпен тысқа шығып, қадірлі қауымға көріну – әдепсіздік. Моншада сусын, су ішуден аулақ бол. Бұл өте зиян және денеңнің ісінуі мүмкін…» деген өсиет сөздер жазылған.

Пікір жазу