Зиярат әдебі

Бұл кітапшада Ислам дініндегі зиярат әдебі жайлы Құран аяты, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі негізінде, Әзірет Сұлтанның кесенесіне байланыстырыла баяндалады.Мұсылмандардың туған-туысқанының, Әулиелердің қабіріне зиярат етіп баруы Құран Кәрім мен Хадис шарифтен бастау алып, Ислам дінінде ертеден қалыптасқан ізгі дәстүрлердің бірі. “Зиярат” сөзі – арнайы көруге бару мағынасын білдіреді. Ислам дінінің негізгі қағидалары әулие-жақсыларды «өлгендер» деп айтуға болмайтынын, олардың – тірі екендігін, Тәңірдің алдында ризық-несібелерін пайдалануда екендігін айтады. Осы жайлы Құран Кәрімде бірнеше аят бар. Мысалы: Мағынасы: «Құдай жолында құрбан болғандарды өлдіге санамаңдар. Керісінше, олар тірі. Құдай алдында ұжмақ ризығынан дәм татады (3/169)»Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан хадистерінде қайтыс болған адамның мәйітіне өте ұқыпты болу керек екенін ескертеді. Себебі, мәйіт кімнің жуындырып, кебіндеп жатқанын, жаназа намазына кімдер қатысқанын және денені көтергендердің, топырақ салушылардың кімдер екенін біледі, бірақ олардың жағдайы сендерге құпия делінген. Тіпті қабірдің үстін баспауды, басқан жағдайда көмілгендерге қиындық болатынын ескертеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиетіндегі зиярат әдебі бойынша тірілерге беретін сәлем түрін қабірдегілерге де арнап берген. Мысалы: «Қабірстанға барғанда немесе бір момын-мұсылманның қабірінің қасынан өтсең: Мағынасы: «Ассаламуғалайкум момындар мен мұсылман қауымы! Алла қаласа, біз де сіздерге қосыламыз. Сіздерге және өзімізге Алла Тағаладан амандық тілейміз» деп сәлем беру жайлы өсиет қалдырған. Зиярат барысында бағыштаған Құран аяттарының, тіленген дұға-баталардың сауабынан қабірстанда жатқан момын-мұсылман үшін орасан зор игілік, жақсылық болатынын және жасалған құлшылық, амалдардың сауабы оларға қапысыз жететінін дін ғалымдары бір ауыздан мақұлдаған. Мысалы: ғалым әз-Зайлағи «Кәнзға ашықтама» атты еңбегінің «басқалар үшін қажылық жасау» бабында: Мағынасы: «Әһлі Сүннет уал жамағаттың” жолы бойынша адам өзінің жасаған амалдарының, мысалы: намаз,ораза, қажылық ғибадаты, садақа, Құран оқу, зікір айту сияқты амалдарды орындау арқылы немесе осылар сияқты жақсы істердің басқа да түрлерін жасап, бағыштаса сауап о дүниедегі мұқтажға жетеді, әрі ол үшін пайдалы болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Өлген ата-анаңа намаз оқу арқылы, ораза ұстау арқылы жақсылық жасай аласың» деген. Халқымыз ұстанған имам ағзам Әбу Ханифа мазхабына тән әдебиеттерден зияраттың сауабы және зиярат әдебі туралы көптеген деректер кездеседі. Мысалы: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі қошқарды құрбандыққа шалғаны, біреуін өз атынан, екіншісін Аллаға иман келтіріп, өзінің пайғамбарлығын мойындаған барша үмбетінің атынан сойғаны» айтылған. Тағы осындай хадистерде: Мағынасы: «Кім қабірстан жанынан өткенде «Ықылас» сүресін он бір рет оқып, сауабын өліктерге бағыштаса, оған көрістанда жатқан адамдардың санынша сауап жазылады», Мағынасы: «оларға бағышталған сауап жетеді. Сендерге біреу бір табақ сыйлық берсе қандай қуанасыңдар, олар да сол сияқты қуанады» деген нұсқаулар бар. Жақсылар үшін бағышталған сауаптар – олардың дәрежесінің жоғарылауына, қателіктері бар мұсылман үшін арналып жасалған амалдар – олардың азабының жеңілдеуіне септігі тиеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шарифінде: Мағынасы: «Расында Алла Тағала жақсы пендесінің дәрежесін жоғарылатқанда, аруақ өз хәліне таңырқап: – Бұл маған қайдан пайда болды? –деп сұрайды. Оған: – Сенің перзентің сен үшін истиғфар (кешірім, жарылқау) сұрады, міне бұл сол үшін берілді, – дейді». Әулие-жақсылар көзі тірісінде халыққа тигізген шарапатымен, үлгі-өнегесімен қаншалықты ғизат-құрметке лайықты болса, қайтыс болғасын да, олардың рухани ықпалы жойылмай жалғаса береді. Қасиетті топырағымызда жатқан сондай Әулиердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи бабамыз Ислам ақиқатын паш етіп, Аллаға махаббаттың үлгісін көрсетіп, халықтың шексіз сүйіспеншілігін иеленген. Қожа Ахмет Ясауи 1166 жылы дүниеден өткесін, тарихи мәліметтерге қарағанда, XII ғ. өзінде-ақ оның қабірінің басынашағын кесене тұрғызылып, XIV ғ. соңында Әмір Темірдің бұйрығымен алып кесене салынған. Әулие қабіріне ағылып келіп жататын зиярат етушілер легінің күні бүгінге дейін толастамауы Құдайдың сүйіспеншілігін иеленген досына көрсетілетін құрмет және Әулиенің рухани ықпалының мәңгі-бақилығының белгісі. Әмір Темірдің Әулиелер сұлтанына зор құрметпен салған ғажайып ескерткіші әлемдегі теңдессіз жәдігерлердің қатарынан оның
алады. Әулие-жақсылардың қабірінің үстіне соғылған күмбезді ғимаратты кесене деп атайды. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына тұрғызылған кесене әулиенің зираты болуымен қатар, ғасырлар бойы кешенді діни-әлеуметтік қызмет атқарып келген, хикмет дәстүрін қалыптастырған – ханака. Сондай-ақ, Ясауи негізін салған хәл ілімінің бүгінгі күнмен жанды байланысын түзетін ғибратты мән-мағынаға толы – ашық кітабы. Бұл өлкеде осындай үлгідегі кешенді діни-әлеуметтік қызмет атқарған текиелердің кеңінен таралғаны белгілі. Кесене жанында жерленген қастерлі хан-сұлтандар, қадірлі билер мен батыр бабаларымыз да халқымыздың ел болып қалыптасуына зор ықпал еткен тарихи тұлғалар. Олар Әулиелердің қабірде және қияметте тигізер шарапатынан үміт еткен, сондай-ақ Ясауиді пір тұтып, кең байтақ даламыздың рухани тұтастығының кепілі деп білген. Сондықтан Әзірет Сұлтанның маңына жерленуін өзінің бақұлдасар тілегіқылған тұлғалар Оның жанындамәңгілік жай тапқан. Пайғамбар сүннетіне адалдықтың өнегесін көрсеткен Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасы, ілімі мен сопылық дүниетанымы сол уақыт пен кеңістік ауқымында Ислам әлеміне тың серпіліс, жаңа өріс, серпінді даму берген түркі- ислам сопылығын қалыптастырғаны белгілі. «Кемеңгер ғұламаның қабірі басына Әмір Темір тұрғызған кесене Орта Азия мен Қазақстандағы ең қастерлі мінажат орнына айналды. Еділден Ауғанға дейінгі, Қап тауынан Қашқарға дейінгі ұланғайыр кеңістіктегі мұсылмандар Қожа Ахмет Ясауи қабіріне тауап етіп қайтуды дәстүр тұтты» деген Елбасы Н. Назарбаевтың сөзі де Әзірет Сұлтан қабіріне зиярат жасаудың мән-маңызын аша түседі. Шәді Жәңгірұлының «Тарихат» дастанында Абылай ханның Әзірет Сұлтанға зиярат жасауы баяндалған. Абылайханның әулие рухына құрметі мен сол замандағы зиярат жасау әдебі жыр жолдарында анық көрінеді: Әзіретке жер қалғанда жақын шама, Сол уақытта Абылайханның көзі түсті, Салынған күмбез биік мұнараға. Абылайхан жүйрік атын отқа қойып, Жүрділар әдеп сақтап жаяуланып, Көзінен жасын төгіп барар ерді, Әулие хақтығына көңілі тойып. Ақыры Әзіретке бұлар келді, Мазардың тағзым етіп ішіне енді. Қабірға жүзін беріп қариялар, Дұға қып тікесінен тұрар еді, Орнына зияратын құп келтіріп. Зиярат амалы адамның жүрегі жұмсарып, бір сәт болса да ақыретті еске алып, сапарынан мол ғибратпен оралуына себеп болады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Медет» деген сыр сөзінде бірінші Алла Тағаладан медет сұрайды, одан кейін қатарынан Адам ата мен Хауа анадан, бірнеше ұлық пайғамбарлардан медет сұрап, ақырында Хазіреті Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.), одан кейін төрт шариардан, одан соң Хасан мен Үсеннен медет сұрайды да одан кейін:
Дін жолын Ол түзеткен,
Хақ зікірін берік тұтқан,
Халайыққа жол көрсеткен,
Ғаусул ағзам сенен медет, – деп жалғастырып, араға Имам Ағзамды қосады. Сыр сөзінің соңында:
Кәміл дүр сенің пірлерің,
Барша білер сырларын,
Түркістан дүр жерлерің,
Әзірет Сұлтан сенен медет, – деп Алла тағаладан сұрап бастаған медетін Ахмет Ясауи бабамызбен аяқтайды. Дін ғұламалары әулиеден медет тілеу мәселесін қарастырып, уасила – араға салу, истиғанат – медет тілеу тақырыптарының аясында талқылаған. Бұл екі мәселе Ислам дінінде тұжырымдалып, құпталып өз шешімін тапқан. «Әулиеге екі дүние бір қадам», «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», «Жақсыдан шарапат, кесапат», «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген халық даналықтарында әулие-жақсылардың қадыр-қасиетін, беделін, дәрежесін айқындап зиярат амалын құптайды. Дұға жасап, ғибрат алу мақсатында әулие аралап, сапарға шыққан мұсылмандар – зияратшы, ал зиярат етілетін әулиенің қабірі – мазар деп аталады. Дұға-тілектің Алла алдында қабыл болуы, аруақтың разы болуы – зиярат әдеп-тәртібінің дұрыс орындалуымен байланысты екенін ұмытпаған жөн. Кесенедегі жазулар мен заттардың орналасу реті мен тәртібі о бастан қалыптасқан зиярат ету қағидаларына сай жасалған. Зияратшылар сақтауға тиісті әдеп-тәртіптері. Ниет тазалығы – Алла ризалығы үшін Әулие мазарын зиярат ету;
– Әулиеге және оның маңайына жерленген игі-жақсыларға, дүниеден өткен ата-ана, бабаларымызға, туыстарымызға Құран оқып, дұға бағыштап, одан соң дүниеден өткендер үшін, Құдайдан рахым-шапағат, кешірім мен жарылқау тілеу;
– Елбасына абырой және халыққа қызмет жасап жүрген азаматтарға ынсап, хидаят-тауфиқ, береке-бірлік, ел-жұртымызға амандық пен тыныштық, халқымызға ауызбіршілік пен ынтымақ, отбасымызға, туған-туыстарымызға, өзімізге амандық, игілік, болашақ ұрпаққа ізгілік, тура жол, дұрыс бағыт-бағдар, екі дүниенің бақытын тілеу;
– фәнидің өткіншілігі, бақидың хақтығы жайлы ғибрат-сабақ алу ниетімен келгенімізді есте сақтайық.
ІІ. Тән тазалығы
– Жан тазалығы және тән тазалығыүшін дәрет алу;
– жүрген жерлеріңіздің, қоршаған ортаның тазалығын сақтау;
– темекі шекпеу.
ІІІ. Әйелдер үшін
– Зияратқа ер-азамат туысқаныңызбен немесе әйелдер тобымен келгеніңіз абзал;
– киіміңіз ашық-шашық болмасын.
Шашыңыздың көрінбегені, басыңыздың жабық болғаны дұрыс;
ІV. Зиярат ету әдебі
– Мұражай аумағына кіре бастағанда: «Ассаламуғалайкум момындар және мұсылман қауымы! Алла қаласа, біз де сіздерге қосыламыз. Сіздерге және өзімізге Алла тағаладан амандық тілейміз!» деп, Мүслім Рауаят еткен хадиске сай жалпылама сәлем береміз.
– Әзірет Сұлтан мазарына жеткенше бос, әдепсіз сөздер мен істерден, өсек-аяңнан аулақ болғанымыз дұрыс;
– кесененің қасиетті табалдырығын аттаған соң «бісмілләһир-рахманир-рахим» деп Әзірет Сұлтан жатқан қабірхананың батыс тұсындағы дәлізге кіреміз, мазардың тұсындағы терезеге қарап отырамыз (немесе тік тұрамыз) да: «Ассаламуғалайкум момындар және мұсылман қауымы! Алла қаласа, бізде сіздерге қосыламыз. Сіздерге және өзімізге Алла тағаладан амандық тілейміз!» деп Хадис шариф негізінде, Әзірет Сұлтанға арнайы сәлем береміз;
– Құран оқып, дұға бағыштаймыз;
– дәлізден шығатын кезде әдеп сақтап, арқамызды Әзірет Сұлтанның қабіріне қаратпай шыққанымыз абзал. Оң жақтағы мешіт бөлмесіне кіріп нәпіл намаздар оқып, зікір-салауат айтып, Құран оқып, сауабын Әзірет Сұлтанның рухына, жақын маңда жатқан бабалар рухына және барлық аруақтарға бағыштауға, Алла Тағалаға мүнәжәт жасауға мүмкіндік бар.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген әрбір зияратшы Ясауи ілімінің өміршеңдігіне куә болады. Өзінің рухани, діни, қажеттілігіне сай ғибрат алып, елдіктің және мемлекетшілдіктің ордасы болған ғимаратқа келіп тарихи танымын кеңейтеді. «Көп тілеуі – көл», «Елде болса ерінге тиеді» деген халық даналығына сай әуелі Елбасының, халықтың, одан соң отбасының, өзінің тілеуін, мұқтажын тілеп, ортақ ниетін білдіреді. Бүгінгі еліміз тәуелсіз даму жолына түсіп, халқымыздың рухани мұраларын зерттеудің өзектілігі артқан тұста кесененің – қасиетті зиярат орны болуымен қатар, Ясауи ілімінің ашық кітабы ретіндегі танымдық-ғибраттық мәні де арта түсуде. Зияраттарыңызды, тілеген дұға-тілектеріңізді Алла Тағала қабыл етсін!

Пікір жазу