10-ХИКМЕТ. Хай Зікірі

Хақ жаратқан – Бір Алланың жанабына ұш,

Лағин шайтан жолдарынан қайтың, достар.

Ықыласпен махаббаттың шарабын іш,

Жан-жүрекпен Хай* Зікірін айтың, достар.Сол шарапты – айтып ішсең Хай Зікірін,

Жолда жатсаң, танымассың қайғы түрін.

Харап болмас Аллаң үшін қай бітімің?! –

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Зар илесем босағаңа еңсемді ұрып,

Алқа құрып, қойсаң жұртты теңселдіріп.

Зікір айтып сол сұхбаттың терсем дүрін –

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Ғылымына амал қылған – сауап алар,

Өлгенде ертең тар лахатта дауа болар.

Алла, Расул: «Дінің кім?» – деп жауап алар,

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Мүңкір-Нәңкір: «Раббың кім?» – деп сұраққа алар,

«Қал» ілімі пайда бермес – жырақ қалар.

Сорлы-ау, сонда халің нешік – сынақ болар?! –

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

«Алла» деген жүректерден бал ағылды,

Ақыретте Алла амалын пана қылды.

Амал қылған шын ғашықты дана қылды,

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Көз жасың – май, халің – білте, сөзің – шырақ,

Ғибрат алмас тас жүректер көзін шылап.

Жол үстінде топырақ болғын өзің, шырақ,

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Ессіз ғалым амал қылмай тая құлар,

Оқып ұқпас, дүние жыйнар аяғы бар.

Менмендікпен есіл ғұмырын зая қылар –

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Сыртты бұзып, ішті түзе ғалым болсаң,

Мақшар таңы жағылады жаныңнан шам.

Жолда қалсаң, тәубә қылып жалынған – сән.

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Ғалым сол-дүр, намаз оқып тағат қылса,

Хақтан қорқып ақыретін абат қылса.

Құран оқып, еңіреп, малын харап қылса,

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Ол ғалымның жасы кеппес жанары бар,

Сахарларда ерте тұрып нала қылар.

Хақтың жолын күйген жанға пана қылар,

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Тарт қорлықты, кәпір нәпсің басы қатсын,

Бұл дүниеде жаны өртенсін, жасы да ақсын.

Топырақ бол, ғалам-дария басып ақсын!–

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Қорлық тартып Хақ Мұстафа «үмбет» деді,

Күнәһардың қамдарын жеп, дірдектеді.

Сол себептен еңбегі оның құр кетпеді,

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Хақ-Тағала қылмасын деп тозаққа отын,

Бауыры күйіп, демі өртеніп, тежеп дәтін,

«Үмбетім» деп батты ол ұлық азапқа тым,

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

Құл Қожа Ахмет, алам десең Хақтан үлес,

Баязиттей нәпсіңменен, жатпа, күрес.

Әй, бейхабар, үмбет болсаң арттан ілес! –

Жан-жүрекпен Хай Зікірін айтың, достар.

—————————————————————–

Хай* – АЛЛАНЫҢ Тірі деген сыйпаты.

Пікір жазу