8-ХИКМЕТ. Кімдер үшін келді расул?

Құдай – Нұры, Алла досы, ол – Мұстафа,

Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?

Хақ мақтауы, Көк жаттауы, ол – Мұстафа,

Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?Қан ағызды көзінен ол кімдер үшін?

Барды – талақ, өзін кәуап қылды ел үшін,

Үмбет болсаң үлгеріп же бұл жемісін,

Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?

Көрмедің бе, жылай-жылай көзі іскенін,

Жұлынды үзген зіл салмаққа төзіскенін,

Сонда жөн боп көріне ме өз істерің,

Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?

Ей, достарым, үмбет қайда білер мұны,

Табар шексіз нығмет, пайда жігерліні,

Соны ұққанның қияметте күлер күні,

Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?

Расул қадірін ойладың ба тереңірек,

Сүннетіне бойладың ба әдебі көп,

Расул үшін көрдің бе бір зар еңіреп,

Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?

Құл Қожа Ахмет, қылды сені жат күш қапа,

Қылғай опа үмбеттерім жаққыш жапа. –

Үмбеттерге осылай деді хақ Мұстафа,

Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?

Пікір жазу