1-ХИКМЕТ. Уа, Жаратқан

Уа, жаратқан! Хақ есігін аш алыстан,

Мен бір жемтік, жеді нәпсім – аш арыстан.

Күнәм шексіз, бақытсыздық батпағынан

Шығара гөр, мен бейбақты қасарысқан.Дүние – нәпсі, соны іздеген соры қалың

Иттей болдым, сүйек тастар жолыма кім?

Қара басты! – Хақ жолынан мен адастым,

Қайда барам, ей, достарым, не қыламын?

Нәпсі, шайтан жүргізеді жарлық маған,

Бір пенде жоқ соған құл боп шалдықпаған.

Пендең сорлы – танымаған оң мен солды,

Уа, дариға, қасіреттен қаңғып барам.

Десе сенбе: менен де өткен болды әлемет,

Қылығыммен салып біттім елге де әлек.

Жүзім – қара, басып өткен ізім қара,

Қай түріммен көрінемін, мен – қарабет?!

Әзіз жанның жақсылығын танымадым,

Қайтіп онда жан сырына бағынамын?!

Бас ұрмады дәргейіңе масыл, залым,

Иә, Раббым, енді, міне, зары қалың.

Күнәм – ауыр, не бетім бар Досқа қарар? –

Сансыз тәубе жеңілдетпес масқара бар.

Құл Қожа Ахмет жылап келді, ал, панаңа,

Назарың сал, жерім бар ма басқа барар?!

Пікір жазу