Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі эпиграфикалық жазулар

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі эпиграфикалық жазуларҚожа Ахмет Ясауидің архитектуралық кешені – Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігерлердің бірі. Бұл ғажайып сәулет туындысында ғасырлар бойы қалыптасқан далалық құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Ғимараттың кейбір композициялық тәсілдері мен өрнектері өте ерте замандардағы сәулет және бейнелеу өнері туындыларынан кездеседі.
Сырдария бойында сақ тайпаларының қалалары көп болғандығы туралы ежелгі грек тарихшыларының еңбектерінен білеміз. Жетіасар, Баланды, Шірікрабат, Бәбішмолда мавзолейі сияқты ескерткіштер сол кездің архитектурасынан мол хабар береді. С.П.Толстов сырдариялық сақтардың күмбез жасау әдісін жақсы меңгергендігін жазады. Сырдарияның төменгі жағындағы оба құрылыстарында күмбезді ғимараттың көптеген нышандары бар. «Ахмет Ясауи сәулет ғимараты» атты альбомды құрастырушы Н.Б.Нұрмұхаммедов сәулет өнерінде пайдалануға болатын арифметикалық және геометриялық ережелердің бұл өлкеде ІХ-Х ғасырларда-ақ пайда болғанын айта отырып, оның дәлелі ретінде Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін, Әбу-л-Уафа әл-Бозжанидің (940-998) «Геометриялық салудың қолөнершілерге қажет жайттары туралы кітап», Гияс-ад-дин әл-Кашидің (ХІV-ХV ғ.ғ.) «Арифметика кілті» атты трактаттарын келтіреді. Бұл еңбектердің өз тұсындағы және одан бері кезеңдердегі қала құрылыстарының өркендеуіне игі ықпалының тигені сөзсіз. Сондай-ақ олардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне де қатысы жоқ емес.
Архитектура саласындағы кірпіш құю, керамикалық бұйымдар дайындау, құрылыс материалдарын әзірлеу ерте заманнан жақсы жетілген. Терракоталық тақталар дайындау жетістігі Айша бибі, Бабажа қатын, Қарахан мавзолейлерінде бірден көзге түседі. Күйдірілген кірпішті құрылыс сәнін арттыруға барынша тиімді пайдалану жолдары, көлемді залдардың төбесін жабу шеберліктері ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Аяққамыр, Жошыхан, Сырлытам, Көккесене кесенелерінен де көрінеді. Испиджаб, Тараз, Отырар, Бұзық, Қараспан, Бассаған, Ортасаған, Құлан, Қаялық, Янгикент, Қарашық, Сүткент сияқты көптеген қалалар мен елді мекендерде мұндай ғимараттардың көп болғаны даусыз. Қожа Ахмет кесенесі салынған Ясы қаласының да құрылыс мәдениеті дамыған орталық болғандығы оның айналасына орналасқан елді мекендер мен қалалардың тығыз болуынан көрінеді. Қазіргі Түркістан қаласы төңірегінде Сидақ ата, Шойтөбе, Қарашық, Төрткүлтөбе атты көне қала орындары бар. Н.Б.Нұрмұхаммедов VІІ-VІІІ ғасырларда салынып, бітпей қалған Жамбыл облысындағы Ақыртас және Термез маңындағы Қырыққыз (ІХ ғ.) комплексін Қ.А. Ясауи кесенесінің прототипі деп бағалайды. Көне Ясының қалыптасу тарихы тым әріге кетеді. Қазір Түркістан қаласы төңірегінен қола дәуірінің қонысы, құрал саймандары табылып отыр. Б.д.д. екі мыңжылдықта бұл жерде Андронов мәдениетінің кең тарағандығы айтылуда. Шоқтас-1,2, Көсқорған-1,2 ескерткіштері тас дәуіріне жатады. Темір дәуірінде Сырдың орта ағысы парсы деректерінде «Сака» деп аталған екен. Мұнда «Авестада» «тура» деп аталатын тайпалар мекен еткен. Сол себепті сақ-тұр тайпалары мекен еткен өлке Тұран деп аталған. Осы деректерге және Махмуд ибн Валидің «Бахр ал-асрар фи манахиб ал-ахнар» атты кітабында Ясыны Сакси деп көрсеткеніне сүйенген археолог, тарихшы М.Қожа Түркістанның көне атауын сақ тайпасымен байланыстырады және Сакси-Ясының орны қазіргі Күлтөбе ескерткішіне дәл келетінін айтады. М.Қожа және Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев деректеріне сүйенсек, «Шауғар», «Қарашық» – Ясының бұрынғы аты емес, оның жанындағы басқа қала атаулары. Араб жазбаларында бұл қала «Шауғар» делінсе, түркі ескерткіштері оны «Қарашық» (Қарачук) деп атайды. ХІІ ғасырдан соңғы ескерткіштерде Қарашық аты ғана аталып, Шауғар аты кездеспейді. М.Қожа бір жерде шоғырланған осы қалалардың түрлі тарихи кезеңдерде алма-кезек аймақтың бас қаласы міндетін атқарған деп біледі. VІІІ-ХІІ ғасырларда Шауғар бас қала болса, одан кейін Қожа Ахмет Ясауидің келіп орнығуына байланысты Ясы қаласы саяси, экономикалық орталыққа айнала бастады. Ясыда әуелі әулиелер сұлтанының қылуеті мен мешіті бой көтерді. Ол дүние салған соң қабірінің үстіне кесене тұрғызылды. Алғашқы кесене бояусыз күйген кірпіштермен салынды. Көп ұзамай бұл кесененің айналасына атақты адамдарды жерлеу дәстүрге айналды. ХІІІ ғасырдың басында-ақ Ясыда теңге соғу ісі өркендей бастаған. ХІІІ ғасырдың орта шенінде армян патшасы Гетум моңғол хандары Бату мен Мөңкенің сарайына барғандығы туралы жазбада Ясы қаласы Асон деп аталады. Алайда қала көлемі бұл кезде аса ұлғая қоймаған сияқты. 1397 жылы Әмір Темірдің Қ.А.Ясауидің қабіріне зиярат ету сапары жайында жазған Шараф ад-дин Ясыны шағын елді мекен деп көрсеткен.
Ясы қаласы VІ-VІІІ ғасырларда Батыс Түркі, Түргеш қағанаттарының құрамында болды. VІІІ ғасырда арабтар жорығын бастан кешірді, ІХ-Х ғасырларда саманилерге, оғыздарға, қарлұқтарға қарады. Х-ХІІ ғасырларда Қарахан мемлекетінің құрамына өтті. ХІІ ғасырдың басында салжұқтар мен қарақытайларға бағынышты болды. Ал ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында хорезмшахтар мемлекетіне бағынды. Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде қала басып алушыларға қарсылықсыз берілген сияқты, өйткені ол бұл кезде қирамаған. Кейін ол Шағатай ұлысына, ХІV ғасырдың басынан Ақ Ордаға қарады. ХІV ғасырдың 70 жылдарынан Әмір Темір билігіне өтті.
ХV-ХVІ ғасырларда Ясы қаласы «Түркістан» деп атала бастайды. Жазба деректерде бұл атаулар жарыса қолданылады. Мысалы, ХVІ ғасырдың 70-80 жылдарындағы Абдолла хан жорықтарын сипаттаған Хафиз Таныштың «Шараф-наме-и шахи» еңбегінде қала бірде «Ясы қамалы», бірде «Түркістан қамалы» деп аталады. Кейінгі ғасырларда ол Түркістан атауын біржола иеленді. В.В. Бартольд қаланың Түркістан аталуын Қожа Ахмет Ясауидің «Түркістан пірі» аталуымен байланысты, кейіннен «пір» сөзінің түсіп қалуынан деп түсіндірсе, Е. Смағұлов түркі экспансиясының жаңа толқынымен байланысты дейді. Ал М.Қожа Ясының Түркістан билеушілерінің астанасына айналуынан деп түсіндіреді. 1455 жылы Отырарда темірліктерге қарсы Әбу Саид басқарған көтеріліс себебінен Отырар қаласы өрт құшағына оранды. Осы кезден бастап Түркістан уалаятының орталығы Отырардан Ясыға ауысады. Қала экономикалық, сауда орталығына айналады, көркейіп өседі. Теңге шығарыла бастайды. Осы кезде әкімдер отыратын бекініс қорған салынады. Қ.А.Ясауи кесенесі осы қорған ішінде орналасты. Оның көлемі 2,6 га еді. Сол кездегі жазба деректерде қамалдың беріктігі туралы жиі айтылады.
ХV ғасырдың аяғында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі билік иелерінің пантеонына айналып, Дешті Қыпшақтың әйгілі хандары мен ханымдары жерленеді. Мұнда Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдың әйелі, атақты Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегім және Әбілхайыр ханның шөберелері Құл Мұхаммед сұлтан мен Мастура-хатунның жерленгендігі белгілі. Бұдан кейін мұнда қайтыс болған қазақ хандары мен сұлтандары, ханшалары қойыла бастады. Қазақ ханы Жәнібектің қызы Аманбике, белгілі тарихшы Қадырғали Жалайыри, Шығай ханның баласы Ұзыноқты Ондан сұлтанның сүйектері осында қойылған. ХVІ ғасырдың соңында Түркістан аймағы Қазақ хандығының құрамына толық өтіп, қала хандықтың астанасына айналды.
Кесенені алғашқы жөндеу жұмысы Түркістанда 1583-1598 жылдары өз билігін жүргізген Абдолла хан тұсында қолға алынған сияқты. Деректерде ол бас порталдың (оңтүстік қасбеті) аркасын жөндеуге бұйық берген. Сондай-ақ оның ішкі жақтағы қабырғасына өзгерістер енгізген. Мұны қазіргі зерттеулер де растайды. Арка есігінің төбесіндегі ойық қазір «Абдолла хан ойығы» деп аталады. Бұл жөндеу кесененің жақсы сақталуына игі ықпал еткені сөзсіз. Сонымен бірге, ол ескерткіштің іргетасы, төбе табаны, Ілияс хан ойығы сияқты бөліктеріне де жөндеу жұмысын жүргізгені А.Н.Проскурин, Б.Т.Тұяқбаева еңбектерінде айтылады.
XVII ғасырдың басынан қазақ хандары мен олардың жанұя мүшелері, батырлар мен билер кесенеден мәңгі жай тапты. Бұл кезеңде Есім хан (1628 ж), Жәңгір хан (1652 ж), Ондан сұлтан мен оның ұлы Қайнар-Күшек жерленсе, XVIII ғасырда Тәуке хан (1715 ж), Болат хан, Абылай хан (1780 ж), Ұлы жүз ханы Жолбарыс (1740 ж), Орта жүз хандары Семеке мен Әбілмәмбет және оның ұлы сұлтан Әбілпейіс осында жерленді. Сонымен бірге Орта жүздің биі Қаздауысты Қазыбек би, қанжығалы Бөгенбай батыр да осында қойылған. Жалпы Ахмет Ясауи кесенесінде 18 қазақ ханы, 8 биі мен 28 батыры жерленді. Кесене маңындағы арнайы даярланған мазарларда хан сүйектері жерленіп, кейіннен мазарлар қиратылған соң, басына қойылған құлпытастар кесене ішіне қайта қойылды.
Түркістан шынында да Қазақ Ордасының рухани астанасы болды. Мұнда қазақ хандарын ақ киізде көтеріп хан сайлады, күрделі мемлекеттік мәселелер шешілді. Түркістан мазары қазақ хандығының қоғамдық-саяси тобының жерленген жері, Қазақстанның ұлттық ғибадатханасы болып табылады.
Қазақ хандығы кезінде Түркістанның астаналық мәртебесін сырт елдер де мойындады. 1694 жылы Ресей патшасы 1-Петрдің Тәуке ханға жіберген елшілері Түркістанға келген. Түркістанда ел тағдырына қатысты келелі жиындар өткен. 1763 жылы Қытай империясына қарсы Ауғанстан патшалығымен әскери одақ құру мәселесі талқыланған құрылтайға алты мыңдай би, сұлтан, батырлар қатысқан.
Кесене маңындағы Күлтөбеде Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғысы» мақұлданған. ХVІІІ ғасырда хан сайлау рәсімдері Түркістанда өткен. Орта жүз ханы Әбілмәмбет (1737/1738), атақты Абылайды (1771) осында ақ киізде көтеріп, хан сайлады. Бұл рәсімнің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүзеге асуы тегін емес. М.Қожа әулие рухы құрметтелген қоғамда Әзірет Сұлтан басында берілген анттың берік болатыны белгілі, сондықтан хан сайлауда осы мақсат көзделген деген ой айтады. Абылайханның Екатерина патшайымға жазған хатында өзінің орта жүздің ғана емес, жалпы қазақтың ханы екендігінің дәлелі ретінде оны Қ.А. Ясауи кесенесі жанында хан көтергендігін мәлімдеуі – сол кездегі Түркістанның бүкіл қазақ халқының рухани және саяси астанасы екендігіне меңзейді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі дін өкілдері қазақ хандарына хатшылық қызмет атқарды. Көшпелі қазақтар үшін Түркістан білім мен ғылымның орталығы да болды. Жер-жердегі қазақтар алып даланың әр түпкірінен әулиелер сұлтанының мазарына жаяу зиярат етіп баратын болған.
Түркістан қаласы 1723 жылы басып кірген жоңғар басқыншыларының қолында жиырма жылдай болды. ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Бұхар билігі мен Ташкенттің әміршісі Жүніс қожаның үкімі жүрді. 1819 жылы аймақты Қоқан ханы Омар басып алып, Түркістанға өз билігін жүргізді. Қоқан хандары Мұхаммед Әлі, Құдиярлар мұнда өздерінің тәртіптерін орнатады.
Қоқан билігі кезінде кесене күтімі нашарлап кетті. Ғимарат маңындағы қазақ хандарының зираттары талқандалып, кесене ішіндегі қазақ зиялыларының құлпытастары жойылды, кесене күтімімен айналысатын қызметкерлер қызметтерінен қуылды. Кесене бөлмелері қару-жарақ қоймасына айналды, оның биік қабырғалары қарауыл мұнарасы ретінде пайдаланылды, қарауылдар жаққан оттан кесене есіктері мен қабырғалары әбден ысталды. Сондай-ақ олардың жеке мақсаттары үшін ғажайып құрылыс кешенін құрбан ете жаздаған кездері де болды. Мәселен, Қоқан ханы тағайындаған Түркістан қаласының билеушісі тәжік Қанағат шаһ 1846 жылы Қоқан билігіне қарсылық көрсеткен кезде, қоқандықтардың басшысы Азиз Паруаншы арықтардағы суды көтеріп, бекініс іргесін сумен бастыруға бұйрық береді. Кесене айналасындағы құрылыстарымен бірге қолдан жасалған су тасқыны әсерінен су ішінде қалады. 1864 жылы полковник Веревкин бастаған орыс әскері Түркістанды қоршап алған кезде орыстардың кесенені атқылауына себеп болған да қоқандық діндарлар болатын. Веревкин ғажайып ғимаратты атқылауға қимай тұрған кезде, қашып келген тұтқыннан әулиенің оқ дарытпас қасиеті жайында әңгіме тарап, ол әңгіме қоқандықтарға жігер беріп тұрғанын естиді. Бұдан соң Веревкин кесенеге зеңбіректен 12 дүркін оқ атуға бұйырады. Содан асхана бөлмесінің күмбезі мен қабырғасы қирайды. Бұдан соң Қоқан билеушісі Мырза Дәулет өзінің 330 адамымен Ташкентке қашып кетеді. Бұл сатқындықты көрген Түркістан халқы 1864 жылдың 12 маусымында орыс армиясына берілетінін жариялайды. Кейіннен патшалы Ресейдің бірнеше рет кесенеге жөндеу жүргізбек ниеті байқалады, біршама қайта қалпына келтіру шаралары да жүзеге асады.
XIX ғасырдың 70 жылдарының басында орыс гарнизоны ғимаратты бұзбақ болады, бірақ Ташкенттен бұл қаулыны тоқтатуға бұйрық келіп, мавзолей аман қалады. 1872 жылы өлкелік үкімет кесенені қоқыстан тазартып, бірқатар жөндеу жүргізді. 1884 жылы қазынадан 15000 сом ақша бөлініп, ғимараттың төбесі ретке келтіріліп, көміліп қалған іргетасы аршылады, ыза судан арылтатын құрылым жасалады, айналасындағы алаң тазартылады. Қайта қалпына келтіру жұмыстарының талаптарын дұрыс білмегендіктен, түзу ниетпен атқарылған жұмыстан кемшілік туып, ескерткішке елеулі нұқсан келеді. Қабырғаның сыртқы бетіне еуропалық үлгідегі кіріштер өріліп, ол алғашқы өрнектерді өшіріп, құрылыс стилімен үйлесім таппады. Ташкенттен шақырылған шеберлер орталық бөлменің мозаикалық панелінің өрнекті тақталарын жұлып тастайды. Жергілікті тұрғындардың бұл ісіңді бұдан әрі жалғасырсаң өлтіреміз деген қорқытуынан соң, қабырғаның төменгі жағы бұрынғы күйінде сақталып қалды. М.Е.Массон, Азизлар Қожаұлы Зәкір қожа, Абдулғаниұлы Адулмәлік, Ұлыққожаұлы Мәулекұлы мен Сыддықхан пір деген Ташкенттен келген шеберлердің есімдері ғимараттың арқа жағындағы алебестрлі сылақта көпке дейін жазулы тұрды дейді. Осы кезде инженер Печеркин жөндеу жұмыстарының жоспарын жасағанымен, ол жүзеге аспай қалды.
1886-1887 жылдары ғимараттың батыс жақтағы бұрышы шөге бастағандықтан, сырт жағынан төрт тіреу өрілді. 1905 жылы Орта және Шығыс Азияны зерттеу жөніндегі орыс комитететінің экспедициясы ескерткішті егжей-тегжейлі зерттеуді қолға алды. 1906 жылы археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі кесенені жөндеу жөнінде мәселе көтеріп, арнайы инжинер жібереді. Ол бұған 5000 сом қаражат керектігін айтады. 1910 жылы жергілікті шайықтар садақадан жиналған 12000 сомға халимхана бөлмесін жөндеуден өткізеді. Оларға теңіз технигі жол көрсетеді. 1911 жылы жөндеуге 100 000 сом керектігі есептеліп, дайындық жүргізіле бастағанымен, кейінгі дүние жүзілік соғыс пен төңкерістер кезеңінде бұл жұмыс мүлде тоқтап қалады. Кеңес үкіметі тұсында мавзолей бірнеше рет жөнделді. 1922 жылдан бастап бірнеше комиссия кесенені техникалық тексеруден өткізіп, жұмсалатын қаржы мен жұмыс күшін есептеді. 1928 жылы ғимарат қабырғасының төменгі бөлігін, құдықхана күмбезін ретке келтіру бағытында ірі жөндеу жұмысы атқарылды. 1938 жылы В.Засыпкин жаңа іргетес жүргізді. Одан соң соғыс басталып, жұмыс 1951-1957 жылдары жалғастырылды. Ескерткіштің айналасы екі метрге дейін қазылып, жер деңгейі бастапқы қалпына келтірілді. Кесене биіктеп, жаңа іргетас құйылды, қасбеттер мен күмбездердің қаптаулары жаңартылды. 1951-1954 жылдары бұл жұмысқа В.Н.Засыпкин, 1955-1957 жылдары Өзбек ССР министрлер Советінің құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің арнаулы ғылыми-жөндеу шеберханасының ғылыми кеңесі басшылық жасады. Бұл шеберхана Қазақ ССР-імен 1951 жылы жасалған келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатқан еді. Аталмыш шеберхана Самарқандта шығарылған өнімдермен жұмыс жүргізді. Бұл өнімдер Ясауи кесенесі кірпіштерінің құрамы мен қасиетіне сәйкес келмеген. Табиғи-климаттық жағдайлар ескерілмей пайдаланғандықтан, жаңа кірпіштер жарылып, ұнтақталып, бояулы қаптамалары түсе бастайды. 1958 жылы Өзбек ССР-інің бұл өндірістік шеберханасымен жасалған шарт бұзылды.
1960 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің күшімен жөндеу жұмыстары қайта жалғастырылды. 1966 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің шешімімен Қазақ ССР Мәдениет министрлігі жанынан ғылыми-жөндеу шеберханасы құрылды. Алайда осы кезге дейінгі жөндеулердің нақты тарихи-мәдени жоспарының болмағандығынан, орны толмас олқылықтар жіберілді. Ғимарат төңірегіндегі көптеген мәдени мәні бар зираттар мен үйлер жойылып кетіп, кесененің жеке өзі қалуына әкеп соқты. Осы қателіктер ескеріліп, 1972 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің арнайы қаулысы шықты. Осы қаулы негізінде, жоғарыда айтылған, С.С.Тәкібаева басшылығындағы арнайы жөндеу және қалпына келтіру зертханасы құрылған болатын.
Кесене 1978 жылдан бастап музей ретінде жұмыс істей бастады. Ал 1989 жылы ол «Әзірет Сұлтан» деп аталып, мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды, оның құрамына 19 тарихи ескерткіш енгізілді.
Қай заманда да Түркістан қаласының мәртебесі әулиелер сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи есімімен жоғары болды. Қожа Ахмет Ясауи халық арасында әр дәуірде Қожа Ахмет, Құл Қожа Ахмет, Әзірет Сұлтан, Пир-и Түркістан, Сұлтан ал- арифин, Ата Ясауи сияқты т.б. ныспылармен танымал болды.
Ахмет Ясауидің туған және қайтыс болған жылдары анық емес. Қазіргі әдебиеттердің көбінде Ясауидің қайтыс болған жылын 1166/67 жыл деп көрсетеді. ХVІ ғасырдағы кейбір дерек көздерінде әулиелер сұлтанының дүниеден озған кезі 1120 жыл делінген. Ал Ахмет Ясауидің туған жылы бірде 1093, бірде 1103, енді бірде 1105, 1107 деп белгіленіп жүр. М.Жармұхамедұлы ұлы сопының өмір сүрген уақытын 1103-1228 жыл аралығы деген тоқтамға келді.
Ерте кездердегі дерек көздерінде Ахмет Ясауидің туылған жері туралы екі түрлі болжам бар. Оның бірінде ол Сайрамда туылып, жас кезінде Ясы қаласына барған деп айтылса, екіншісінде Ясыда туылып, Ясыда дүниеден өткен делінеді. Қалалы ортада өмір сүргендіктен, ол парсы және түркі тілдерін жетік меңгерген деп есептеген жөн. Ұлы сопының шежірелік дерегі бойынша, ол Әзірет Әліден тарайтын пайғамбар ұрпағы. Арғы бабасы – Сыр өңіріне исламды алғаш таратушылардың бірі болған Ысқақ бап. Қожа Ахмет Ясауидің туыстары туралы аңыздар көп айтылған. Оның барлығында ұлы сопының әкесі Ибраһим деп айтылады. Атасы Махмуд және ұлы атасы Ифтихар екені де осы аңыздардан белгілі. Әкесінің бажшылық қызмет атқарғаны жөнінде де деректер бар. Қожа Ахмет Ясауи жайында еңбек жазған ясауия шайығы Хазини әулиелер сұлтанының анасын Мұса шайықтың қызы Айша хатун деп көрсетеді. Ал халық аузындағы аңызда ол Қарашаш ана деп айтылады. Ясауидің ата-анасының зираттары Сайрамда. ХІV ғасырдағы бір еңбекте оның Садыр шайық атты ағасы айтылса, Хазини оның қарындасы болғанын, әкесі дүниеден өткен соң ол Қожа Ахметтің қамқорлығына өткенін жазады.
Қожа Ахмет Ясауи өміріне қатысты деректер тым тапшы. Аз деректердің өзінде қарама-қайшылықтардың көп болуы кейінгі сопылық қауымдастықтар арасындағы тартыспен байланысты деп есептеген жөн. Ол қауымдастықтар әулиелер сұлтанының беделін пайдаланбақ ниетпен оны өз силсалаларына қатысты етіп көрсеткісі келген немесе өздерін онымен генеологиялық жағынан байланыстыруға тырысқан. Тіпті Ясауи өміріне қатысты кейбір күмәнді айғақтар қоғамдық пікірден берік орын ала бастады. Мәселен, Қ.А.Ясауидің Юсуф ал-Хамаданиге шәкірт болғандығы жөнінде бұрынғы әдебиеттердің бәрінде дерлік жазады. Осындай қалыптасқан пікір бойынша Қожа Ахмет Ясауи Юсуф ал-Хамаданидің төрт шәкіртінің үшіншісі. Түркістанға қайта оралған соң ол орталығы Бұхарада немесе Самарқандта болған әл-Хамадани бауырластығынан бас тартады. Сөйтіп өзінің шәкірттерін әл-Хамаданидің келесі бір шәкірті, хожоғания, кейіннен нақышпандия тариқаттары өз дәстүрлерінің негізін қалаушы етіп көрсететін Абд ал-Халық әл-Ғыждуаниге тапсырған деп айтылады.
Халық аузындағы аңыздарда және Қ.А.Ясауидің өз хикметтерінде оның ұстазы Арслан баба ﴾Арыстан бап﴿ деп көрсетіледі. Арслан баба ─ Мұхаммед ﴾с.а.у﴿ пайғамбарымыздың аманат ретінде тапсырған құрмасын ﴾финики﴿ ұзақ ғұмыр кешіп, аманат иесі болған жас Ахметке тапсырушы рухани тұлға. Көптеген зерттеушілер Арслан бабаның 340 жыл жасағанын шындыққа жатқыза алмай, мұны қиялдан туған айғақ деп есептейді. Алайда ислам әлемінде «му’аммарун» деп аталатын ұзақ жасайтын қасиетті адамдар жайында хикаялар көп. Жергілікті халықтар бұны қалтқысыз шындық деп есептеген. Отырар (қазіргі Шәуілдір) жерінде Арыстан баптың кесенесінің болуы, Қ.А.Ясауидің:
Иети иашда Арслан Бабам излаб табди,
Хурма бериб парда билан сырым иабти.
«Билхамдиллаһи» курдим бети, иузим өбти,
Ол себебдин алтмыш учда иерга кирдим,–
деп жазуы осы сенімнің берік сақталуына негіз болды. Жазба деректердің бірінде Арслан бабаны сахаба Настура ар-Руми десе, екінші біреулерінде Салман ал-Фариси деп көрсетеді.
Кейінгі заман зерттеушілерінің аталмыш шындықты ақылға сидыра алмауы материалистік пайымдау нәтижесі деген жөн. Қ.А.Ясауиге аманат ретінде берілген құрманы тура мағынасында емес, рухани ілімнің символикасы іспетті қабылдау керек.
Түркі халықтары арасында айтылған ауызша әңгімелерде Ясауидің ағаш қасық жасаумен айналысқаны, енді бірде аңшылықпен шұғылданғаны айтылады. Мұның алдыңғысының шындыққа қаншалықты қатысты екені айқын болмағанымен, соңғысының қисынға келетінін С.Бақырғанидің хикметінен аңғаруға болады.
Қаршығаны құстаған,
Сұңқар-лашын ұстаған.
Сансыз мүрит бастаған,
Шайхым – Ахмет Ясауи,–
дейді ол. Ясауидің бұл әдеті кейінгі замандарда келелі дәстүрге айналған сияқты. Оның жолын қуушы сопылардың ішінде «құсшы» деген лақап ат алғандары да бар. Хандардың құсшылыққа аса мән бере айналысуынан, сарайларда құсшы лауазымындағы қызметкерлер пайда болып, олар, тіпті, хан кеңестеріне де қатысатын болған. Халық аузындағы аңызда Тоқтамыс пен Әмір Темірдің арасындағы ең алғашқы келіспеушілік алғыр құстың жұмыртқасына таласудан басталған. Кейінгі дәуір сопылары, айталық, Ш. Құдайбердіұлы да құс баптаған.
Ахмет Ясауи жайында XVI ғасырдан кейін хатқа түсе бастаған аңыз-дауларда оның рухани ілімді терең меңгергендігі, соның нәтижесінде небір кереметтерді көрсеткені айтылады. Олардың бірінде ұлы шайықтың жер бедерін ілім арқылы тегістеп, қыратты жерді жазыққа айналдырғаны, сол замандардағы догмат-ғалымдардың сынына жауап ретінде өз ілімінің күшін көрсеткені (бұл әңгімелер ясауия мен қожағания тариқаттары арасындағы тартыстың контекстінде туған болуы керек), оған дұшпандық қылғандардың итке айналып кеткені сияқты жайттар баяндалады.
Біздің заманымызға әулиелер сұлтанның өз қолымен жазылған бірде-бір еңбегі жеткен жоқ. XVI ғасырдың басында «Михман-нама-и Бухара» еңбегінің авторы Фазыл Аллах бин Рубзихан Хунджи Қ.А.Ясауи қабіріне зиярат ете барғанда әулиенің өз қолымен жазылған кітабын көргенін айтады. Ал Хазини оның «Бустан ал-арифин» деген еңбегі болды дегенге саяды. Олардың екеуі де прозалық мистикалық трактаттар сияқты, қай тілде жазылғаны белгісіз. Кейіннен «Диуани хикмет» деп аталған жинақ Ахмет Ясауидікі деп есептеледі. Алайда бұл жинақтың тілінен, жазылу дәстүрінен әр дәуірге тән белгілер байқалады. Бұдан Қожа Ахмет Ясауидің өзі жазған хикметтерге оның жолын қуушылар, көшірушілер тарапынан жаңа хикметтер қосылып отырған болуы мүмкін деген ой туады. Бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді. «Диуани Хикметті» кейінгі XV­XVI ғасырлардағы ясауия шайықтары құрастырған деген пікір де бар.
Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болған соң оның сүйегі Ясы қаласындағы зиратқа жерленді де, басына кесене орнатылды. Кесене маңында өздерін Ахмет Ясауи ұрпақтарымыз деп есептейтін сопылар мекені пайда болды.
Жүздеген жылдар бойы бұл кесенеге жақын және алыс шет елдерден – Поволжья, Түркия, Иран, Индия, әлемнің бүкіл мұсылман елдерінен мыңдаған зиярат етушілер ағылып жатты. Кесене тарихының айқын беттері, әсіресе, әлемді тітіркендіруші Ұлы әмір Темір гураган есімімен тығыз байланысты. Ол қрамына Сирия, Палестина, Месопотамия, Кіші Азия, Грузия, Әзірбайжан, Иран, Афганистан, Хорезм, Түркестан, Индия елдері кірген ұланғайыр мемлекет құрды. Әмір Темір мемлекетінде мұсылман дінінің сопылық ағымы мемлекет жебеуінде болды. Қожа Ахмет Ясауи басындағы қарапайым кесене үстіне мешіт, медресе, кесене және басқа да қызмет атқаратын алып мәдени кешен құрылысын салуға бұйрық беруі Темірдің ірі қадамдарының бірі болды. Бұл әрекет қала мен зират тарихында ерекше маңызға ие болды.
Кесене құрылысы жайлы негізгі жазба деректер Йездиден шыққан Шериф ад-диннің «Зафарнама-ий Теміри» («Темір жеңістері») атты кітабында баяндалған. Бұл кітапта 1397 жылы Темірдің Қызыр Қожа ханның қызы сүйіктісі Тәукел ханымға аттанғандығы жайлы жазылады. Самарханнан Ташкентке барар жолда Ясы қыстағындағы Қожа Ахмет Ясауи басына зиярат етуге бұрылады. Мұнда ол ескі мазардың орнына зәулім кесенені тұрғызуға әмір етеді.
Ғимараттың жоспары мен құрылысына Әмір Темірдің өзі тікелей басшылық етті. Ғимараттың негізгі бөлігі болып табылатын күмбез көлемін (диаметрі 41 кез, шеңбердің ұзындығы 131 кез) Темірдің өзі анықтап берген. Темір бұйрығымен кезінде қайырымдылық жұмыстарын атқарушы Убайдулла Садыр бүкіл құрылыс жұмыстарын басқарды. Құрылыс жұмыстарымен айналысқан, яғни күмбез бен фриз беттерін көк плиталармен безендірген тағы екі адамның есімі – Қожа Хасан мен Шамс-и Абд-ал-Ваххаба – белгілі.
Арнайы құжатта (вакуфнама) ескеркіш иелігіне алынған арықтар мен жерлердің тізімі көрсетілген. Иеліктегі бұл жерлерден түскен табыстар мен сыйынушылар садақасынан жиналған қаржыны ғимараттың жөндеу жұмыстары мен қызмет етушілердің еңбек ақысын төлеуге жұмсау көрсетілген. Бұл құжат бойынша кесененің ең алғашқы басқарушысы Ахмет Ясауи ағасының ұрпағы Мірәлі Қожа шейх болады да, азаншы ретінде Қазірет Дервиш-әлі сайланады.
Кесененің тұрғызылуы жөнінде халық аузында аңыз бар. Онда салынып жатқан кесенені бір көк өгіз келіп, қайта-қайта қирата береді. Мұның себебін түсінбей, мән-жайды білмей жүрген кезде әмір Темір түс көреді. Түсінде Ясауи бірінші ұстазы Арыстан бапқа, сонан соң ғана өзіне кесене тұрғызуға аян береді. Осылайша кең дала төсінде, үлкен жол жанында ғажайып зәулім архитектуралық ансамбль пайда болады. Содан бері Қожа Ахмет Ясауи мен оның ұстазы Арыстанбап басына мінәжат етушілер толассыз ағылып жатыр.
Шериф ад-дин Йезди құрылыс 1397 жылы басталып, екі жылда аяқталғанын деректейді. Біздің білуімізше Шериф ад-дин бұл естеліктерді Темір қазасынан соң 15 жылдан кейін жаза бастаған. Ол өз кезегінде 1392 жылдан бастап Темір жорықтарына қатысушы Низамад-дин Шамидің еңбектерін пайдаланған. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, 1397 жылы кесене құрылысы қызу қарқынмен жүрген, яғни құрылыстың Темір тапсырмасынан бұрын басталып, кесене екі жылда емес, одан да көп уақытта тұрғызылғандығы айтылады.
Кесене құрылысы жайлы Шериф ад-дин былай деп жазады: «Әзірбайжан, Парсы, Үнді және т.б. елдерден әкелінген 200-ге жуық тас қалаушылар жұмыс істеп, тауда 500 адам тас өндірді. Тасты жеткізуге Үндіден әкелінген 95 піл пайдаланылды. Құрылыс барысына жиі қатысқан Темір жұмыс сапасына көңілі толмаған жағдайда кінәлілерді қатаң жазалап отырды. Темір заманында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты құрылыс жоқтың қасы еді. Кесененің әрбір кірпіші қолдан жасалып, сапасы өте жоғары болды. Жол шығыны есептелместен оның шикізаты жүздеген километрден жеткізілді. Халық арасында мынадай да аңыз сақталған. Темір Ауғаныстан мен Иран елінен биелер әкелдіріп, олардың сүтімен батпақ илеуді бұйырған. Мықтылық үшін баптаққа құс жұмыртқасын да қосқан деп айтылады. Ұсталар өз ісінің сапалылығына өз бастарымен жауап берген. Кесененің кіре берісінің биіктігі ұнамаған Темір оны тұрғызған шеберлер Махмуда-Давуд пен оның жолдасы Мухаммед-Джелданы өлім жазасына бұйырып, мешіттің осы бөлігін түгелімен қайта тұрғызуды тапсырды».
Кесене құрылысына пайдаланылған құрылыс матералдарын дайындау жолдары да қызықты. Кесене кірпіштерін дайындаудың ерекше технологиясы болды. Бірінші кезекте өсімдік тамыры мен сабақтары жоқ, тазаланған алаңға шұңқыр қазылып, пайдаланған топыраққа су құйып кетпенмен араластырып, аяқпен езген. Лай бетіндегі суды жиі жаңартып, топырақ құрамындағы тұзды әбден шайған. Соңғы сатысында кірпіштің жарылуына жол бермеу мақсатында дайын массаға майдаланған сабан, аттың жалы, жүн, қамыс үпелектері, тауық жұмыртқасы мен май қосылған. Дайын балшықты қыстай жатқызып, көктем басталысымен кірпіш құю әрекеті басталған. Жұмыс алаңында қызу қарқынды қарбалас басталған. Шеберлердің қатаң бақылауы мен дайындау технологиясы сақталған. Бір топ жұмыскерлер ағаш қалыпқа дайын лайды құйып, артығын алып, беті тегіс болуы үшін алақанымен тегістеп жатса, екінші топ шикі кірпіштерді дайындалған алаңқайға жинаумен айналысып жатты. Тәжірибелілері батпақты алақанмен ұра отырып тегістеп, пышақпен қажетті өлшемдегі формаларды құюмен айналысса, кейбірі кепкен кірпіш беттеріне түрлі бейнелер мен ою-өрнек бөлшектерін салды. Бұлар негізінен салмағы 7 кг жететін, қалыңдығы 5-6 см, өлшемі 24-тен 46 см-ға дейінгі төртбұрышты плиталар. Бүгінгі күндері көптеген кірпіш беттерінен алақан мен саусақ іздерін айқын көруге болады. Кептірілген кірпіштерді төңкерілген қазан бейнесіндегі аузы үстіне қараған арнайы пеште күйдірген. Пешке арнайы отын пайдаланған. Аңыздарда тамырымен қоса алынып жағылған ағаш жанған кезде 1000-1100 С қызу берген деп айтылады. Кейбір әңгімелерде қаланған шикі кірпіштер бірнеше күн бойы құрғақ ағашпен күйдірілген деп те айтылады. Кірпіш отта қайнаған кезде құрамындағы қоспалар күйіп, бойына ылғалды тартып кірпіш ішінде қуыстар пайда болып, оның жеңілділігі мен төзімділігі арта түскен.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әртүрлі міндеттерді атқаруға арналған қазандық (жамағатхана), қабірхана, үлкен және кіші ақсарай, кітапхана, асхана құдықхана сияқты көптеген басқа да бөлмелерді біріктіретін күрделі жүйе. Ғимарат бөліктері мен бөлмелері дамыған дәліздер мен баспалдақтар жүйесімен байланыстырылған.
Кесененің ұзындығы-65,5 м, ені-46,5 м. Кесене бас портал мен бірнеше күмбездерден тұрады. Орталық бөлменің төңірегінде түрлі мақсаттарға арналған 35 бөлме салынған. Қазандық бөлмесінен қос қабатты 8 дәліз тарайды. Оның алтауы өтпелі де, екеуі тұйық. Биік дәліздер кесенені өз алдына дербес блоктарға бөледі. Құрылыстың дәл осылай қарапайым салынуы ғимараттың ғасырлар бойы жақсы сақталуы мен беріктігін қамтамасыз етіп тұр.
Ғажайып зәулім архитектуралық ансамбльдің негізгі ядросы – орталық зал, яғни жамағатхана. Шериф-ад-диннің «Зафар намасында» бұл бөлмені жиналып зікір салатын орын деп келтіреді. 1905 жылдан бастап бұл бөлмеде үлкен Қазан тұрғандықтан, бөлме Қазандық деп аталады. Қазандық күмбезінің ұшар басына дейнгі ғимарат биіктігі 37,5 м де ішкі күмбез диаметрі 18,2 м, қазандық қабырғаларының қалыңдығы 3 м. Залдың қақ ортасында сыйымдылығы 3000 л, салмағы 2 тонна, диаметрі 2,45 м үлкен қоладан құйылған қазан тұр. Қазан шипалы сумен толтырылатын болған. Қазан Абд-ал-Азиз шебердің басқаруымен Ясы қаласынан солтүстікке қарай 25 шақырым жердегі Қарнақ деген елді мекенде жеті түрлі металдың қоспасынан құйылған. 1935 жылы Иран өнері мен археологиясына арналған Ленинградта өткен халықаралық конгресске тайқазан апарылған болатын. Сонан бері Эрмитажда тұрған тайқазан 1989 жылы Отанымызға қайта әкелінді.
Жамағатханадан (қазандық) басқа бөлмелерге 3,2х4,6 м қос қатарлы сегіз дәлізбен барады. Оның төртеуінің есігі жамағатханаға тікелей шықса, ал жоғарғы жағындағы төрт бөлме дәліз арқылы жалғасып, терезелері орталық залға, яғни жамағатханаға қараған. Жарық үлкен терезелер мен оңтүстік нишадағы есік үстіндегі терезе арқылы түседі. Жамағатхананың қабірхананың алдында орналасуы, оған тақуалардың жақын болуы, бөлменің зиярат пен топтасып құлшылық етуге (зікі айтуға) арналуы, әулиелер бейіттерінің басында баспана тұрғызу сопылық ережелердің негізі болып табылады. Бұл исламға дейінгі ата бабалардың рухына табыну нанымдарынан еншіленген. Осындай табынушылықтарға бөлменің ортасында «сакей» суын құйюға арналған орасан зор қазанның қойылуын да жатқызуға болады. «Сакей» атауының өзі сақ-массагет тайпаларының ата-баба рухына табыну сияқты ежелгі мерекесімен байланысты.
Келесі бөлме – заманның озуымен күнгірттене бастаған ағаш есігі қоладан жасалған құс пен балық бейнесімен безендірілген қабірхана залы (гур (көр) түркі сөзі – қабір; хана – жай, бөлме). Кесене салынуына себепкер болған да осы құлпытас асындағы Қожа Ахмет Ясауидің қабірі. Бұл бөлменің жасалуы да ерекше шешімін тапқан: қабірхана орта ғасырда қалыптасқан бейіт тұрғызу әдісімен тұрғызылған. Жалпы көлемі 7,15 метр болатын төртбұрышты бөлме. Қабырғаларына шұңғыл ойықтар жасалып, олар сталактиттермен безендірілген. Бөлменің қақ ортасында шымқай жасыл тастан үш сатылы биік тұғырдың (3,25х1,2х2,2 м) үстінде шейх қабірі қойылған. Құлпытаста еш жазу-сызу жоқ. Есіктер деңгейіндегі шарбақ ойықтар (панжара) арқылы қабірхана ішін түгел көруге болады.
Барлық шұңғыл ойықтар (кіреберістегіден басқа) мозаикаларман қапталған. Іргетас үстіндегі тастан қаланған төменгі бөлігін алтынмен жазылған алты қырлы жасыл тақтайшалармен безендірген. Кейбір тақтайшаларда белгілі бұрыштан ғана көзге көрінетін голографиялық бейнелерді көруге болады. Сол бөлік мозаикалық белдікпен жиектелген. Ниша мен күмбездің ішкі бөліктері сталактиттермен көмкеріле әшекейленген.
Ахмет Ясауи қабірінің ғажап кесененің қақ ортасында орналасуы бұл ғимараттың негізгі идеологиялық функциясын дәлелдей түседі. Бұл құрылысты салу туралы Темір жарлығы қабірхана есігі мен қазандағы жазулардан да көрінеді. Қабірхана қос күмбезбен жабылған және Мухаммед Ханафи деп аталатын ғимараттың солтүстігіндегі көркем безендірілген портал арқылы да кіруге болады.
Ғимараттың солтүстік-батыс бөлігінде мешіт орналасқан. Ол мойнында 16 терезесі бар екі қабатты күмбезбен жабылған созылыңқы зал. Күмбездің ішкі жағын көмкере жасалған сталактиттер ғимарат биіктігін аша түскендей. Мешіттің батыс жақ қабырғасында Меккедегі Қағбаға бағытталып михраб қуысы 3,5х2,5 м орнатылған. Оның бетін көк және көгілдір түсті мозаикамен, эпиграфикалық және өсімдік ою-өрнекті майолика тақтайшаларымен әшекейлеген. Михрабта молдалар азан шақырып, құран оқылады.
Мешітке тікелей байланысты орынның бірі – кітапхана. Мұнда кесенеге байланысты барлық құжаттар мен кітаптар сақталды. XII және XVII ғасырда жазылған құранның 2 қолжазба үлгісі, бес Қожа Ахмет Ясауидің өз қолымен жазылған қолжазба, біреуі шәкірті Барырғани қолжазбасы кітапханада сақталып, бүгінгі күні бұл қолжазбалар Абай атындағы Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорында сақтаулы тұр.
Кітапхана бөлмесі мешіттің оң жағында орналасқан. Оның көлемі 4,5х5,2 м. Бөлмеге кіреберісте орнатылған шағын камин бұл жайдың оқу бөлмесі болғандығынан хабар береді. Темір заманындағы құжатта көрсетілген мына жайды көруге болады. Кірістің бір бөлігін Құдіреті күшті Алла сөздерін – Құранды жатқа оқыған адамдардың қажеттілігін қанағаттандыруға, қарыларға, қабір басында бейсенбі, дүйсенбі күндері қожа Ахмет Ясауи-Хазірет сұлтанға құран оқығандарға (Ұлылардың ұлысы) бөліп отыру керектігі көрсетілген.
Маңыздылығы жөнінен келесі жай – қабірхананың сол жағындағы Үлкен Ақсарай. Мұнда Әбілхайыр хан (1468 ж), Рәбия Сұлтан Бегім (1485 ж), Абылай хан (1780 ж), Есім хан (1797 ж) құлпытастары қойылған.
Бұл жер – диспуттар, кеңестер мен оқулар өткізуге арналған салтанатты орын. Мұнан дүниеден озған адамдар басында отырып ірі істерді шешу сияқты қатты қиналған сәтте қабір басынан тыныштық іздейтін түркі халықтарының дәстүрі де аңғарылады. «Қатты шаршап шалдыққанда, қиналғанда бейіт басына келіп, дүниеден озған ата-бабалар әруағынан көмек сұраңдар» деген сопылық нақыл сөздері байқалады. 1905 жылы Түркстанда болған Фазлаллих ибн Рузбихин былай деп жазады: «Тоқтауға тура келген қасиетті кесенеде Ахмеда Йасави ұрпақтары болып келетін …шайх ал-ислам Шайх Шамсаддин Мухаммад Махим-шайх «Шырағдандар» деп аталатын кітап оқып бергендігін айтады. Шейхты оның оқушылары, Түркістан өлкесінің муфтилары, саяхатшылар мен осы кесенеде тұратындардың барлығы ұйа тыңдады. … Жиырмашақты күн бойы күнделікті күйбең тірліктен бас тарта отырып, жеке құлшылық ету арқылы рухыңды көтеретін жерде болуға мүмкіншілік алдым».
Кіші Ақсарай мен қабірханаға шығатын екі есігі бар кең бөлме Үлкен Ақсарай (6,2х10,2 м) болып табылады. Мұнда шағын бөлме мен камин қарастырылған. Үлкен Ақсарайдан оңтүстігінде Кіші Ақсарайға орналасқан. Бұл тек таңдаулы, құрметті қонақтардың кеңес құратын, әңгімелесетін орны тәрізді.
Кесененің оңтүстік-шығыс бөлігінде асхана (халимхана) жайы орналасқан. Онда ғибадат ету үшін келгендерге арнайы «халим» деген тағам дайындалып, үлестірілетін болған. Вакуфный мақтау қағазының жетінші бөлімінде былай деп жазылған: «Әрбір аптаның дүйсенбі және жұма күндері екі жарым батпан (салмақ өлшемі 8-ден 16 пудқа дейінгі өлшем) бидай мен 2 батпан еттен, қажетті мөлшердегі тұз бен отынды пайдаланып түскі ас «халим аба» дайындалсын. Ұлы сұлтан - әулие Әзірет сұлтанның құдіреті күшті Алла жанын нұрландырып, Құранды жатқа оқыған қарылар мен зікір салушылардың, т.б. құдіретті Аллаға мадақ айтқандардың, жергілікті кедейлер мен мұңлықтардың, жетімдерге Алла рақымы болсын деп күнделікті 100 батпан бидай немесе ұннан шелпек кедейлер мен әлсіздерге таратылсын».
Асхана бөлмесі – 6,2 м-ден 10 м-ге созылып жатқан кең зал. Бөлме қабырғадағы шұңғыл ойықтар есебінен ерекше кең көрінеді. Ойықтардың бүкіл үстімен залға апратын арна тәрізді қақпалармен қосқан галерея өтеді. Галерея асхана арқылы бөлмені жалғастырып, минаретке баратын жолға апарады.
Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде құдықхана бар. Құдықхана – биіктігі 16 метрлік күмбезді шаршы зал. Орта Азия халықтарының рухани өмірінде сопылық ағымның басым болған Темір үстемдік еткен кезеңде архитектурада эпиграфиканың кең қолданылғандығы байқалады. Эпиграфиялық декор халифаттың гүлденген кезеңінде емес, X-XII ғасырдағы исламға дейінгі культ пен сопылық ағымның қалыптасу кезеңінде шықты. Кесененің декоративтік безендірілуінде қолданылған қасиетті жазулар ғимараттың архитектуралық бейнесіне бағындырылғандығын бір қарағанда-ақ аңғаруға болады. Олай дейтініміз үлкен қабырға бетіндегі жазулар өрнекті кілем тәрізді көрінеді. Әріптері өріле жазылған мәңгілік көркем жазу ғимраттың маңдайынан айқын көзге ұрады. Күмбез барабандары мен аркалар эпиграфиялық жолақшалармен көмкерілген. Әсіресе есіктер мен михрабты безендірудегі эпиграфиканың көркемдігі мен тақырыбы ерекше орын алады.
Кесенедегі үш бөлменің (қазандық, қабірхана, мешіт) ішкі өңдеу-әдемілеу жұмыстары аяқталған. ХХ ғасыр басында қабырғаларын ақтау, тазалау тәрізді бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні эпиграфиялық декор қазандық, қабірхана есіктері, мешіт михрабы мен үлкен тайқазан бетінде сақталған.
Жүздеген жылдар бойында түркі сопысы, ақыны, уағыздаушы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бүкіл түркі әлемінің қасиетті де киелі орыны болып табылады. Бұл керемет құрылыстан біз өмірдің шындығын көреміз. Құранның негізгі қағидасы – «Оқы, оқы және оқы». Нендей бір керемет сұлулық өздігінен болмайды. Сұлулықты көзбен көре, жүрекпен сезе білген абзал…

Толығымен көшіріп алу

Пікір жазу