Қаңтар, 2010

1-ХИКМЕТ. Уа, Жаратқан

Уа, жаратқан! Хақ есігін аш алыстан,
Мен бір жемтік, жеді нәпсім – аш арыстан.
Күнәм шексіз, бақытсыздық батпағынан
Шығара гөр, мен бейбақты қасарысқан.

2-ХИКМЕТ. Пәруардигар

Ғашықтық жол саған бастар, Бір және Бар,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.
Қолым жайып дұға қылам, Ием Жаббар,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

3-ХИКМЕТ. Қаһар Атты Қаһарың

Қаһар атты қаһарың – қорқып жылар Қожа Ахмет,
Рахман атты рахымың – сертін қылар Қожа Ахмет.

Күнәйім көп, ылайым кешіргейсің, Құдайым,
Кім бар құлдар ішінде дертіңді ұғар, Қожа Ахмет?..

4-ХИКМЕТ. Жылап Дұға Қылам Саған

Рахымыңнан мен ғаріпті шет қалдырма,
Тынбай мезгіл жылап дұға қылам саған.
Ояу болам боялғанша ақ таң нұрға,
Жұмбай көзді жылап дұға қылам саған.

5-ХИКМЕТ. Әнтәл Һәди

Құнсыз құлың – дәргейіңе жылап келдім,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди*.
Ия, Құдірет, адастырмас шырақ бергін,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

6-ХИКМЕТ. Салауат

Он сегіз мың ғаламға сәруар* болған Мұхаммет,
Отыз үш мың асхабқа сардар болған Мұхаммет.

Жоқшылық пен індетке қанағатшыл Мұхаммет,
Күнә тартқан үмбетке шапағатшыл Мұхаммет.

7-ХИКМЕТ. Үмбет Туралы

«Әл кәззабу лә уммәти!»* – деді Расул жұпар леп,
Жалғаншылар қауымын үмбет демес Мұхаммет.

Тура жүрген құлдарын Хақтың іздеп Дидарын,
Шын жолдағы ұлдарын үмбетім дер Мұхаммет.

8-ХИКМЕТ. Кімдер үшін келді расул?

Құдай – Нұры, Алла досы, ол – Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?
Хақ мақтауы, Көк жаттауы, ол – Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул – білдіңіз бе?

9-ХИКМЕТ. Һу Алқасы

Һу алқасы құрылды,
Ей, дәруіштер, келіңдер.
Хақ сыпырасы* жайылды,
Одан үлес теріңдер.

10-ХИКМЕТ. Хай Зікірі

Хақ жаратқан – Бір Алланың жанабына ұш,
Лағин шайтан жолдарынан қайтың, достар.
Ықыласпен махаббаттың шарабын іш,
Жан-жүрекпен Хай* Зікірін айтың, достар.